Айды ұстап көргім келеді

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1744
Бөлім: РУХАНИЯТ

– Өскенде кім боласың? 
– Ғарышкер боламын.
– Неге ғарышкер болғың келеді? 
– Айды ұстап көргім келеді.
Бұл – Жер ғаламшарының ең кішкентай тұрғындарының балауса тілегі.  Әрі үлкендердің балаға қызыға қоятын сұрағы. Иә, сәби тілеуінің көбі кешенде өскен жемістей шикілеу болмай ма? Бірақ тұрқымен асқақ көрінеді. Тұқылдана бітіп, тұтамға айналатыны да бар. Кейде сол кіршіксіз арманмен аяқ астынан түс шайысып, қайта табысып жататындары да кездеседі. Бірде ұшқыш болам деп асыр салса, бірде ғарышкердің рөлін сомдайды.

Жер – Күн жүйесіне жақын орналасқан үшінші ғаламшары және адамзаттың тіршілік ететін жалғыз мекені. Қызық, ә?! Одан бөлек 8 ғаламшар болған, әйткенмен ғалымдар біреуін жоғалтып алды. Қайда кеткені белгісіз. Қалған жетеуіне ауыз салуға шамалары жетпей отыр. Сыртынан қарап тон пішеді. Себебі, аспан адамға ырық берер емес. Марста өмір бар дегендер мазаққа қалуда. Қойшы, әйтеуір жерден өзгесінің жұмбағы шешілетін түрі жоқ. Ол да дұрыс шығар. Әйтпесе адамдардың басқа айналысатын шаруасы қалмады. Ғарыш жайлы әңгіме өрби қалса, бірден балалық шаққа саяхат жасағым келіп тұрады. Тақырыпқа орай, ертедегі есті оқиға еске түсіп тұрғаны.  
Біздің үйдің жарығы үнемі кеш сөнеді. Әсіресе, мен жататын бөлменің. Анам қараңғыдан қорқа ма деп майға шүберекті малып, тұтатып қоятын. Қайтсін, бала бауыр етің дегендей. Әмбе, ол кісінің мен дегенде шығар жаны бөлек. Бұзық болмауымды ескертіп, қасымда көз ілгенімді күтіп жатады. Ай домаланып, түн ару ұйқысынан оянған сәтте көрпені бүркене жатып, өтірік қорылға басамын. Анам болса майшамды толықтырып, өзі де ұйықтауға ыңғайланады. Сол мезетте мысықбауырлап терезеден тысқа секіремін. Менен бір сынып төмен оқитын көршінің қызы бар. Өзі сондай сұлу. Ол да ебін тауып далаға шығады. Қалай дейсіз ғой?! Кәдімгідей. Ақтөстің дауысынан. Әйтеуір, мен дегенде ол иттің жыны бар. Демімді ту алыстан сезіп қояды, пәлекет. Содан соң тоқтамай үреді келіп. Айсұлу да әккі болып алған. Сабалақты сабасына түсіру үшін сыртқа беттеп, менімен қалып қояды. Не керек, екеуміз есік алдындағы тапал тапшанға жайғаса жұлдыздарды тамашалаймыз. Айтпақшы, бұл тапшанға «ғарыш кемесі» деп атау беріп, айдар таққанбыз. Ол енді өз арамыздағы құпия. Үстіне шалқамыздан жатып, айлы аспаннан Жетіқарақшыны іздейміз. Түпсіз тұңғиықты қақ ортасынан бөліп, еркөкіректене көкке әмір етеміз. Аққан жұлдыздарға арманымызды айтып қалуға тырысамыз. Құдды астрономдар секілді. Сондағы әңгімеге арқау болатын дүниетану сабағында өткен тақырыптар. Мұғалімнің ғарыш айлағы жайлы қызықты деректерін қайта пысықтап шығамыз. 
– Ғарышқа ең алғаш Лайка атты ит ұшқан. Тура біздің Ақтөс сияқты. Ол 1957 жылдың 3 қарашасында Мәскеу уақытымен таңғы алты жарымда көкке самғапты. Жасы екіде, салмағы 6 келі тартқан екен, – дейді көршінің қызы күлімсіреп.
Мен айтамын:
– Жо-жоқ, шын мәнінде Лайка ұшырылғанымен 5-6 сағаттан соң өліп қалған. Бірақ 3 жыл өткеннен кейін 1960 жылдың 20 тамызында Белка және Стрелка атты қос ит қайта аттанады. Екеуі ғарыштан жер бетіне аман-есен оралған ең алғашқы тіршілік иелері болып есептеледі. Олар жер бетіне оралған соң аттары аңызға айналып, баяғыша өмір сүрген. Апайдың айтуынша, бірнеше айдан кейін Стрелка күшіктеген екен. Содан кейін адамзат баласы ғарышты бағындыруға кіріскен. 
Ол әр сөзіме таңданыс білдіріп, мұқият тыңдайды.
– Осының бәрін қайдан білесің? Біздің апай қызықты мәліметтерді келесі сабаққа қалдырып, адамды ынтықтырып қояды. Әкем осы демалыста қалаға бармақ. Маған жұлдыздар жайлы кітап сатып әкелуге уәде етті. Бұйырса, өскенде ғарышкер боламын, – дейді қолын көке созып.
– Менің де алға қойған мақсатым сол. Американдықтар сияқты Айға қонып, ту тіксем деймін. Қазіргі кезде ғарышты игеру тез алға басуда. Жер төңірегінде екі мыңға жуық жасанды серік ұшырылыпты. Солардың ішінде адам ұзақ уақыт тұрып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған орбиталық стансылар да бар екен, – деймін өзімше білгішсініп.
Осылай таласа-тармаса естігенімізді баяндаймыз. Менің оқымысты болып көрінгеніммен артым белгілі еді. Ол өте алғыр әрі арманына адал болатын. Ең алғаш 1961 жылы 12 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесімен аттанғанын, ол кемеде орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер, аға лейтенант Юрий Гагарин болғанын Айсұлудың аузынан естідім. Аңызға айналған бұл сапары үшін атақты ғарышкер Кеңес Одағы Батыры атағына ие болған екен. Бұл таңғажайып оқиға бүкіл адамзат баласының сан мыңдаған жыл бойғы арман-тілегін жүзеге асырып, тарихта мәңгі қалыпты. Кейіннен сәуірдің 12-ші жұлдызы Ғарышкерлер күні болып белгіленіп, төрткүл дүние толықтай мерекеге айналдырған көрінеді. 
Иә, жер бетіне ғаламдық жаңалық әкелген бұл күн үшін әлем Қазақстанға қарыздар. Өкінішке қарай, біздің топырағымызда орын тепкен осы ғарыш айлағынан қазақ азаматын ұшыру туралы бірде-бір сөз болған жоқ. Оған себеп, КСРО құрамындағы мемлекеттер үшін ұлтқа немесе ұлысқа бөліну атымен болған емес. Дегенмен, 1991 жылы бөркімізді аспанға аттық. Көптен күткен қазақ баласы ғарышқа көтерілді. Бұл – Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров еді. Кенен қуаныштың ыстығы басылмай жатып тағы бір жайдарман жаңалық қазақ даласын шарлап кетті. Қолына Алаштың туын ұстап, әуеде Талғат Мұсабаев қалықтады. Сол уақыттарда дүние есігін ашқан екі сәбидің бірінің есімі Талғат, Тоқтар аталып жатты. Қарапайым халық оларға деген құрметін осылай білдірді. Оқулықтардың мұқабасына еліміздің қос азаматының суреті бейнеленді. Бүлдіршіндер соларға еліктеп, өскенде ғарышкер боламын деп шешті. Арнау жырлар жазылды, әуезді әндер шырқалды. Сондай жырлардың бірі – халық ақыны Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, жер, енді» атты поэмасы. Бұл шығарманы оқырман әйгілі ақын Қадыр Мырзалиевтің аудармасы арқылы жақсы біледі. Сол туындының арқасында қазақтың ғарыш айлағы әлемді дүр сілкінтті. Бүгінде баспасөз бетінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы көп насихатталады.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ғарышқа ұшуға тағы бір қазақ баласының жолы түсті. Жетісу топырағынан түлеп ұшқан жерлесіміз Айдын Айымбетов Тоқтар ағамыз бастаған ұлы көштің соңынан ілесті. Бұл елді елең еткізген ғажайып оқиға болды. Неге десеңіз, шекарамызды шегендегелі бері бірде-бір қазақ баласы бұлттан ары аспаған-ды. Бүркемелеп қайтеміз, егеменді еліміздің ең басты жетістігінің бірі де бірегейі осы болғаны ақиқат. Халықаралық ғарыш стансысынан оралған Айдын Ақанұлын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі күтіп алды. Ақжарма тілегін арнап, иығына оюлы шапан жапты. «Халық Қаһарманы» атағын табыстады. Ендігі жас ұрпақ үш бірдей қайсар ғарышкеріміздің галактиканы көргенін жарыса жазатын болады. Оларға еліктеп өсетін балапандарымыздың да қатары көбейе бермек.
Арманы асқақ адамның алмайтын қамалы жоқ. Әйтсе де мен бала қиялыма орта жолда сатқындық жасадым. Өсе келе жаныма жақын журналистика мамандығына бет бұрдым. Ал, көршінің қызы сол жүрісінен артқа шегінген емес. Бүгінде Мәскеудегі ғарыштық зерттеу институтында білімін шыңдап жатыр. Марсқа бармақ ниетте. Анда-санда хабарласып хал-жағдайын сұрап тұрамын. Баяғынша арманын биік ұстайды. Кейін білдім,  бала күнгі армандарым көрші қыздың күлкісінде қалып кеткен екен. Бірақ өмірге еш өкпем жоқ. Менің жұлдызым жерде болуы тиіс.

 

Мұхтар КҮМІСБЕК