Алла Пугачеваның "әлегі" немесе "Жетісу" газетінің редакциясында өткен жастық кезімізден естеліктер

Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 1508
Бөлім: РУХАНИЯТ

“Жетісу” газетінің табалдырығын 1969 жылы мамыр айында тура  20 жасымда аттаппын. Ол кезде редакция Алматы қаласындағы Совет көшесі, 50-үйдің үшінші қабатына орналасқан. Редакторы Әбдуәли Қарағұлов. Алпысты алқымдап қалған кезі екен. Ол кісінің алдына кіру біз үшін республика басшысы Қонаевтың алдына кірумен бірдей. Анадайдан көрінгеннен зым-зия қашып жоғаламыз. Қашатын мүмкіндік болмаса ұстаз алдындағы шәкірттей баскиімімізді алып, өткенше тосып тұрамыз. Жан-жаққа мойын бұрмайды, түп-түзу қалпы ерні қыбырлап, берген сәлемімізді алады да өте береді.

Курьермін. Қазақша айтқанда – шабарман. Курьердің өзі екеу. Бірі таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін. Кешке қарай түнгі шабарман істейді. Күндізгі шабарман – ақын болсам деп армандап жүрген, менің сыныптас досым Рахымжан Өтегенов. Мен келген соң бір айдан кейін ол секретариатқа макетші болып ауысты. Мен түнгі шабарман едім, енді оның күндізгі шабармандық «қызметі» маған бұйырды. Менің орныма кешкі шабармандыққа сыптығырдай қағілез Жақыпжан Нұрғожаев келді. Тез танысып, бірінші қабаттағы асханаға кешкі тамаққа бірге барып, араласып-құраласып кеттік. Әрі екеуміз де КазГУ-дің журфагінде сырттай оқитын курстас болып шықтық. Жақыпжан бізден бірер жас үлкен, Ленинградта әскери борышын өтеген, Кеген аудандық радиосында жұмыс істеген, өмір көрген.  Мен де Шелек жақта шопанның көмекшісі, кейін Қаратұрық сегізжылдық мектебінде екі жыл тәрбиеші-мұғалім болып істегенім бар. Күндізгі шабарманның жалақысы айына 60 сом да, кешкі шабармандыкі 30 сом. Жақыпжанға қалжыңдап қоям: «Менің орынбасарым болдың» деп.
Сол курьерлік қызметте жүргенде болған бір «курьезный» жағдай еске түседі. Бірде редактордың орынбасары Жәнәбіл Темірбеков шақырып алды да, «есіктің алдында «АТГ» нөмірлі «Волга» тұр, Коммунистік проспекті мен Киров көшесінің (қазіргі Абылай хан мен Бөгенбай батыр көшесінің) қиылысында пәленінші үйде пәленінші нөмірлі Әбекеңнің (Әбдуәли Қарағұловтың) пәтері бар, мына конверттегі жалақысын сол кісінің бәйбішесіне жеткізіп бер!» – деді. Қыстың кезі болатын. Дереу курткамды жүре киіп, айтқан көлігіне отырып, аталған пәтерді тауып алдым да, есік қоңырауының түймесін бастым. Есік дереу ашылды. Амандасып болып:
– Бұл Қарағұловтың пәтері ме? – деймін. Апай:
– Иә, – деді. Мен конвертті алу үшін қолымды қойынға тығып жібердім. Сипақтап таба алсамшы. Апай өңі бұзылып, «Ай!» деп қорқып кері шегінгенде мен де конвертті суырып алып дереу ұсындым.
– А, а-а?!
– Апай, сау болыңыз! – деп конвертті қолына ұстатып, тайып тұрдым.
Редакцияға қайтып келсем, Жәнәбіл аға шақырады. 
– Өй, жаңа Әбекеңнің үйіндегі жеңгейді әбден шошытыпсың ғой.
– Жоқ, ағай, конвертті бердім де қайттым ғой! –деймін. 
– Қолыңды қойныңа тыққанда ол кісі тапанша суырайын деп  жатыр екен деп қатты қорқып кетіпті. Әлгінде телефон шалып: «жаңа келген балаң жүрегімді ұшырды!” – деді, – үлкендерге барғанда байқа, Марат! – деп ескертті. Сөйтсем, баламыз ғой, апайға Әбекең істейтін «Жетісу» газетінен келгенімді айтып жөн-жосығымды білдірудің орнына бірден конвертті бермек болғам ғой. Ол кісі мені бұрын көрмеген, танымайды. Өзім түсіндіріп айтпаған соң қайдан білсін?! Шошып кеткен!
Кейін газет секретариатында істеп жүргенде ол үйге де, кейін қоныс аударған К. Маркс (бүгінде Қонаев) көшесіндегі пәтерлеріне түнделетіп, тіпті таңға жуық талай бардық. Өйткені, Әбекең газеттің әрбір санын, әрбір бетін өзі қарап, өзі қол қойып беретін. Түрлі ресми материалдардың көптігінен әрі орыс тілінен аударылатындығынан газет күн сайын кешігеді. Түнгі 11-де бітіру – біз үшін үлкен қуаныш. Беттер редакторға корректорлық түзетулер түсіріліп, тазарған кезде  апарылады. Сондықтан таңғы үш, төрт, бес деген біз үшін үйреншікті уақыт. Беттер қаралып қол қойғанға дейін нөмірдің кезекші редакторы телефон құлағында отырады. Әбекеңнің жуандығы бармақтай, ұзын қызыл қарындашы болушы еді. Біздей ұшы бетке жақындай бергенде қылпылдай бастаймыз. Өйткені, не қасиеті бар екенін кім білсін, Әбекеңнің қызыл қарындашының тиген жерінен қате шығатын. «Ойпырым-ай, бәріміз қарап жүріп мына қатені қалай байқамағанбыз!» деп таңдай қағып жатушы едік. Сөйтсек, жарықтық қай бетте қандай материалға назар аудару қажеттігін сезіп тұрады екен ғой. «Табылған қателер түзетілді» дегенде қол қойып беретін. Жеңгейдің қолынан шай да іштік талай. Ол кісі, айтпақшы, кәдімгі Олжас Сүлейменовтың шешесі болатын. Кейде үйлеріне кіргенде залда аяғын шешпестен  газет-журнал үстеліне қойып, креслода шалқасынан кітап оқып жатқан Олжасты да көруші едік. Бірақ әкесін қатты сыйлайтын.
Секретариат деген – қайнап тұрған қазан. Кей журналистер оны әскери штабпен салыстыратын. Секретариатты жауапты хатшы басқарады. Бұрынғы жауапты хатшы Бекбосынов басқа қызметке ауысыпты да, орнына ешкім бекітілмей, Ғизат Сәдірмеков деген кегендік журналист ағамыз уақытша міндетін атқарушы болып жүріпті. Кейін бұл қызметті Баймолда Мусин, Марат Тұрапов, Шекербек Садыханов, Жұмаш Арғынбаев  сияқты ағаларымыз бірінен кейін бірі атқарғаны есте.
Шабарман болудың да өз қызығы бар. Қалтамызда «Жетісу» газетінің шабарманы» деген куәлік пен автобустың «проезднойы». Әлемдегі ең жоғары қызметте жүрген тәріздіміз, кеудеміз көріктей. Фурманов пен Комсомол (бүгінде Төле би) көшелерінің қиылысындағы аялдамадан 18 автобусқа отырып Көкбазарға  тартамыз. Кейде қапелімде автобус кешіксе жаяу заулаймыз. Баратын жеріміз – Көкбазардың қарама-қарсысындағы Қазақстан КП ОК баспасы (кейін «Дәуір» аталды ғой). «Жетісу» газетінің беттері қатталатын, жасалатын теру-беттеу цехы үшінші қабатта. Ол кезде бет қаттау қорғасын гранкалар арқылы жасалатын. Редакциядан өкпемізді қолымызға алып жеткізген материалды Станислав Набоков деген газеттің техникалық редакторының қолына ұстатамыз. Ол материалдың қандай шрифт, қандай кегельмен терілетінін көрсетіп, терімшілерге береді. Қорғасын линотип машинасымен жұмыс істейтін терімші әйелдер қатаң, әсіресе Аза деген татар әйел тіксініп, маңайына адам жуытпайды. Сөйтіп, шапқылаумен, баспахананың қорғасын ауасын жұтумен уақыт өтіп жатты.
Адамды орта тәрбиелейді деген рас екен. Жаңа орта, зиялы қауым, журналистер ортасы қатты қызықтырды. Өзіміз де талпынып, хабар-ошар жазып қоямыз. Бос уақытымызда секретариаттағы нөмір жүргізіп жатқан Жолдасхан Бозымбеков, Рахымжан досымызға көмектесіп, сурет іріктейміз, оларға мәтін дайындаймыз. Редакциядағы Бекболат Әдетов, Тәуірбек Сұртаев, Күлиман Жүнісова, Қожан Есжанов, Нүкеш Бәдіғұлов, Оразхан Көкебаев, Мұғалімбай Жылқайдаров, Тасемен Жүсіпов, Қастек Баянбаев, Марат Тұрапов, Есләм Зікібаев сияқты аға-апаларымыздың өтініштерін орындаймыз, апар дегенін апарып беріп, әкел дегенін әкеліп береміз. Сарбас Ақтаев жетпісінші жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» газетіне бас редактордың орынбасары болып ауысты да орнына Ермұқанбет Абрахманов деген кісі келді. Олар редактордың орынбасарлары болғанымен бізге қолбасшы Жуковтан кем емес еді. Тіл алғыштық, қағылездік біздің редакцияға сіңісуімізге сеп болды.
Редакцияға жаңа қызметке тұрған кезімде жас жігіттердің шашын ұзын етіп өсіретін әдеті енді ғана пайда болған. Менің де шашым ұзын, желкеме түсіп, мойнымды жауып тұратын. Ұзын шаштың өзіме онша жараспайтынын да сезетінмін. Бірақ мода деген қоя ма? Жұрттан қалмай ілескің келеді. Ауылдан өзімізше тар балақ шалбар киіп қалалықтарға ұқсағымыз келіп, «стиляга» болып жеткен кезіміз. Ол кезде газеттің хабар бөлімінде Бикен Шанабаева деген журналист әйел  істейтін. Өзі жұрттан жасырып шылым шегетін еді. Сол әйел бір күні: «Әй, Марат, мынау шашың не? Ақшаң жоқ болса мен берейін. Шашыңды алдырт!» дегені. Ұялып қалдым. «Жарайды, апай, алдыртам» деп қоям. Есектен құлағанына ішек-сілесі қатқан балаларға Қожекең: «неменеге күлесіңдер, өзім де түсейін деп жатқанмын» дегеніндей, өзім де алдыртпақ болып жүрген мен сол күннің ертесіне шаштаразға барып шашымды қидырттым. Бикен апай қатты риза болып қалды: «Ой, айналайын, құлақ асқаныңа рахмет! Жас балалардың тілалғыш болғаны қандай жақсы!» деп жатты. Жұрттан алғыс естіген сайын марқайып қаламыз. Бірақ марқұм арада бес-алты ай өткен соң, 1970 жылы ақпан айында пәтерінде сигареттен түскен шоқтан төсегі өртеніп, үстінде жасанды талшықтан жасалған киімдері жанып, сол күйіктен екі апта жатып қайтыс болды. Артында бірі 21-де, екіншісі 19-да екі ұлы қалды деп жатты білетіндер.
Тағы бірде күні бойы жүгіре-жүгіре кешке шаршап ескі редакция дәлізінде аяғымды әзер алып келе жатсам қарсы алдымнан Тасемен Жүсіпов ағамыз шықты. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, тым ертеректе «Жетісу» газетінде редактор да болған кісі дейді. Кірпияздау жан еді. Маған қарап тұрды бөлмесіне кіріп кетті. Ертесіне редакцияның жалпы жиналысы өтіп жатқан, соңына таман Тасемен ағай сөз алды да жастарды кеп сынасын: «Біздің жастарымыз сондай жайбасар, «редакцияда қара жер қарсы алдымда неге қарс айырылып кетпейсің!» дегендей алшаң басып жүреді» деп періп тұр. Атымды атамаса да мені айтып тұрғанын бірден түсіндім. Терлеп, қысылып кеттім. Содан қандай шаршап келе жатсам да күндіз-түн екендігіне қарамастан редакция дәлізінде құстай ұшып жүретін болдым. Қазір қарап отырсам, соның бәрі тәрбие екен ғой.
1970 жылы сәуір айының аяғында Көкбазардың жанындағы тоғыз қабатты Редакциялар үйі пайдалануға берілді де қаланың әр қиырында шашылып жатқан газет-журнал редакциялары сол ғимаратқа көшірілді. «Социалистік Қазақстан» 3-қабатқа, «Казправда» 4-қабатқа, Алматы облыстық «Жетісу» және орыс тілінде шығатын «Огни Алатау» газеттері 6-қабатқа жайғасты.
Жай кезде онша білінбейді ғой. Алайда біреу жұмысқа келіп, біреу басқа жаққа ауысып кадр қозғалысы тынбайды екен ғой. Біртіндеп «Жетісу» газетіне Кеңшілік Мырзабеков, Уәлихан Қалижан, Әскер Исақов, Қаржаубай Омаров келді. Олардың артын ала жетпісінші жылдардың ортасында Рысбек Сәрсенбаев, Молдахан Мұқатаев, аяғына таман Марат Әбдіхалықов, Сейдолла Садықов, Гүлсан Сағымбекова, Мейрамбек Төлепбергенов сияқты іні-қарындастарымыз редакция табалдырығын аттады. Әр дүйсенбіде өтетін «ілездеме» жиналыстарымыз да өзінше қызық еді. Әрі ол жас журналистердің шыңдалуы жолында өзіндік бір мектеп сияқты болатын. Сол бір тұста «Жетісу» газетінің әр апта сайын шығатын «Күншуақ» деген сенбілік беті болды. Оны қызықты етіп шығару үшін секретариаттағы Рысбек Сәрсенбаев, Рахымжан Өтегенов, Әскер Исақов және мені қосқандағы жігіттердің арасында шынайы шығармашылық бәсеке жүріп жататын. Бірімізден біріміз асып түсуге тырысатынбыз. Шындаса сол кездегі замандастарымыздың әрқайсысы туралы жеке-жеке дүниелер жазуға болар еді.
Осы басылымның қабырғасында жүріп пістік, ұшталдық. Редакцияның жолдамасымен Ресейдің 22 қаласын араладым, Мәскеудегі «Правда», «Известия», Ленинградтың «Ленинградская правда» газеттерінің редакцияларында болдым, тәжірибелерін үйрендім. Бұл ол кезең үшін үлкен жетістік саналатын. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында болдым. Сол жерде ең алғашқы жанкүйері болып Серік Қонақбаевтың қолтаңбасын алдым. Финалдық футбол кездесуінен телефон арқылы репортаж бергенім де есте. Швецияға, Чехословакияға барып алғаш рет шетелдік сапарларға шықтым. Дүниеге жаңаша көзқараспен қарауды үйрендік. Сөйтіп  «Жетісу» газеті біздерді журналист ретінде қалыптастырды. Жанталасып жүріп жүздеген тапсырмалар орындадық. Өзіміз де өстік, өзгелерге қарап ой да түзедік, бой да түзедік. Журналистік жолымда Алматыға келген Олег Табаков, Валентина Толкунова, Эдита Пьеха сияқты кеңестік әйгілі өнер шеберлерінен сұхбаттар алған екенмін. Солардың ішінде Алла Пугачевамен кездесу мәңгі есімде қалды. Енді сол оқиғамен бөлісейін.
1980 жылы сәуір айының басында Алматыға гастрольдік сапармен Алла Пугачева келді. Журналистік қағілездік жетелеп содан интервью алмаймын ба?! «Қазақстан» қонақүйінің, ұмытпасам,      11 қабатында екен. Алдында концерт тобының жетекшісімен сөйлесіп алғам. Әнші бөлмесінде үстел басында тосып отыр екен, «Вечерняя Алма-Ата» газетінен тағы бір журналист келмек көрінеді. Ол кешіккен соң әңгімемізді бастай, бердік. Сұрақтарымды қойып, жауаптарын қолма қол қойын дәптеріме түсіріп жатырмын. Жарты сағаттай отырдық. Екеуміз түйдей құрдас екенбіз. Кетерде үстел үстінен бір суретін алып, атымды сұрады да сыртына «Маратику от Аллы Пугачевой» деп жазып қолыма ұстатты. Төбем көкке жеткендей қуандым. Қуанбай ше? Ол кезде Кеңес елінде анекдот жүретін: «Кто такой Брежнев? Брежнев это маленький политик во время великой певицы Аллы Пугачевой!» деген. Брежнев ол кезде түкірігі жерге түспейтін лауазымда – Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы. Ал анекдотқа қарамайсыз ба? Алла Пугачеваны Брежневтен де жоғары қойып тұр ғой. Лифтімен төмен түсіп, сыртқа шығып келе жатсам «Вечерканың» тілшісі жүгіріп келеді екен. Аты-жөнін ұмытыппын. Көрді де менің Алла Борисовнадан сұхбат алып шыққанымды түсінді. «Менің кешігіп жеткенім осы», – деді алқынған қалпы. «Біз сізді күттік» – деймін ақталып. Ол жүгіре лифт жаққа бет алды.
Редакцияға келген соң отыра қалып, деректерді жүйелеп, екі жүз жол көлемінде материал жазып нөмірге ұсындым. Материалдың соңына әдеттегідей әншінің қаламыз туралы «Алматы керемет екен, өте ұнады» деген тәрізді «кезекші» лебіздерін қосып қойдым. Нөмір дегенім – газеттің ертең таңертең жарық көретін саны. Ол кезде «Жетісу» газетінің редакторы Пернебек Бейсенов. Университетте Балғабек Қыдырбекұлымен қатар оқыған, журналистігі мен суретшілігі қосөрім кісі еді. Газетте істегеніме он жылдан асып қалған, редакцияда өзімді судағы балықтай сезінетін кезім. Жауапты хатшының орынбасары болған соң бастыққа тікелей кіріп бара беремін. Материалды өзіне оқытып, қол қойдыртып алдым. Ертесіне Алла Пугачеваның Алматыға концерттік сапары жөнінде менің материалым жарқ етті. «Оперативті жаздың, молодец!» деп әріптестерім қолымды қысып кетеді.
Кешке «Вечеркада» «Звездная болезнь» деген сын материал шықсын. Сөйтсем маған «Қазақстан» қонақүйінде кезіккен тілші артынша 11-қабатқа көтеріліп, Алла Пугачева жатқан нөмірдің есігін қақпай ма? Әнші ішке баса-көктеп кірмек болған журналиске  ашуланып, интервью бермек түгілі орысша түк қоймай боқтап айдап шығыпты. Оған намыстанған журналист жаңағы мақаланы жазады. Арасында біреулер жақсы аттанып сол мақала шыққан газетті әншіге апарып бермей ме? Қызықтың көкесі сол күні кешке болады. Концерт өтіп жатқан Республика сарайының сахнасында Алла Пугачева «Какая то газетишка про меня написала борматушка» деп, «Вечерканың» әлгі санын ұсақтап жыртып лақтырып, үстінде билеп жүріп ән салыпты. Онымен Алла тоқтай қойсын ба. «Алматы мені нашар қарсы алды, ауа райы бұлттанып тұр. Бұл маған ұнамайды» деген тәрізді лағып, алдыңғы қатарда отырған партиялық номенклатураға тиіседі: «Что вы как на профсоюзном собрании сидите, радуйтесь, вы пришли на праздник, вы пришли на концерт Аллы Пугачевой!» деп. Жермен жексен болған облыс-қаланың партиялық басшылығы тісін қайрайды. Ертесіне үлкен жиын өтеді. Ол кезде Алматы қаласы облыстық партия комитетіне  бағынады. Екі басылым да «Жетісу» газеті мен қалалық «Вечерняя Алма-Ата» газеті партиялық орган. Бірінде Алла Пугачева мақталады да, екіншісінде датталады. Партиялық газеттердің ұстанымдары неге әртүрлі? Облыстық партия комитетінен редакторға қайта-қайта қоңырау түсіп жатыр. «Алла Пугачева туралы мақала жазған кім? Партия кадрларын сынаған әншіні неге бересіңдер? Партиялық газеттердің ұстанымдары неге әртүрлі?». Пернебек аға қоңыраулардан қорқып кабинетіне жоламай дәлізде жүр. Қайта-қайта секретариатқа кіріп: «Әй, Марат-ай, ана Алла-қаншық туралы неғып жазып едің?» дейді. Өйткені редакторды ай-шайға қаратпай жоғарыдан орнынан алып тастау оп-оңай. «Енді мені де жұмыстан қуатын шығар» деп өз уайымым өзімде мен жүрмін. Қорқатыным – әншінің аузына Алматыны мақтаған сөз салғандығым. Ол болса сахнадан Алматыны жамандаған.
Сөйтіп үш-төрт күн «ішкеніміз – ірің, жегеніміз – желім» болып кетті. Алла Пугачеваның Алматыдағы концерті сәуірдің 4,5,6-сына жоспарланған. Әнші концертін 11-не дейін создыртыпты.
Бізді құтқарған Қазақ теледидары болды. Сонда істейтін Мұрат Ерғалиев пен режиссер Александр Пономарев қысқа уақытта Алла туралы жарты сағаттық фильм түсіріп, эфирге шығарып үлгерді. Өз көзіммен көріп қалдым.  Медеу шатқалында серуендеп жүрген Алла Борисовна шынымен де сол жерде Алматы туралы өте жақсы жылы лебіздерін арнады. Арқамнан жүк түскендей «уһ» дедім. Дереу ертесіне Пернекеңе айттым. Обкомнан да тықсыру бәсеңдеген тәрізді. Редакторым қалпына түскен. Бірақ ойлап қоямын: «Партиялық газетті жыртып, үстінде таптап жүріп ән салғаны үшін әншіні сахнадан мәңгіге  қуатын шығар?» деп. Қайдан?! Қазақстан Компартиясы тұрмақ, Мәскеудегі Орталық Комитеттің өзі түк істей алмады. Шынайы өнердің партиялық күллі догмадан  биік тұратынын сонда алғаш сезіндім. Сөйтіп менің Алла Пугачевамен кездесуім редакторыммен қоса жұмыстан қуылуыма соқтыра жаздаған. Содан бүгінде теледидардан «Примадоннаны» көрсем есіме сол оқиға түседі.
Сөйткен біздер «Жетісу» газетінің қабырғасынан түлеп ұшып  өмірдің әр саласына қанат қақтық. «Халық Кеңесі», «Заң газеті», «Қазақстан-ZAMAN» газеттерінде, «Қазақстан-1» телеарнасында  басшылық қызметтер атқардық. Әлемнің 40-тан астам мемлекетін аралап, сан құрлықты шарладық. Ұлтымызға қызмет еттік. Бірақ сол уақыттың бәрінде «Жетісу» газеті жүрегіміздің бір түкпірінде асыл қазынамыздай сақталып келеді.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
республикалық қоғамдық-саяси 
«Президент және Халық» газетінің бас редакторы