Бейтаныс қыз (әңгіме)

Уақыты: 01.04.2018
Оқылды: 1487
Бөлім: РУХАНИЯТ
Жаз мезгілі. Қапырық ыстық күндіз көлеңке іздетіп, түнде ұйқы ұрлайды. 
Салқындық аңсатып, жайлауға жетелейді. Табиғаттың жылдағы әдетіне жұмырбасты пендеден бастап, аң-құс, құрт-құмырсқаға дейін көндіккен. Күн ұясынан шықпай ерте тұру керектігін ұғынған Сымбат қанша ұйықтағысы келгенімен, ары аунап, бері аунап, дөңбекшіп біразға дейін көз ілмеді. Елдің балаларына ұқсап әлі күнге дейін айызы қанғанша демалған емес, әке-шешесі, ағаларына еріп, жаз шықса болды жалданып, жуа мен қызылша түптеуге, шөбін жұлуға аттанады. Тапқан табысы дәм-тұзын айырып, отбасының жыртығын жамауға жарайды. Ол да болса қолғабыс. Ұстаздарының күн сайын айтатын «ата-ана алдындағы борышыңды ақтау» туралы ақылынан ойға түйгендігі. Әйтпесе, баяғыда-ақ байбалам салып, әлдеқашан ауылға, тау етегіндегі ата-апасының қасына барып, небір жұмсақ, тәттілерге қарық болар еді. Ұл болып туғандығына да өкінеді кейде. Бірақ қыз болса да тыныш жатқызбайтын сыңайлы, нәпақа табу барлығына бірдей артылған міндет. Ешкім да аянып қалмайды.
Олар жалданып жұмыс істейтін кісі дәулетті, қымбат көлік тізгіндеген кәріс ұлтының орыс тілді өкілі. Оның жүріс-тұрысы мен киім киісі мұндағыларға ертегіше елестеп, орындалмас армандай сағымданады. Қабақтары қатулы болғаннан ба, әйтеуір, жұмысшылар асты-үстіне түсіп, әбден әбігерленеді. Онысы көзіне ілігіп, еңбекақыны артығымен бере ме деген дәмесі. Ауылдың ана басы мен мына басында тұратын еңбекке жарайды-ау дегендердің барлығы күн сайын алқапқа асығады. «Жандарын қинағанша неге өздері де шаруамен айналыспайды?», «Қашанғы осылай жүреді?» деген сауалдар Сымбаттың ойынан кетпей, маса сынды құлағында ызыңдап тұрып алды. «Мектепті бітіріп, үлкен кісі болайын, сосын көрсетемін сендерге» дегендей, жаңағы қарындының орнына өзін қойып, қара джип көлігіне отырып алып, ішкісі келгенін ішіп, жегісін келгенін жеп жатқан көрініспен ұйқыға кетті ақыры. Өңінде шымшыған жайт, түсінде түрткілеп, тәтті қиялдарға жетелейді. Әбден қыдырып, шаршап келіп, хан сарайындай үйдің өзіне арналған жатын бөлмесінде ұйықтап жатқанға ұқсайды. Қызметшілеріне таңғы асты әзірлеткен анасы маңдайын сипап, «Тұра ғой, құлыным, шай ішейік!» деп оятып жатыр. Анасының әсем үні жақындай түсіп, құлағының түбінен шықты. 
– Тұр енді, кешіксек жұмыстан қаламыз, – деп қайталап айтып жатыр. – Шай суып қалды деймін, ұйқыдан опа таппайсың, бола ғой.
– Түүй, мама, аз ұйықтайыншы, – деген Сымбат көрпесін ашып тастаған соң барып, жаңағылардың барлығы түс екендігін біліп, көңілсізденді. Бекер ояндым деген өкінішпен амалсыздан төсегінен тұрып, жұмысқа қамданды.
Түскі тамағы мен киім-кешегі салынған дорбасын асынып, көрші-қолаңмен бірге автобус күтті. Әне-міне дегенше бірде жөтелген қойдың, бірде қыңсылаған иттің үніне ұқсас көк автобус салдыр-гүлдір етіп келді. Барлығын бірден ішіне жұтып алды да жолды шаңдатып, тартып кетті. Автобусқа енген бойда Сымбат төргі жақтаға әдеміше келген, қара көзді, бұрым шашты, ши ерінді қыздың өзіне қарап отырғанын бірден байқады. Ұзақ телміруге дәті шыдамай, көзін алып қаша берді. Қыздың жанары әлі де болса сол қалпы. «Маған емес, мүмкін басқа біреуге қарап тұрған шығар» деп айналасын байыптап еді, көз тоқтатар ешкімді байқамады. «Осы жолы таныспасаң, Сымбат деген атың өшсін» деп өзін қамшылап қояды. Күн ұясынан шығам дегенше бұлар межелеген жерге жетті. Автобустан түскен Сымбат жан-жағына зерделеп қараса, басқа ауылдан жиналған қауым қызу жұмысқа кірісіп те кетіпті. Түбі көрінбейтін алқаптан шыққан жуаның иісі алқымыңды алады. Жалқауланған Сымбат басында тартыншақтап еді, күн ысыған соң жұмыстың өнбейтінін ескеріп, білегін сыбанды. Таңғы салқынмен арамшөптің сазайын тарттырмақ. Оның үстіне жолдастарынан қалып қоймайын деп намысқа тырысты. 
– Ананы қараңдар, қандай әдемі қыз!, – деген үн дауыс жетер жерге дейінгі ұлдардың барлығын індерінен шығып, шошайып-шошайып тұра қалған сарышұнақтай сыңай танытуға еріксіз мәжбүрледі. 
– Не болды, сонша қыз көрмей жүргендей!, – деген қыздың даусы әрі ренжіп, әрі еркелей шықты. Ол автобустағы қыздың құрбысы болатын. Сымбат сонда ғана өзіне тесіліп қараған керімнің дәл қасында екендігін бір-ақ білді.
Ал жалқауланып көр, қалып қалсаң ұяттың көкесін көресің. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» деген осы. Дәл қасыңдағы қызбен таныспау мүмкін емес. Қолы тынымсыз шөп жұлып жатса, санасы басқа жақта. Қыз да ширақ қимылдайды екен, оңай қалмайтын сыңайлы. Сымбат арамшөппен және өз-өзімен арпалысып жатқанда «Перекур» деген дауыс шықты. Ұтымды сәтті пайдаланып, қызға қарады да:
– Сәлем!, – деп әзер айтты. Сол сөзді аузынан біреу қинап шығарғандай қызарып, кірерге тесік таппай қалды. Үміт пен күдік аралас жалтақтап еді, көршіден ешқандай жауап естімеді. Үзілістен соң, барлық өшін арамшөптен алмақшы болып, жұлғылайды келіп. Артына қарамай алқаптың басына елден бұрын шығып алды. Малмандай терге әбден малынған. Оған қарамай қызға көмектеспекші болып, келген жолымен қыздың шөбін жұлып, төмен түсті. Түскі ас уақыты жеткенше қыздың алдынан шығып үлгерді. Есіл-дертін аулаған қыздың ерні «Рахмет» деуге де жарамай, өз жөніне кете барды.
Сымбаттың жегенін желкесінен шығарардай қарынды кәріс боқтыққа баса жөнелді. Сөйтсе, шөп таза жұлынбаған. Қайтып жұлмаса ақшадан қағылады. Амалдың жоғынан сол жолымен қайта жүріп өтті. Жаңа жолды бастаймын дегенше, ел-жұрт тамақтанып болып, еншісіндегі жұмыстарына кірісті. 
Сымбаттың жолдастары қанша таныспақ болып еді, қыз оларға да мән бермей, қасындағы құрбыларымен әңгімелесіп жүре берді.
Тағы сөз естімеуге бекінген Сымбат жұмысын тиянақты істеді. Осы жолы да елдің алдына түсіп, қызға тағы көмек көрсетті. Қырсықтығы ма, жоқ әлде көрсеткен қылығы ма, қыз есімін де, аман-саулығын да айтпады. Жігіт жегері құм болып, айдалада адасқан мүсәпірдей сезінді өзін. Әбден қалжырап, шаршағанын кеш батып, еңбекақысын алған кезде барып бір-ақ білді. Көк автобус келген бойда ең артқы жағына тұрақтады. Қыз болса алдыңғы жақтағы ұстағышқа сүйеніп тұр. Сымбат қалай ұйықтап кеткенін өзі білмейді. Шаршаған адам тұрып та ұйықтай береді екен-ау. Өз ауылына таяғанда қасындағылар түртпектеп «бол-болға» салды. Есі кіресілі-шығасылы ұйқысын аша алмай, адамдарды қағып-соғып алдыңғы есікке ұмтылды. Ойда-жоқта қыз сүйенген тіреуішті ұстамақшы еді, қолына жұмсақ бірдеңе байқалып, түсінбей қалды. Бетіне тиген шапалақтан кейін барып қыздың төсіндегі қолын жұлып алды. Қызара бөртіп, автобустан асыға түскен соң достары біразға дейін күлкілерін тыя алмай, жол бойы соны әңгіме етті. Үйге келген Сымбаттың тамағынан ас өтпей, өз-өзінен қысылды. Ертеңгі күнін ойлады. Қыздың бетіне қалай қарайтынын салмақтап, ұйқысы қашты, шаршағаны ұмытылды. 
Енді ол түсінде кешегідей қымбат көлік мініп, зәулім үйде тұрған жоқ. Есесіне беймәлім қызбен қолтықтасып, серуендеді. Ал таң атқан соң, қалталы кәріс оны қала ортасындағы үш қабатты үйіндегі құрылыс жұмысына алып баратыны үш ұйықтаса да түсінде көрмейтін еді....
 
Мәулен Әнербай