ФИЛАРМОНИЯ ҰЖЫМЫ ӨЗБЕКСТАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1271
Бөлім: РУХАНИЯТ

Екі ел ынтымақтастығы мен мәдени қарым-қатынасын дамыту мақсатындағы шара аясында облыс әкімі Амандық Баталов бастаған делегация Өзбекстан Республикасына жол тартты. Онда Алматы облысының күндері өтпек.

Өзбек еліне баратын ұлы көшті Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының, «Алатау әуендері» МКҚК «Құлансаз», «Үшқоңыр» ән-би ансамбльдерінің ұжымы бастап, барлығы 116 адам жолға шықты. Өнер ұжымын журналистер қауымы шығарып салды. 
Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының директоры Данияр Құрамысовтың айтуынша Ташкент қаласында сәуірдің 12-сі күні үлкен концерт өтеді. Онда жетісулық өнерпаздар халықтық өнерімізді танытумен қатар өзбек ұлтының да ән-билерін ұсынбақ. Осыған орай жаңа костюмдер тігіліп, репертуар жасалған. Өтетін шараларға облысымыздың өнерпаздары сақадай сай. 
Мұнымен қатар Алматы облысының күндері аясында көрмелер ұйымдастырылып, экономикалық, мәдени жетістіктеріміз паш етілмек. 
Біз қазақ мәдениетін танытуға бара жатқан жетісулық өнерпаздарға сәтті сапар тіледік.

Алма ЕСЕНБАЕВА