Парасат биігінде

Уақыты: 13.04.2018
Оқылды: 1631
Бөлім: РУХАНИЯТ
Пайым мен парасат биігіне көтерілген ғұлама ғұмыры даналықтың дариясы тәріздес. Соқталы ойларымен соңынан ерген шәкірттерін ақиқаттың ақ саумалына шомылдырып келе жатыр. Ақылға шөлдеген жанның сусынын қандырып қана қоймай, біліммен қаруландырады да. Тіпті, даналыққа барар жолды көрсетеді. Бұл – халықтың берген бағасы. Ол – бүгінге дейін қоғам мүддесі үшін күресіп келе жатқан ардагер философ.
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-да философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Аманжол Қасабекұлының 75 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Шараның шымылдығы дәстүрлі әнші Серікбол Төлеутайұлының арнау өлеңімен ашылды. Одан кейін сөз тізгінін аталмыш университет ректоры Қуат Баймырзаев алды. 
– Бүгін қазақ философиясының мерекесі. Неге десеңіз, ағамыз халқымыздың рухани бай мұрасына айналған қазақ философиясының негізін қалаушылардың бірі. Осы күнге дейінгі еткен еңбегі мен жасаған игі істері орасан. Кезінде оқу орнымыздың өсуіне ықпал етіп, қиын сәттерде мойымай білек сыбана іске кірісті. 45 жыл бір салада еңбек ету өте қиын. Әйткенмен осы жолда өз қолтаңбасын қалдырған ғұмыр иесіне айтар алғысымыз шексіз, – дей келе, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, кеудесіне Ілияс Жансүгіров атындағы медальді тағып, облыс әкімі Амандық Баталовтың Құрмет грамотасын табыс етті.
Иә, Аманжол Қасабекұлы 1995–1998 жылдар аралығында І. Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінің ректоры  болған. Содан бері Жетісу жұртына жақсы таныс. Кейіннен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры атанса, 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінің кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Қазіргі таңда ардагер философ қаламыздағы жоғары оқу орнының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасында жұмысын жалғастыруда.
Шарада ҚР ҰҒА академигі, философ Әбдімәлік Нысанбайұлы сөз алып, мерейтой иесінің еңбегі мен өнегелі өмір жолына тоқталды.
– Бүгін  Жетісу жерінде керемет оқиға болып жатыр. Біз Аманжол екеуміз 30 жылдан астам бірге құнды  кітаптар жаздық. Қазақтың философиясы туралы көптеген ой-толғам өмірге әкелдік. Оның еңбегі зор. Қазақ ойшыл халық қой. Аманжол бабадан бойына дарыған ізгілік сәулесімен қуаттанған адам, – деп әріптесіне ақжарма тілегін арнады.
Кеш барысында Аманжол Қасабеков туралы шағын бейнефильм көрсетілді. Құттықтау рәсімі аясында тұңғыш рет «Қазақ философиясы» атты үш тілде жазылған оқулықтың тұсауы кесілді. Сондай-ақ, 5-томдық «Қазақ философиясы тарихы» атты академиялық зерттеу кітабы таныстырылды.
– Бүгінгі мерейтойға қатысып отырғаныма аса қуаныштымын. Әріптесім жайлы айтатын сөз көп. Аманжолды студент кезімнен бастап білемін. Біз бірге оқыдық. Сол сәттен бастап достық қарым-қатынас қалыптасты. Бүгінде доспыз дейтін сөз жиі айтылмайды. Бірақ біз сол сөздің жарқын үлгісіндейміз. Досыма көрсеткен құрметі үшін университет ұжымына алғысымды айтамын, – деді Алматыдан арнайы келген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Тұрсын Ғабитов.
Кеш соңында мерейтой иесі көрсеткен үлкен қошемет үшін көпшілікке алғысын айтты. Профессор: 
75 жас – мен үшін аванс. Әлі жасалмаған істерім өте көп. Бұл менің ғана тойым емес, қазақ философиясының тойы,  – дей келе, ақеділ қауымға басын иді.
Мерекелі жиынға келген ұлт зиялылары мен ізденімпаз шәкірттер  тағы бір белесті бағындырған философқа  құшақ-құшақ гүл шоқтарын табыстап, ақжарма тілектер айтып тарқасты.
 
Мұхтар КҮМІСБЕК