Мақал - сөздің мәйегі

Уақыты: 13.04.2018
Оқылды: 1512
Бөлім: РУХАНИЯТ
Тіспен шешуге келмейтін күрмеуі қиын күрделі мәселелерді тілмен шешіп отырған қазақ халқы сөз құдіретін өзге өнерлерден жоғары қойып келгені белгілі. Ал, тіршіліктің түпсіз түйткілдерін жалғыз ауыз сөзге сыйғызып, түйіндеп беретін мақал-мәтел философиясы өзге халықтарда кездесе бермейді. Осынау саф алтындай  ұлттық құндылықтарымызды жастар санасында тағы бір жаңғыртып, ұрпақ игілігіне айналдыру мақсатында Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасында «Мақал айтыс» байқауы өтті. 
Аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің қолдауымен қолға алынған бұл шараны аудандық тарихи-өлкетану мұражайы жүзеге асырған болатын. Аламанның алдында Махаббат Сәдуақасұлы:
– Айналайын, балаларым! Еліміздің ертеңі бүгінгі өскелең ұрпақ – сендердің қолдарыңда. Қазақ елінің Көк байрағы мәңгілік желбіреуі үшін жастардың ана тілін біліп, салт-дәстүрін құрметтеп өскені маңызды. Ал, мақал-мәтел халқымыздың ықылым заманнан бері өмірден көрген-түйгенін елеп-екшеп әкеліп, балталаса да бұзылмайтындай етіп түйіндеген ой-пәлсапасы.  Халық философиясы ерекше айшықталған мақал-мәтел мен шешендіктеріңді жетілдіріп қана қоймай, өмірлік ұстанымдарыңды айқындай аласыңдар. Ендеше, жеңімпазы болғанымен жеңілгені болмайтын осы байқауда барлықтарыңа сәттілік тілеймін!,– деп болмысы бөлек байқаудың маңызына тоқталды.
Жарысты ашып, жүргізіп отырған аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Серік Қалиев сахнаға мектептерде іріктеу жарыстарына қатысып, топ жарып шыққан 27 жеңімпазды шақырған. Алты-алтыдан топталып, арнайы жасақталған пульт алдына шыққан үміткерлер таңдап алған тақырыптары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда «Тақырып айтыс», «Жоғалған сөз», «Сөзден мақал құрау», «Қайым айтыс», «Балама мағына, мақалдың мағынасына мән беру» – деп аталатын алты кезеңнен тұратын бәсекеде білім мен біліктілік сынасып «Туған жер, ел, Отан», «Дос, жолдас», «Ағайын, туыс», «Ас, дәм» деген тақырыптар аясында өзара айтысқа түсті.
Үміткерлердің бұл додаға жақсы дайындықпен келгені бірден аңғарылады. Оқушылар аса белсенділік танытып, тұлпардай тықыршып, бір-бірінен озып шығу үшін әрекет жасап баққан. «Білімділіктің басты шарты – ана тіліңді білуден басталады» дегендей, балалар қазақ тілін жақсы біліп қана қоймай, оның тұспалдап, жорамалдап айтылуын терең сезінетінін осы жолы тағы бір аңғартты.  Алайда, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деген бар емес пе,  жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды ең көп ұпай жинаған Үшқоңыр мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Әбдірахман Серікұлы  қанжығасына байлады. Екінші жүлде Қайнар орта  мектебінен келген Райпа Қатынастың үлесіне тисе, үшінші орынды Тамбаев орта мектебінің оқушысы Жұлдызай Нартай мен Исаев орта мектебінен Эльвира Жұмабек өзара бөліскен. 
Бірінен-бірі озған тартысты жарыста жеңімпаздарды анықтау оңайға түспейтіні белгілі. Бұл жауапты міндетті әділқазылар алқасының төрағасы, белгілі жазушы-журналист, қоғамтанушы Бейбіт Сапаралыұлы, мүшелері: сазгер әрі баспагер Жарылқасын Дәулет, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, аудандық білім бөлімінің қызметкері Мәнсия Буданова, журналист Берікбай Қадықовтар абыроймен атқарып шықты деп айтуға болады. 
Жеңімпаздарды марапаттауға шыққан Бейбіт Сапаралыұлы өз сөзінде оқышылар мен ұстаздарды құттықтай келіп: 
– Оқушылардың таудай талабына, үйренсем, білсем деген ұмтылысына ерекше риза болып тұрмын, – деді. – Қарасай ауданы  кие дарыған қасиетті өлке ғой. Бүгінгі өткен байқау соны тағы бір дәлелдейтіндей. Осындай өлкеде аталған байқаудың өткізілуінде заңдылық бар сияқты. Сонымен бірге бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен де үндесіп жатқан жоқ па?!  Қатысушылардың барлығы бірдей жүлдеге ие бола алмағанымен халқымыздың даналық сөздерін бойларына сіңірген әрқайсысы жеңімпаз деп есептеймін.  Сонымен қатар, осы байқаудың өтуіне ерекше үлес қосқан аудан әкімі Махаббат Бигелдиев пен оның орынбасары Айжан Назарбаеваға қазылар алқасының алғысын қоса жеткізгім келеді.
Жеңімпаздарға арналған ақшалай сыйлық сертификатын Бейбіт Сапаралыұлы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ермек Жұматаев тапсырды. Бұл күні жарысқа қатысқан үміткерлердің барлығы да марапаттан құр қалған жоқ. Олар арнайы Алғыс хатқа  ие болып, жүргізушілердің жасырған жұмбағын шеше білген  көрермендер де «Мақал-мәтел» кітабын олжалап қайтты. Байқауды қорытындылаған Серік Қалиев алдағы уақытта бұл жобаның  өрісін кеңейте түсетінін, оны облыс бойынша, уақыт өте келе республикалық деңгейде өткізу жайлы жоспарлар бар екенін жеткізді. Осылайша «Өнер алды – қызыл тіл» деп бағалайтын халықтың ұрпағы сол ұстанымнан ауытқи қоймағанын тағы бір дәлелдегендей болды.
 
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы