Қоңырөлеңдегі қос қуаныш

Уақыты: 03.04.2018
Оқылды: 1668
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жақында Қоңырөлең ауылдық округінің жұртшылығы қос қуанышты тойлады. Оның бірі – Болгарияда самбодан өткен Әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан Ақжол Мырзағалиұлымен кездесу болса, екіншісі – Жетісудың қос АҚЫН қызы өлең-жырдың келісті керуенін түзеген Гүлбақыт Қасен мен Сағыныш Намазшамованың «Рухани жыр тамшылары» атты кеші.

Салтанатты іс-шараның шымылдығы Қожбанбет орта мектебі оқушыларының ақын әпкелеріне арнаған жүрекжарды өлеңдерімен бастау алды. Осыдан кейін Панфилов аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Шоқпаров сөз алып: «Құрметті жырсүйер ағайын, ақыны мен батырын құрметтеген қауым! Өңірімізде қос қуаныш тойлануда. Ақжол балаларыңыз Әлем чемпионы атанса, Жетісудың ақын қыздары Гүлбақыт Қасен және Сағыныш Намазшамова  қазақы нәр жатқан өлеңдерімен келді. Бұл жас ұрпаққа берері мол рухани қазына. Мәні мен маңызы зор бүгінгі қуаныш құтты болсын. Ақыны мен батырын аялаған ел әрқашан биіктерден көрінеді», – деп ақжарма тілегін ақтарды.
Қоңырөлең ауылдық округінің әкімі Ерлан Далабаев: «Біздің ауылымызға елінің ыстығына күйіп, суығына тоңатын, халықтың сөзін сөйлеп, мұқым елдің мұңын жоқтаған ақын қыздарымыз келді. Бүгін айнала ақ түске оранып ақ мамық қар жауып тұр. Бұл ақын қыздарымыздың аппақ кіршіксіз көңілі деп білеміз. Тарихта ақындар мен батырлар қалған. Бүгінгі батырларымыздың ұрпағы Ақжол ұлымыз бен қос ақын қызымыздың келген қадамына нұр жаусын!» – деді. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Исламғали Піскембаев жылы лебізін білдірді. 
Рухани шара барысында Гүлбақыт Қасен: «Менің туған жерім Жаркент өңірі. Адам баласын кіндік қаны тамған жер тартып тұрады екен. Осы орайда туып-өскен жеріме ата-әжелеріміздің батасын алайын деп поэзия атты жыр керуенімен жазиралы Жаркент жеріне өнердегі қос қанатым, Жетісудың маңдайалды ақындарының бірі – Фариза апамыздан бата алған Сағыныш қыздарыңызбен келдім. Біздің осы дәрежеге көтерілгеніміз сіздердің ақ баталарыңыздың арқасы» – дей келе ақжаулықты аналар мен ақсақалды аталарға, Рухани жаңғыруға үлес қосып жатқан азаматтарға облыстық әкімдіктің атынан Алғыс хат табыстады. Кеште «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдеби рухани жоба таныстырылды. Бес кезеңнен тұратын жобада оқушылар ауыз әдебиетін, жыраулар поэзиясын және Жаркент өңірінен шыққан қаламгерлердің шығармаларын жатқа оқуы тиіс. Оқушылардың өздері жазған әңгіме-эссе, өлеңдері де қабылданады. Жеңімпаз атанған 20 оқушыға 5 мың теңгеден степендия беріледі. 
Иә, елінің жүрегіне сыршыл өлеңдерін дарыта білген ақын қыздарымыздың арманы – болашақ жастардың бойына төл тарихымызды сіңіру, дарынды балалардың шығармашылық өрлеуіне үлес қосу, кәсіби деңгейде өсуіне қолдау көрсету.
Бұл бастаманы Қоңырөлең жұртшылығы қолдап, алғысын жаудырды. Тағылымды шарада қос ақынның иығына зерлі камзол мен орамал жабылды.  Кеш соңында болашақ ұрпақ өлең-жыр жаттап өссін деген ниетпен келген қонақтарға кітап таратылды.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Панфилов ауданы