Әлем таланттары Талдықорғанда

Уақыты: 09.04.2018
Оқылды: 1234
Бөлім: РУХАНИЯТ

Музыкада тіл болмайды деген тәмсіл бар. Кез келген әуезді әуен жүректі тербесе, онда ол – ұлы шығарма. Мейлі, ол қазаққа таныс сарын болмасын. Осы орайда Жетісу жеріне «Әлем таланттары» қорының қолдауымен әлемді өнерімен тәнті еткен ерекше дауыс иелері келді. І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен гала-концерттің біз де куәсі болдық.

Шарада әлемдік классика, оперетта, заманауи сазгерлердің музыкалары ойналды. Сахна шымылдығын бірінші болып облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының М. Төлебаев атындағы қазақ-ұлт аспаптары оркестрі ашты. Олар  Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Әли Алпысбаевтың дирижерлығымен орыс сазгерлерінің классикалық туындыларын орындады. Одан кейін небір жауһар туындыны өмірге әкелген Имре Кальман, Франца Легар, Николай Стрельников, Жак Оффенбах, Эндрю Ллойд Уэббер, Фредерик Лоу, Алексей Рыбников секілді әлемге әйгілі композиторлардың әндері шырқалды.
Кешке арнайы келген халықаралық байқаулардың лауреаттары Денис Федоренко, Валерия Кириллова, Анатолий Рыкунов және Наталья Скрябина көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.    
Сыбызғыдай сызылған әсем дауысқа, әсерлі орындаушылық шеберлікке ие бұлбұл үнді жандарға жиылған қауым қошеметін аямады. Құдды дауыстарында даланың дарқан бояуы, Сарыарқаның самал желіндей желпіген тазалық бардай. Тіпті, тыңдаушысын баурай білетін хас шеберлігі де көзге ұрып тұр.
– Талдықорған қаласына үшінші рет келуім. Бұған дейін Қарағанды, Павлодар шаһарларында өнер көрсеттік. Бұл операда Нигярдың образы менің жандүниеме өте жақын. Өйткені, мұнда лирика бар, рухы мықты батыр қыздың образы бар. Жалпы лирикалық, драматикалық сопранаға жазылған. Меніңше, махаббат – мәңгі тақырып. Сондықтан осы рөлді жақсы орындап шығуға тырысамын. Әріптестерімнің барлығына сәттілік тілеймін, – деді опера әншісі Денис Федоренко.
Кеш соңында саф алтындай таза өнерімен, сыңғырлаған үнімен Алаш аспанын әнге бөлеген өнер майталмандары жер жаннатын көруге әлі талай келетінін жеткізді.

 

Қабыл ИСА