КӨП ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН

Уақыты: 20.04.2018
Оқылды: 1327
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Біздер Әбекеңмен – Әбдірахман Баймұратұлымен жақын араласып, ашық сырласып, сыпайыгерлікпен сыйласып жүргендіктен замандасымыздың сегіз түрлі қырын да, тылсымды сырын да жақсы білеміз десек еш артықтығы бола қоймас. Оның кісілік келбетіне, парасаттылық ұстанымына, сабырлылық сабасынан аспайтындығына қызыға қараймыз да. Олай дейтініміз, Әбекеңнің өзі иығына жауапкершілігі артылған жұмыс орнының экономикасын өркендетуге, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға ұдайы көңіл бөлетіндігімен ерекшеленетін. Қандай іс болмасын бел шешіп, білек сыбанып кірісіп, маңдай терін төгіп, еңбегінің жемісін көруге ұмтылысынан танбайтын азамат ретінде танимыз.

 

    Өндірістің талантты ұйымдастырушысы атанып, Жетісу жерінің мақтанышына айналған тұлға бүгінде сексеннің сеңгірлі биігіне шығып отыр. 
    Ойындағысын ашық, бүкпесіз айтатын Әбекеңнің және бір ерекшелігі, жағымпаздықпен жалпақтап бас иіп жүргенді жаны қаламайды. Дүниеге қызығушылық танытпайды. Адамдарды алаламайды. Өз міндетін адал атқарғандармен қоян-қолтық жұмыс істеп, белсенділік танытатындарды жан-тәнімен жақтайтын, қолдайтын, құрметін де көрсететін. Осындай адами қасиеттерінің нәтижесінде әрі биік парасат иесі екенін ісімен дәлелдеу арқылы өзі де көпшіліктің құрметін иеленіп жүрді,  иеленіп те келеді. Олай дейтініміз, жер жаннаты Жетісу өңірінде табан аудармай қырық жылға жуық  біліктілігі мен іскерлігін танытып, абыройлы да салиқалы қызмет атқарған Әбдірахман Баймұратұлы  қоғам үшін адал еңбек етудің үлгісін көрсетті. 
    Ел-жұртына қадірлі болған, тобылғы реңді жүзінен мейірлі,  нұрлы шуағы төгіліп тұратын,   адамгершілік ұстанымы жоғары Әбдірахман Баймұратұлының  шаруашылық  басқарудағы, мамандарды тәрбиелеудегі, оларды іскерлікке баулып,  иығына жүктелген міндетке деген жауапкершілігін түйсіндірудегі жұмыс істеу әдіс-тәсілдері мен үлгі-өнегесін үйренуге ұмтылатынбыз.   Әбекеңмен  үзеңгілес жүріп,  қатар қызмет істеген жылдарда аудан шаруашылықтарын өмірлік талқы сынақтарының тезінде иленіп ысылған  біліктілігі бекем Жылқыайдар Егінбаев, Кенжехен Ақылжанов, Зылиха Тамшыбаева, Әбдірахман Баймұратов, олардың қатарында біздер де бармыз, бәріміз бір кісідей иық тіресе еңбек етіп, бәсекелестікті бәсеңсітпей, керісінше, әрқайсымыз  өзіміз басқарған шаруашылықты алдыңғы қатарға шығаруға барынша құлшына  ұмтылатынбыз. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, сырлас-пікірлес болып  жүретін едік. Сондай сәттерде байқайтынымыз, Әбекең – Әбдірахман Баймұратұлы  қашанда жақсылық пен ізгілікті мұрат еткендігін, қасына жақын барсаң жанын  жалау етіп желбіретіп, ақтарыла сөйлесіп, ойындағысын жасырмай айтып, жадырап тұратындығына сүйсінетінбіз. Бір басына кісілік іскерлік қасиет тоғысқан, есімі жиындарда мақтанышпен аталып, беделінің биіктігіне қызыға қарайтынбыз. Сондай-ақ, Әбдірахманның  турашылдығы басым еді. Әділдікті жақтайтын. Ішкі жан дүниесі таза, ниеті ақтығын әрдайым аңғаратынбыз. Ол қандай қиындық болмасын біреудің намысына тимейтін, ар-ождан әдебінен әрі аттамайтын. Жылтырақ құрғақ сөзді, уәдесінде тұрмайтындарды  жаратпайтын. Тығырықтан шығудың жолын таба білетін. Алға мақсатты нақты белгілейтін. Ең бір сүйсінерлігі, абырой-атағына кір шалдырмады. Адами  ар-ожданын бәрінен биік ұстады.  Кісілік келбетіне көлеңке түсірмеуді мұрат тұтқандығын ісімен дәлелдей білген еңбек майталманы ретінде құрметтейтінбіз бәріміз.
    Әбдірахман Баймұратұлы Көксу ауданына қарасты Кеңес Одағының Батыры Мұсабек Сеңгірбаев атындағы кеңшардың экономикалық көрсеткіштерін саралап, қыр-сырын терең меңгеру жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, ойға алған ісін тиянақты етіп тындырмайынша байыз таппай жүргендігінің біздер куәгеріміз. Жетісу өңірінде жемісті еңбек етіп, шаруашылықтың экономикасын нығайтып, ауыл мәдениетін марқайтуға қажырлы еңбегімен үлес қосқан айтулы тұлғалардың бірі деуге лайықты азамат десек жарасар. Замандасымыз Әбдірахманның бойынан барша Алаш азаматына тән адами қасиеттер бір өзінен табылатын. Ел үшін қызмет етуден басқаны ойға да алмайтын. Ел-жұртты әдемі сөзімен емес, ұлан-асыр атқарған ісімен мойындатқандығы өз алдына, сыпайылығынан да танбайтын. Ол алған білімін, бойындағы күш-қайратын, саналы ғұмырын халық үшін игілікті істер атқаруға аянбай жұмсаған еңбекқор жан.  
    Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының тумасы Әбдірахман Баймұратұлы бар саналы ғұмырын Жетісу өңірінде еңбек етіп, маңдай терін аямай төккен, жұртшылыққа  іскерлігімен танылған азамат. 1956 жылы қызыл құмды өңірден Жетісудың жасыл желекті жеріне қоныс аударып келген балаң жігіт әдепкі еңбек жолын Текелі қаласындағы қорғасын-мырыш комбинатында қатардағы жұмысшы болудан бастаған еді. Осында жұмыс істеп жүргенде әскери  азаматтық борышын өтеуге шақырылып, оны ойдағыдай атқарып, қайтып келісімен Текелі қорғасын-мырыш комбинатындағы комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. Бұл міндетті  жеті жыл мінсіз атқарып, жастар арасындағы тәрбие жұмысын жүргізіп, олардың отансүйгіштікке баулуда белсенділік танытады. 1967-1972 жылдар  аралығында Талдықорған ауданындағы «Жетісу»  ұжымшарында әуелде агроном, кейін бас агроном болып  шаруашылық жұмысына бетбұрыс жасайды. 
    Өндіріс саласында іскерлік қабілетін көрсете білген Әбдірахман Баймұратұлы 1972 жылы Талдықорған облыстық ауылшаруашылық басқармасының бұйрығымен Көксу ауданындағы Мұсабек атындағы  кеңшарға бас агроном болып ауысады. Кейін  осы кеңшарға директоры болып тағайындалып, бұл  жауапкершілігі үлкен міндетті шаруашылық таратылған 1995 жылға дейін үзіліссіз он тоғыз жыл бойы абыройлы атқарады.
    Әбдірахман Баймұратұлының Мұсабек атындағы кеңшардың экономикалық жағынан дамуына қосқан қомақты үлесін  зерделеп таразылайтын болсақ, көп іс тындырғанына көзіміз анық жетеді.  Оның кеңшардың басшылық тізгінін ұстаған алғашқы күннен бастап өзіне көрсетілген сенім үдесінен шығу үшін ұйымдастыру жұмысын ұтымды жүргізуге белсене кіріскенін жақсы білетін едік. Шындығын айтқанда, кеңшар аудандағы кенжелеп қалған, экономикасы сын көтермейтін, құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған кезеңі еді. 
    Тұйыққа тірелген шаруашылықты заман талабына сай алға шығару әдепкіде оңайлыққа түспейді. Көп күш жұмсап, іскерлік танытуды қажетсінеді. Осыған орай Әбдірахман Баймұратұлы  ең алдымен шаруашылықтың тыныс-тіршілігін жан-жақты терең зерттеп, не бар, не жоғын түгендеп, қандай жерде олқылық бар, оны оңалтуға  қандай кедергі мен тосқауыл шығарын талдап, ішкі мүмкіндікті таразылады. Бұрынғы экономикалық көрсеткіштерді саралап қараса, соңғы жылдары мемлекетке ет, жүн, астық тапсыру жоспарлары орындалмаған. Қысқа және ұзақмерзімді қарыздары қайтарылмаған, шығындары еселеп артқан. Ауыл мәдениеті құлдыраған. Еңбеккерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шаш етектен асып жығылады екен. Осындай олқылықтардың орнын толтырып, алға қойған мақсатқа жетудің жедел бағдарламасының нақты  іс-шаралары жасалып, оларды орындау бас мамандардың жауапкершілігіне жүктеледі. 
     Шаруашылық негізінен  мал өсірумен шұғылданатындықтан, осы салада еңбек ететін шалғайдағы  малшылар мен шопандарға тұрмыстық жағдай туғызылып, олардың жауапкершіліктерін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде еңбекке деген көзқарас күрт өзгеріп, әркім өз міндеттемелерін орындауға бір кісідей жұмыла кірісті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей,  қанатын  кең жайған қарқынды еңбек табыспен ұштасып, алғашқы жылдың өзінде-ақ  оңды өзгерістер төбе көрсетіп, нәтижеге қол жете  бастайды.
     Адал еңбек етуді, халыққа қажетті қызметті мінсіз көрсетуді мұрат тұтқан Әбдірахман ойына алған мақсатына жетуге тынбай талпынуының нәтижесінде өзі басқарған шаруашылықта екі-үш жылдың ішінде мал саны көбейіп, мемлекетке ет, жүн және сүт өнімдерін тапсыру жоспарлары асыра орындалып жатты. Табыс молайып, шаруашылық қарыздарының бәрімен есеп жасасты. Етек-жеңін жинастырып, шаруашылық қаржы тапшылығының тығырығынан құтылып, мемлекетке тапсырылатын мал өнімдерінің  жоспарлары асыра орындалатын  дәрежеге жетіп,  кіріс көздерінің бұлағы ашыла бастады. Бағалы дақыл қант қызылшасы егістігі алқабының  көлемі  кеңейтіліп, әрбір гектардан алынатын тәтті түбір салмағы еселеп артты. Осылайша шарушылық әуелі ауданда, одан кейін облыстағы алдыңғы шептегілердің қатарына қосылды. Қазақстан  бойынша үш мәрте социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, ауыспалы Қызыл Туды  шаруашылық кеңсесінің төрінде желбіретті. Бұған қоса ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұдан кейінгі жылдарда да еңбек көрігі бәсеңсімеді. Қызу еңбек дүбірі кеңінен қанат жайып, табыстан-табысқа қол жеткізу тұрақты дәстүрге айналды. Соның нақты бір дәлелі, Бүкілодақтық социалистік жарыстың алғы шебінен көрініп, сол кездегі  одақтық жоғарғы органдардың Алғыс хаттарын иеленіп, сыйлыққа  «Нива» жеңіл автокөлігінің кілті тапсырылды. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бірінші дәрежелі дипломын иеленді. Шаруашылықтың қырық жеті еңбеккеріне әртүрлі бағалы сыйлықтар тапсырылып, мәртебелері өсіп, абыройлары асқақтай түсті. Шаруашылық басшысы Әбдірахман Баймұратов Бүкілодақтық көрменің күміс медалімен марапатталды. Кеңшар ұжымына «РАФ» автокөлігі тарту етілді.
     Шаруашылықты ұйымдастырудағы ұтқырлығы мен іскерлігін танытқан білікті басшы Талдықорған облыстық, Көксу аудандық  партия комитеттері пленумдарының мүшесі, облыстық және Көксу аудандық  кеңестерінің депутаты болып әлденеше рет  сайланды. Қазақстан Компартиясының ХVІІ съезіне, Республика комсомол-жастары одағының  оныншы съезіне делегат болып қатысты. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Көксу ауданының Құрметті азаматы атағы беріліп, төсбелгісі тапсырылды. Бұлардан басқа да Мақтау қағаздары өз алдына бір төбе. Мұның бәрі шынайы да адал еңбек пен маңдайдан төккен ащы тердің  өтеуі  ретінде келген абырой екені кәміл.
    Шаруақор әрі іскер Әбдірахман Баймұратұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отыруға дәті шыдамай,  үйреншікті еңбек ету дағдысын одан әрі жалғастырып, 2003 жылдан осы күнге дейін, яғни  он төрт жылдан бері табан аудармай Алматы қаласындағы  Бостандық ауданына бағынышты «Көкмайса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің гольф саяжайында агроном-технолог болып жемісті еңбек етіп келеді.
    Әбдірахман Баймұратұлы ұлағатты ұл мен  қызғалдақтай қыз өсіріп,  балапандарын тәлімді тәрбиеге баулыған  отбасының иесі.  Балаларының бәрі де  өздерінің жүрек қалауымен таңдаған мамандықтарын меңгеріп, жоғары кәсіби  білім алып, ел тәуелсіздігіне үлес қосу жолында еңбек етуде. Ұрпақтарынан  тоғыз немере, он үш шөбере сүйіп отырған ардақты ата  Әбекең өз өмірін бақытқа балайды.
    Еліне адал еңбегімен танылған азаматқа арналған зерделі сөзімізді түйіндей келе, Әбдірахман Баймұратұлы сынды бірімізге аға, енді бірімізге еңбектегі ұлағатты ұстазымызға айналған,  бүгінде  сексеннің сеңгіріне көтерілген тұлғаны мерейтойымен жетісулық әріптес-замандастары атынан шын жүректен құттықтай отырып, денсаулығының мықты, ғұмырының ұзақ болып,  баянды бақытқа кенеліп, шаңырағының шадыманды шаттыққа бөлене беруіне шынайы тілектестігімізді білдіреміз.

Замандас-әріптестері атынан:
Аманғазы ШЕГІРОВ,
Жексенбай ЖЕТПІСБАЕВ,
Мұрат Байқанов,
Ақжолтай КӨЛБАЕВ,
Мұрат ҚАЛЫҚ