ҮЛКЕН ЖҮРЕК ИЕСІ

Уақыты: 19.04.2018
Оқылды: 1479
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Иә, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Себебі, ол – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жан. Мұғалім берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым, ел қорғаған батыр, тілінен бал тамған ақын, егін салған диқан, мал бағып терін төккен шопан да, бәрі-бәрі ұстаздың алдынан өткен. Сондықтан осы бір ұлағатты жанға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. 

 
    Талғардағы С. Сейфуллин атындағы      № 2 орта мектептің директоры болып жүрген кезім. Дәлізде кетіп бара жатқан бір оқушыға «Биғайша апайыңды шақырып жібере қойшы, айналайын», – деп едім, анау бала бетіме «ол кім?» дегендей аңтарыла қарап қалды. Ұға қойдым. «Есімова ше» деп едім, әлгі бала құлдыраңдап ала жүгірді. Иә, бұл кісіні үлкен-кіші түгел «Есімова» дейтін. 
   Осы мектепте табан аудармай ұзақ жыл неміс тілі пәнінен сабақ берген, талай шәкіртті қанаттандырған Биғайша ЕСІМОВА – менің де аяулы ұстазым.
   ...Кішкентай Биғайшаны мектепке алты жасынан беріпті. Себебі, соғыс уақыты, ер адамның дені майданда, әйелдер жағы күні-түні бел жазбай еңбек етеді, балаға қарайтын шамалары жоқ. Сол кезде мектепте бір мезгіл ыстық сорпа береді екен. Қазанға қойдың майын шыжғырады да, оған су құяды, қайнаған кезде қара ұн салып араластырғанда быламық шығады. Бұл ашқұрсақ жүретін балаларға едәуір нәр, соны уақытылы ішіп жүрсін деп мектепке ерте берген екен. Ауылда бас көтерер адам жоқ, сондықтан шешесі бір өзі ферма бастығы, парторг, клуб меңгерушісі де өзі болған көрінеді. Бірақ анасы 1944 жылы сүзектен көз жұмады да, Биғайша мен інісін әжесі бағады. Білімді, алғыр да зерек бүлдіршін сыныптан сыныпты аттап жүріп оқып, онжылдықты   14 жасында бітіреді. 
Атырау облысында өмірінің соңына дейін партия қызметінде, аудандық газетте редактор болған әкесі Қыдыр қызын оқу оқысын деп Алматыдай алып шаһарға шығарып салады. Арман қуып ауылдан ұзаған қыз медицина институтына түседі. Сабақ алдында екі ай темекі кеңшарында жұмыс істейді. Оқуға кірісер кезде жатақхана жоқтығын білген ол, қанша дегенмен бала ғой, қорқып, далада қалатын шығармын деп ауылға тартып кетеді. Сонда ауылға автобустан түскен сәтте, жұрт оқи алмай қайтып келіпті ғой деп айтады екен деп намыстанып, үйіне Жайықтың астындағы жарды жағалап, ешкімнің көзіне түскісі келмей келгені бар. 
   Мектепте пионервожатый, одан кітапханашы болды. Сосын Атырауға мәдени ағарту училищесіне екі айлық курсқа жіберіледі. Сонда оқып жүргенде көшеден шет тілдері институтына талапкерлерді қабылдайтындығы туралы хабарландыруды көзі шалып, ешкімге айтпай құжаттарын жинап, баяғы бала күннен қалыптасқан сергектігінің арқасында оқуға түсіп кетеді. 
 
          * * *
 
   1959 жыл. Ауылшаруашылығы жұмысы. Қырыққабат жинау науқаны. Тұңғышына аяғы ауыр кезі. Еңкейіп жұмыс істеуге икемі келмейтін болған соң көлеңкеде отырады да қояды. Күн ыстық. Бірде курстастары бұған «апайдан сұранбайсың ба?» деп жан-жақтан жамырай қамқорлық таныта сөйлейді. Курстағы ең алғаш тұрмыс құрған бір өзі болатын. 
   Ол кезде Шет тілдері институтында белгілі театр әртісі Қалибек Қуанышбаевтың қызы Жамал Қалибекқызы декан әрі кураторы болатын. Оқытушының жары атақты Бауыржан Момышұлы екенін де жақсы білетін. Сұрану үшін келесі күні оқытушысының есігінің қоңырауын басты.
Есікті Бауыржан Момышұлы ашты. 
– Кім керек? – деді. Жүзі суық көрінді.
– Жамал апай... – деді бұл тұтығып. Тіпті терлеп те кетті.
– Менде Жамал екеу ғой, – деді сосын Бауыржан Момышұлы.
– Жамал Қалибекқызы, – деп күмілжіді студент.
– Жөке, саған келді, – деді де, Бауыржан Момышұлы бұрылып екінші бөлмеге кіріп кетті. Әлгі бөлмеден қайтадан шығып, орындық әкеліп қойды. Аяғы ауыр студентке отыр деген ишара білдірді.
– Жөке, шай қой, – деді дауыстап асүй жақта жүрген зайыбына.
– Ентігіңді бассаң, бері өт, – деді сосын өз бөлмесін нұсқап.
Бауыржан Момышұлы жерге төселген оюлы киіздің үстінде жастықты шынтақтап жатыр екен. Биғайшадан қайдан келді, әкесі, шешесі кім, қандай мақсатпен жүр, ауылы қайда, ол жаққа пойызбен, ұшақпен қанша сағатта жетуге болады, бәрін сұрай бастады.
Бір кезде Батыр зайыбына:
– Мына балаға 50 рубль бер. Үйіне шаршамай-шалдықпай ұшақпен жетіп алсын, – деді. 
Таңғалды. Тағы терлеп сала берді.
   Сөйтіп, Биғайша күйеуі екеуі ауылға көптеп сәлем-сауқат та алғысы келіп, сондықтан пойызға билет алып, түскиіз, сосын арқардың суретін сатып алды. Үйіне сыйлыққа алып жүргені ғой, қуантайын деп. Сол ерекше заттар шешесінің (екінші анасы) үйінде әлі күнге тұр. Бауыржан Момышұлының бергені деп айтып жүретін.
 
     * * *
 
– Сынып жетекшісі болмаған мұғалім – мұғалім емес, – деген пікірде Есімова. – Тек балаға сабағын беріп болып шығып жүре беретін мұғалімді мұғалім деп санамаймын. Ұстаз алдында отырған шәкіртінің отбасындағы қарым-қатынас, ахуалы қандай, қалай өмір сүріп жатыр, не ішіп, не киіп жүр деген мәселелерді жетік білуі тиіс. Ол – балалардың екінші анасы іспетті. 
   Бірде Алматыдағы бір жоғары оқу орнынан тәжірибеден өтуге бір топ студент келеді. Оларды ертіп алып, сынып жетекшісінің ата-анамен, баламен, отбасымен жұмысын көрсету мақсатында, Биғайша апай үнемі сабақтан қала беретін бір шәкіртінің үйін бетке алады. Әлгі оқушы қызға ұрысамын деп барған Есімова үйдегі көріністерден-ақ қыздың өгей шешемен тұрып жатқанын байқай қойып, шәкіртін көптің көзінше мақтай жөнеледі. 
   Ертеңіне сабаққа келген әлгі оқушының апайды құшақтай алып, екеуінің үн-түнсіз ұғысып, ағыл-тегіл жылағаны бар. Содан кейін сол бала бірде-бір рет сабақтан қалмапты.
 
        * * *
 
   «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссоның сөзі дәл менің Биғайша Есімова ұстазыма арналғандай. 
   Сабаққа келмей қалған шәкірттерін үйіне барып оятып алып келетін сәттері өте көп болатын. 
Бұрынғы оқушыларының балалары тұрмақ, немерелеріне де сынып жетекшісі болды. Ұлы таңертең тұрғысы келмей, жылы көрпе астынан шыққысы жоқ, бұйығып жатқанда, әке-шешесінің өзі «бүгін Есімова кезекші екен» десе, төсегінен ұшып тұратын балалар болғаны шындық.
   Бірде-бір оқушыны сыныпқа оқулықсыз кіргізбейтін. Кейбір ұлдар жанында отыратын қыздарға сенеді де кітап әкелмейді. Сондықтан Биғайша апай бәрін міндетті түрде бірінші сабақта тексеріп шығады. Тіпті баланы ұялту үшін, сол оқушының оқулығын әкелуге өзі шығып жүре беретін сәттері де көп еді. 
   ...Бірде балалардың күнделігін тексеруге кіріседі. Бір күнделікте оқушының аты-жөні жазылмаған екен, сырты «Мәдениет және тұрмыс» журналының мұқабасымен қапталған, дәу сағаттың суреті тұр дейді.
– Мынау кімнің күнделігі? Неге аты-жөнің жазылмаған? Кәні, тұрсын орнынан мына күнделіктің иесі! Ау, айтсаңдаршы, қайсысыңдікі мынау күнделік? Иіскеп білем бе, неге жазбағансыңдар? – деп дауысын көтере бастағанда, Сағат есімді жуастау шәкірті:
– Апай, тұр ғой, сыртында, – деп ақырын ғана күмілжіңкірей үн шығарған көрінеді. «Менікі» дейін десе ұрысатынын біледі.
    «Тұр ғойы несі» деп Биғайша апай олай үңіледі, бұлай үңіледі, ештеңе таппайды. Бір кезде барып түсінген ұстазы ұрысудың орнына күліп жіберген екен. 
    Мұндай қызықтар Есімова ұстаздың өмірінде өте көп. Бәрін тізіп жату мүмкін емес. 
 
    * * *
    Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Бір жылдары өзі жетекшілік еткен бір сыныптағы 24 баланың 22-сі жоғары оқу орнына грантқа түскен! 
   Облыстық, республикалық олимпиадаларға баратын оқушысының соңынан пән мұғалімі емес, үнемі өзі жүгіріп жүретін. Нәтижесінде Талғар ауданы бойынша ең алғашқы «Алтын белгі» иегерін шығарған да – Биғайша Есімова. 
Иә, Биғайша Қыдырқызы дайындаған оқушылар тек алдан көрінуді мақсат ететін. 1994 жылғы түлегі «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияда білім алып оралған Асқар Қалдыбаев, Ілияс Ерназаров, Айдос Исен, Гауһар Оңталапқызы, Назым Нұрпейіс сынды мектепті «Алтын белгімен» бітірген шәкірттері, сондай-ақ, бұл күндері «Болашақ» бойынша Германияда білім алып жүрген Қанат Төсекбаев – ол кісінің мақтаныштары. 
   Биғайша Қыдырқызы Шет тілдері институтында оқып жүргенде, С. Сейфуллин атындағы № 2 орта мектепке тәжірибеден өтуге келгенінде, мектептің сол кездегі директоры сұңғыла бойжеткеннің өзгелерден еректігін бірден байқап, өзіне жұмысқа шақырады. Міне, содан бері Биғайша апай бір жерде табан аудармай 59 жыл ұстаздық етіп келеді.
   Иә, біздің ұстаз аттан әлі түскен жоқ. Сол мектебінде 5-6 сыныптарға неміс тілін оқытып жүр. 24 оқушы қатысатын, аптасына бір сағат болатын факультативтік сабақ. Ешкімге оқыңдар деп үгіт жүргізген емес. Ынта білдіріп жүрген балалар және өзінен білім алған солардың ата-аналары.
 
    * * *
 
   Мен мектепке ең алғаш мұғалім болып келгенімде, Биғайша апайым:
– Педсовет, партия жиналыстарында қандай тақырып көтерілмесін, бәрін тілдей қағазға болса да түртіп алып жүр, келесі жолы сөйлесең де, сөйлемесең де сол бойынша дайындалып кел. Газеттен не журналдан бір жақсы сөз көріп қалсаң, оны да қиып алып қойғын, міндетті түрде қажетіңе жарайтыны анық, – деп айтушы еді. Сол сөз күндердің-күнінде әдетіме айналып шыға келді.
   Аяулы ұстазым менің үш баламның да кіндік шешесі. Өзіме де баласындай қарады. Жөргектегі баламның түнде ұйықтамай шырылдап жылап жатқанын қалай сезіп қоятынын қайдам, түн жарымы демей жүгіріп келіп тұратын. Мұндай адам болу үшін кеудеңізде үлкен жүрек соғып тұруы керек шығар.
   Үш баламыздың үшеуін де перзентханадан шығарып алып келген де осы ұстазым. Қырық күн шомылдыратын да өзі. Сағынғали аға да ұлдарымызды жақсы көретін. Сол балалардың бәрі ержетті қазір.
Биғайша апайдың осынау өмірде жеңіске жеткен сәттері көп. Дүние емес, дос жинаған адам. 
   Өзін бақытты сезінеді. Тек... Жамбыл ауданында бас дәрігер қызметін атқарған, 63 жасында көз жұмған Ғазиз інісін сағынатыны, кей-кейде жалғызсырайтыны бар. Іштей егіледі. Ондай сәттері жұбанышты немерелерінен табады. Сөйтіп өмір жалғасып жатыр.
   Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім  Абайды, Жамбыл  Сүйінбайды, Ескендір Зұлқарнайын  Аристотельді өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. 
   Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым», – деп еске алатын болған екен. Сондықтан да мұғалімді сыйлау – өмірдегі бір борышың. Мен ұстазымды жақсы көретінімді газет арқылы осылай жеткізгім келді.
ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, қазақша «Неміс тілі» оқулығының авторы, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, 3 ұлдың анасы, 7 немере, 3 шөберенің аяулы әжесі, сан шәкірттің ұстазының тойы баршаға ортақ десек те артық емес-ау.
 
Рая ИДРАЛИЕВА, 
шәкірті, Алматы облысының Құрметті азаматы