Театр күні аталды

Уақыты: 01.04.2018
Оқылды: 1667
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тымырсық күнде жауын көксеген қасиетті жердей кей-кейде рухани шөліркеп, оған дауа болар дүние іздерің хақ. Адам жаратылысындағы бұл сезім-сипатқа, ынтызарлық дертіне әрқашан театрдай киелі өнер дәру болып келеді. Сондықтан да бекзат өнер иелеріне елдің құрметі бөлек, пейілі арда. Мәселен, жылына бір келетін  Халықаралық театр күні мерекесі былтырдан бері облыста ерекше сипатта айрықша аталып өтілуде. «Көктем шуағы» деген атпен өтетін ғажайып кеш биыл да заңды жалғасын тауып, Б. Римова атындағы драма театрында шуақты көктемнің салтанатты мерекесі екінші мәрте ұйымдастырылды.

Өнер ордасының самаладай жарқыраған шамдары зеңгірдей зерленіп, қазақы нақышпен әбзелденгендей әдемі фойеге жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Олар асыл өнердің арда көңіл көрермендері. Ал ұлттық киім киіп, наурызек гүліндей ажарланған Бикен Римова театрының әртістері мен өңіріміздегі Халық театры атауына ие болған өнер ошақтары мен балауса қанатын руханият зәуінде жаңа-жаңа қаға бастаған жас театрлар да қуанышқа жиналғандардың назарын бірден аударған. Олар әуелі облыс әкімдігінен келген өнер жанашырларын қошеметпен қарсы алып, өз театрларының тарихы, тыныс-тіршілігі, жетістігімен таныс етті. Бірі әуелете ән салса, Оқушылар сарайының жанынан құрылған «Жас актер» театр үйірмесі мен «Айналайын» балалар үйінің жанынан құрылған «Пана» театрының балдырған әртістері рухты жанитын, намыстың шоғын маздататын жырларды селдетіп, көрерменнің көңілін көкжиекпен астастырғандай болды.
Салтанатты шараның әлқиссасын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтау сөзімен бастады. Ол:
– Бүгінгі мереке баршамыз үшін ерекше. Театр өнерін Ғабит Мүсіреповтен артық айта алмаймыз. Ол «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр» деген теңеу берген. Жалпы театрды әркім әртүрлі айтады. Бүгінгі жаһандану заманында, технология дамып, кейбір құндылықтар өзінің күшін жойып жатқан кезде театр өнері әркімнің жүрегінде сақталып, мәдениеттің ошағы болып қалған. Мұның өзі бекзат өнердің қай заманда болмасын өзекті әрі халық сұранысында екендігін танытады, – дей келе театр өнерін дамыту үшін жасалынып жатқан игі істерге тоқталып, ағымдағы жылдың қыркүйек айында жаңа театрдың пайдалануға берілетіндігін де жайдарман жаңалық ретінде алға тартты. Сонымен қатар, оның халықаралық фестиваль ұйымдастыру арқылы жоғары деңгейде ашылатындығын жеткізді. Жақсылық Мұқашұлы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен облыстық театр актерлері Абай Нұғманов пен Аян Қожбанованы, Алғыс хатпен Біржан Шошабаев және Жанбол Файзиевті марапаттады. 
Өз кезегінде сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсенбінов облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен Сандуғаш Мұңайтпасова, Роза Қапашева, Жасұлан Заманбеков пен Ерлік Қалбиекті марапаттаса, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев аталмыш басқарманың Алғыс хатын облыстық театрдың бас есепшісі Нұргүл Кемербаева мен театр қызметкері Мөлдір Диханбаеваға табыс етті. Сонымен қатар, «Айналайын» балалар үйі жанынан құрылған «Пана», І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Жас түлек», Оқушылар сарайы жанынан құрылған «Жас актер» театрлары Мәдениет басқармасының Алғыс хатына ие болды.
Марапаттау салтанатынан кейін көзі қарақты көрермен «Өнегелі өнер ордасы» атты деректі фильмін көріп, облыстық драма театрының әр жылдары жеткен жетістігі мен руханиятқа қосылған премьералар жөнінде кеңінен хабардар болса, келесі кезекті театр актерлерінің сахналауында «Өнердің шамшырағы» атты театрландырылған көріністі тамашалады.
Осы орайда айта кетерлігі, өңірімізде өткен «Көктем шуағы ІІ» мерекелік кешімен қатар Астана қаласында орын алған “Сахнагер” ұлттық театр сыйлығы лауреаттарын марапаттау рәсімінде Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының актері Еркебұлан Айдынбаев «Үміт» номинациясы бойынша марапатталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ