Жыл басы жайлы ертегі

Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 3205
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бикен Римова атындағы облыстық драма театры  Ұлыс күнінде ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, бүлдіршіндерге арнап жаңа қойылым қойды. 

Наурыздың Ұлыстың ұлы күні деп аталуының себебін және «Жыл атауы неге жануарлардың атымен аталады?», «Жыл басы неге тышқан?» деген сұрақтың жауабын өскелең ұрпақтың білгісі келетіні рас. Осы ретте аталмыш өнер ордасы Еркебұлан Қабылдың «Наурыз –  жыл басы» атты ертегісін сахналап, көрермендерді тамсандырды. Премьера бастала салысымен-ақ облыстық драма театрының әртістері әр рөлді асқан шеберлікпен ойнап, бүлдіршіндерді бірден баурап әкетті. Балаларға ұғынықты әрі көркем сахна тілімен кестеленген туындыда әр жануардың адамға қандай пайдасы бар екенін және оларды қалай шақыру керектігін үйретті. Тіпті, балдырғандар да қызыққа толы ертегіде білгендерін айтып қосылып отырды. Қойылымда бойына сенем деп түйенің жыл басынан құр қалуы ғана емес, қазақ даласына әз Наурыз қалай келгендігі айтылып, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ойынымызды жаңғыртты. Сонымен қатар наурызда өкпе, реніштің барлығын ұмыту керектігін, бұл ай татулықтың мерекесі екенін ұғындырды. 
Жыл басы болғысы келген түлкі аңдардың барлығын алдап, араздастырмақшы болады. Бірақ жануарлар мен аңдар наурыз айы татулық пен бірлік айы екенін айтады. Наурыз айында ренжіскен жандарды тату болуға шақырады. Самарқанның көк тасы жібіген күнде түлкінің де қателігін кешіреді. Иә, ертегі бүлдіршіндерге арналғанымен татулықтың мерекесінде өкпе-ренішімізді тарқатып, салт-дәстүрімізді барша қазақ жұрты ұлықтауы керек.  
Осы туындыда Қыдыр атаның рөлін сомдаған Дастан Пышанов, Наурызқыз болып ойнаған Әсем Жетпісова, Фариза Рысбекқызы сынды жас әртістер өзіне берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, сәтті ойнады. Жиын соңында Наурыз – күн мен түн теңелетін қазақтың Жаңа жылы екені айтылды. Бір сағатқа созылған премьераны бастан-аяқ тамашалаған ата-аналар бас суретші, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Қарлығаш Шалабаева, қойылым бөлімінің меңгерушісі Шағантай Әлсеитовқа және барлық осы туындыны шығаруға атсалысқан жандардың еңбегін атап өтті. Рөлдерді сомдаған әрбір орындаушыларға алғысын жаудырды. Оған қоса, мерекеге орай қойылған қойылым жыл сайын дәстүрлі түрде қойылып, көрермен назарына ұсынылып тұрса деген тілектер айтты. Бүлдіршіндер де қойылымнан ерекше әсер алып қуанышпен тарқасты.

Айдар ҚАЛИЕВ