ТЕКТІ АТАНЫҢ ТҰЯҒЫ

Уақыты: 19.04.2018
Оқылды: 1298
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Халқымызда «Жақсының жақсылығын  айт, нұры тасысын» деген нақыл сөз бар. Бұл сөз өмірінде барлық қажыр-қайратын, білім-білігін, зерде-ықыласын көптің қамына арнап, ұлттың келешегіне жұмсаған жандарға қаратылған. Біз сөз еткелі отырған Абдулла Мыңжасаров сондай азамат. Бүкіл саналы ғұмырын өлкенің өркендеуіне арнап, үлкен-кішіге беделді, кейінгі буынға ізгі ісімен үлгі болған адам. Абдулла Омарқұлұлы  Қытайдың Құлжа қаласында 1948 жылы 18 мамырда дүние есігін  ашқан. Құлжа қаласының  Қарабақ ауылындағы орта мектепте алғаш сауатын ашып, 3-сыныпты бітіргенде, яғни 1959 жылы ата-анасымен бірге Қазақстанға көшіп келеді. Оның отбасы шекарадан өте сала Жаркент өңірінің Сарыбел ауылына қоныстанады. Кейін, белгілі себептерге байланысты, Талдықорған қаласы маңындағы  Қапал ауданына қарасты Қоңыр ауылын түпкілікті мекен етеді. Оның өмірге құштарлығы осы ауылда оянып, болашақ мамандығына деген талпынысын да осы ауылдың мектебінен алады. 

 

    Қоңыр ауылы тау жағалай орналасқан елді мекен болғандықтан тау мінезді талай дарынды түлеткен жер. Басқасын айтпағанның өзінде, 1966 жылы  Қоңыр  ауылындағы  орта  мектептің 10-сыныбын бітірген түлектердің арасынан халқына адал  қызмет  жасап,  талантымен,  өнерімен  ерекшеленген талай азамат шықты. Сол қатарда белгілі айтыскер  ақын  Ханша Райысова мен  қазақ – қырғыз  кеденінің  бастығы  болған  Бауыржан  Балтабаевты және біздің кейіпкерімізді атауға болады.  
   Абдулла ағамыз орта мектепті  бітіріп, сол жылы  Шұбардағы  Көксу  ауылшаруашылығы  техникумына  оқуға  түседі. Сол оқу орнында өзі сияқты жастармен қатарласа жүріп жақсы білім алады. Талапшыл жас 1969 жылы оқу орнын өте жақсы нәтижемен бітіріп,  еңбек  жолын  сол  техникумда  механик болып  бастайды. Алғашқы қадамын адал еңбектен бастағандықтан әрі бойындағы тасқындаған жігер-қайратын жұмысқа арнағандықтан тез танылады.  1973 жылға  дейін оқу орнында «Ауылшаруашылығын  механикаландыру  және  жөндеу» мамандығы бойынша дәріс беріп, талай шәкірттің жүрегіне білім нәрін септі. Ал 1974 – 1979 жылдар  аралығында  № 35 жол  жөндеу  басқармасының аға инженері лауазымымен  жұмыс  істейді. Өндірісте шыныққандықтан әр бастаған жұмысын үлкен табыспен аяқтап отырды. 1979 – 1983 жылдары  Қапал  ауданындағы  Қоңыр  ауылының  бас  агрономы болып тұрғанда  еңбектің  ерен  үлгісін  көрсетіп,  астық жинау  көрсеткіші  бойынша облыс  бойынша  алдыңғы орыннан көрінді. Осы жетістігі арқылы  Бүкілодақтық  халық  шаруашылығы  көрмесінде  жеңімпаз  атанып,  сыйлыққа  «Жигули»  автокөлігін иеленді. Онымен бірге еңбек еткен төрт ауылдасы  Ленин  орденіне  ұсынылып,  мерейлері  тасып  үкіметтік   марапатқа  ие  болды. Шаруашылықты  ұйымдастыруда  шеберлік  танытқан  ағамыздың  басшылығымен  жұмыла  жұмыс істеген ұжымшар бірнеше  жыл  облыс, республика  көлемінде үздік болып бағаланып отырды. Әсіресе, жаздық бидай жинауда алдына жан салмады. Сапалы еңбектің арқасында жыл сайын жаздық  бидайдың әр гектарынан 32 центнер,  күздіктің  әр  гектарынан  60 центнер  өнім алды. Бұл еңбегі бағаланып, «ҚазССР  еңбегі  сіңген  агрономы»  төсбелгісін  кеудесіне  тақты. Екі  жыл  көлемінде  өзі  агроном, өзі  кеңшар бастығы  міндетін  қоса атқарып, шаруашылықты шалқытты. Сол жылдары  4000 тонна астық өндіру жоспарын 200 пайызға  артығымен  орындағаны  тағы  бар. 
    Ағамыз өз  ісіне  мығым,  еліне  адал, іскер  маман  болса  да  Кеңес  үкіметінің  солақай  саясатының  кедергісіне де ұшырап жүрді. Айталық, сол жылдары  жергілікті  партия  комитетінің басшылығына ұсынылғанда облыстық партия  ұйымының  екінші  хатшысы  Шубов пен облыстық  атқару комитетінің  басшысы М. Курганскийлер  оның ҚХР-да  туып,  шекара  асып  келгенін  көлденең  тартып,  үзілді-кесілді қарсы шықты. Осы бір  күрмеуі  қиын,  тығырыққа  тірелген  шақта  облыстың  бірінші  хатшысы  Әбубәкір Тыныбаев  ерлікке  пара-пар  іс  істеп,  олардың  қарсылығын  белден басып,  өзі  қол  қойып,  сенім  білдіріп,  аудандық  партия  комитетінің  бірінші  хатшылығына  бекітеді. Иә,  «Ерді  кебенек  ішінде  таны» деген  емес пе? Осындай  тәуекелге  барған Әбубәкір ағамыздың да сұңғылалығына іштей ризашылық білдіресің.
    Сол  жылдары  еңбекқорлығымен  көзге  түскен  Абдулла  Омарқұлұлын  облыстың  бірінші  хатшысының  және  Азық-түлік  министрі  Кривцовтың  ұсынысымен  аудандағы  артта  қалған  шаруашылықтың  бірі  – Абай  ұжымшарына  басшы етіп  жібереді. Сөйтіп, 1984 жылы Қапал  ауданы  Абай шаруашылығы  партия  комитеті  хатшысы,  1987 жылы  ұжымшар  бастығы болып  тағайындалғаннан  бастап,  қарызға  батқан, шаруашылығы  шайқалған, артта  қалған ұжымды   бір  жыл ішінде  аяғынан  тік  тұрғызды. Тіпті облыстық  ауылшаруашылығы  басқармасының  көмегімен  күздік  бидайды  тікелей  Мәскеудің  өзіне валютаға өткізіп,  ұжымның 13 млн. сом қарызын  өтеп, аймақ  бойынша  астық  өндіруден  І орынға  шықты. Еңбекпен  төккен  тер  ақталып,  ұжымға судай  жаңа  екі  «ВАЗ – 469»  автокөлігі сыйлыққа беріледі. «Абай»  ұжымшары  талантты  ағамыздың  іскерлігінің  арқасында суаратын, өздігінен жылжитын  он  екі    «Фрегатты»  тиімді  пайдалануды  жүзеге  асырып,  жемшөп   пен  жоңышқа  жинаудан  республика  көлемінде  үздік  шығып  топ  жарады. Мұндағы  ерекшелік, еліміз  бойынша  мол  өнім  алатын  Оңтүстік  Қазақстанда  бір  маусымда     3 рет  шөп  шабылса,  Абдулла  аға  басқаратын  шаруашылық  маусым  бойы  4 рет  шөп  шауып,  өнімді молынан жинайды. Ұжымның толағай табысын Қазақстан КОКП ОК  бірінші  хатшысы    Д. Қонаев облыстық  семинарда  ерекше  ықыласпен  атап,  өз  қолымен арнайы  сыйлықтар  беріп   марапаттайды. 
   Осыдан кейін басшылық қызметке белсене араласты. Айталық, 1987  – 1994 жылдары  «Абай»  ұжымшарын басқарса,  1994 – 1997 жылдары Қапал  ауданы  әкімінің  бірінші  орынбасары  және  облыстық ауылшаруашылығы  басқармасының  басшысы  қызметін  атқарды. Ал  1997 жылдың  1 қазанынан   2008 жылдың  шілде  айына  дейін  Қоңыр  ауылының  басқарма  басшысы  болды. Сол  жылы  ұжымшар  жеке  шаруа  қожалықтарына  таратылды.  Ұжымшар  «Мыңжасаров» АҚ сенімді  серіктестігі  болып  қайта  құрылып,  заман  сұранысына  қарай  жеке  кәсіпкерлікке  ауысты. Абдулла  ағаның  табиғатына  тән  шебер  басшылығының,  еңбекқорлығының  арқасында  ұжымшардағы  350 адам  бұрынғыдай  жұмыспен  қамтылып,  әлеуметтік  жағдайын  жақсартып  үлгерді.  Адал  еңбегімен  ел сеніміне  ие  болған  абыройлы,  беделді,  кез келген  істің  күрмеуін  тез  табатын  ағамыз  Текелі  қаласындағы  сыра  зауытын  шикізатпен  қамтамасыз  етуге  келісімшартқа  да  отырып  үлгерді. Сөйтіп,  2 мың гектар  жерге  сыра  дайындауға  қажет  өнім  «Одесса – 100»  сортты  арпа  өсіріп,  шаруасын дамытты. Нәтижесінде,  қоластындағы  жұмысшылар еш  қиындық  көрмей,  жағдайын  жақсартып,  аудан  бойынша  алдыңғы  қатарлы шаруашылықтың  біріне айналды.  Сонымен қатар, Абдулла аға  сонау  нарық  қыспаққа алған  1996 – 1997 жылдардан  2004 жылға  дейін  Қоңыр  ауылының  орта  мектебін, Мәдениет  үйі  мен  аурухананы, кітапхананы  өз  қарамағына  алып,  жыл  бойы электр  жарығымен,   қыс  кезінде  көмірмен  қамтамасыз етті. Сол арқылы ауылдағы мәдени,  мерекелік   іс-шаралардың  уақытылы  өтіп тұруына  бар  мүмкіндікті  жасап,  сала  қызметкерлерін  уақытылы  жалақымен  қамтамасыз  етіп  отырғанын  да жұрт тамсана әңгімелейді. Сол кезде көптеген  ауыл  электр  жарығынсыз  қалып,  мектептер  терезеден  мұржа  шығарып,  пешке отын жағып жылынуға тура келді. Абдулла ағамыз Қоңыр ауылындағы мектепке екі  дизель  моторын  орнатып,  бар  қиындықты  еңсеріп, халықтың  алғысына  бөленді. Бұл  еліне  жасаған  қайырымдылығы,  ерлігі,  нағыз  ұлтжанды  азамат екендігін көрсететін игілікті іс. Осыны көргенде қазақтың  «Атымтай  жомарты»  әлі  де  ортамызда  жүр екен-ау деп таңғалдық.    
   Ағамыздың  әкесі  Омарқұл Балабеков  бауырмал,  ағайын  татулығын  берік  ұстанған текті  ұрпақтың  тұяғы еді. Атамыз  1961 – 1962 жылдары  Қытайдан  Қазақстанға  өткенде  жақын ағайындарының   80  шаңырағының  бас-аяғын  жиып, өздері  орын  тепкен  Қоңыр  ауылына  көшіріп  әкеліп  қоныстандырыпты. Олардың  көбі  осы  бір  құтты  мекенде  өсіп-өніп,  ауылдың,  ауданның  экономикасын  өркендетуге үлесін  қосты. Ынтымағы  жарасып,  айрандай  ұйыған ел-жұрттың  осынау  іс-әрекеті  мен  тыныс-тіршілігі аймаққа  үлгі,  өнеге  болды.  Мінеки,  елдікті, туыстықты,  ауызбірлікті  ту  еткен  Омарқұл  атаның  ұлы  Абдулла  осындай  текті  әулеттің  ұрпағы  екендігін туған  еліне  өзінің  ерен  еңбегімен,  білімділігімен,  қажырлығымен  көрсете  білді. 
«Тектіні  текті  таниды»  дейді  ғой  халқымыз.  Қазақтың біртуар  перзенті,  тау тұлға Д. Қонаев  атамыз  1986  жылы  екінші  рет осы  өңірге  ат  басын  тірегенде  халық  үшін  жасаған  еңбегіне  тәнті  болып, ерекше  бір  ықыласпен ағамыздың  шаңырағында  болып,  дастарқанынан  дәм  татып,  ізгі  тілегін  айтып,  ақ  батасын  берді. 2005 жылы Абдулла ағамыз сақтап қалған мекемелердің  бәрі  мемлекет  қарамағына  алынды. Енді олар бүкіл ел үшін қызмет атқаруда.
    Салмақты  да  сырбаз  Абдулла  ағамыз  бүгінде берекелі  де  мерекелі  отбасының  алтын  темірқазығы.  Зайыбы Әлия Нұрланова  екеуі  төрт  қыз, үш  ұл  тәрбиелеп  өсірген ардақты  ана,  асқар  таудай  әке. Әлия  Төлегенқызы  да  жоғары  білімді  маман.  Апай  кезінде  Киров  ауданының  бас  экономисі  қызметін  абыроймен  атқарып, ауылдық  кеңестің  депутаты  және  атқару  комитетінің  орынбасары  болып  еңбек  етті. Амал  қанша?..  Алланың  жазуына  не  шара, апайымыз  2008 жылы  өмірден  өтті. «Орнында  бар  оңалар» деген  аталы  сөз  бекер  айтылмаған-ау,  ағамыздың  ұлдары  үйленіп,  қыздары  тұрмыс  құрды. Кейінгі  жары  Фарида  екеуі  кенжелері  3 жасар  Еркежан мен  немерелерінің  ортасында  бақуатты  ғұмыр  кешуде.
Абдулла  Омарқұлұлының  еліне  сіңірген еңбегі  елеусіз  қалған  емес. Кезінде  бірнеше  рет  аудандық,  облыстық пленумның мүшесі және  ауданның, облыстың  депутаты  болып  қызмет етті.  Сол  тынымсыз  жылдардың  көзіндей  болған  республикалық,  облыстық  грамоталармен,  дипломдармен және «Ерен  еңбегі  үшін» медалімен  марапатталды. Республикалық,  облыстық  баспасөзде сан  рет  ағаның  іскерлігі  мен  елжандылығы туралы  мақалалар  жазылды. Бүгінде 70 жасқа толған Абдулла  Мыңжасаров  ағамыз  абырой биігінде асқақтап, ел-жұртының құрметіне бөленіп жүр. 


Қ. ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі