Бәсекелестікке бәс тігіп

Уақыты: 13.04.2018
Оқылды: 924
Бөлім: РУХАНИЯТ

Барша қазақстандықтар секілді Жетісу өңірінің жұртшылығы да Елбасымыздың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын қызу талқылап, жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Облыс әкімдігі тарапынан белгіленген жұмыс жоспарына сәйкес ең алдымен маңызды бағдарламаның мән-мағынасын барынша терең әрі жан-жақты түсіндіруге күш жұмылдырылды. Кездесулер өткізілді, қасиетті мекендерге экспедициялар ұйымдастырылды.

Ел көлемінде тындырылар  «Рухани жаңғыру» аясындағы  «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру ісіндегі маңызының айрықша зор екендігін Мемлекет басшысының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсіміне қатысуынан тағы да бір аңғарар едік. Нұрсұлтан Әбішұлы осыған дейін тәржімаланып, баспадан шығарылып үлгерілген 18 оқулықпен танысу үстінде көпшіліктің көңілінде жүрген көптеген жайттардың бетін аша келе: «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады», – деп атап өтті. Сондай-ақ,  2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылып, басылуы, уақытылы қаржыландырылуы, ең бастысы – бұл оқулықтардың білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізілуін де назардан тыс қалдырмады.
Осы арада ерекше атап айтарлық бір дүние, тиімді оқулықтардың әр елдердегі түпнұсқаларынан бірден қазақшаға аударылып отырғандығы. Бұған дейін мұндай оқулықтар негізінен орыс тілі арқылы бізге жетуші еді ғой. Оның үстіне замана ағымына сай латын қарпіне бірден түсірілуде. Бұл түйсінген жанға өз қолымыздың өз аузымызға жеткізген тәуелсіздігіміздің жемісі.
Сонымен қатар, Елбасымыз қазақ тілінің жаңа әліпбиін талқылау үдерісі біртұтас қоғамымыздың кемелденгенін танытатын тарихи қадамға айналғандығын тілге тиек етті. Бұл ретте бәрімізге үлгі көрсетіп отырғандығын да жақсы  білеміз. Тұңғыш Президентіміз күнделікті уақыт тауып, ұлы Абайдың шығармаларын бекітілген латын қарпіне түсіріп отырады екен. Мұны енді бәріміз іліп әкетсек, қанеки!
Заманында дүниені дүр сілкінткен арғы бабаларымыз жабайы жылқыны алғаш қолға үйретіп, темір мен алтын қорытып,  Еуразия кеңістігіне өркениет сәулесін түсіргендігі бүгінде кеңінен әйгіленіп отыр. Осылайша озық дүние атаулыда мыңдаған жыл мұғдарында ешкімге дес бермеген көк түріктер ұрпағының қайталай бір пассионарлық  серпін таныта бәсекелестікке бәс тігер шағы жетті деп білеміз!

Әміре ӘРІН