БАСТАУДАН БУЫРҚАНҒАН ЖЫР АҒЫНЫ

Уақыты: 20.04.2018
Оқылды: 1313
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Кереметі де, ғажабы да сол, Алла тағала жүрегіне нұр құятын, аузына сөз салатын ақын атаулы фәни жалғандағы тіршілігімен қатар ертеңгі бақилығына қатысты байламды пікірді көзі тірісінде айқын білдіреді. Солардың санатындағы  өмірден ерте озған Ордаш ақын да кезекті бір шабыттың  шаттығына бөленген сәтте: «Алдағыны көрермін аман болсам, арайлы боп қалса екен артымдағы із», – деп ағынан ақтарылғаны бар. Осы ойын әрі қарай жетілдіре келіп: «Бақытымды іздемен басқа әлемнен, асқақ болу мерейім, асқақ елмен. Өлең барда өшпейді Ордаш атым, есімімді сен сызып тастағанмен», – деген нық байлам жасаған. Мағыналы ғұмырында ізгілікті серік еткен, адалдықтың жолынан қия аттамаған сыршыл ақынның қорғасындай салмақты бұл уәжі марқұмның арамыздан кеткеніне жиырма жыл өтсе де айнымас ақиқатқа айналғанына айқын көз жеткізіп, тәнті боларымыз бар. Сонымен қаламгер ағаның артында қалған жарқын ізі мен өрнекті сөзіне аз-кем тоқталып өтуді жөн санадық.

 

    Ақындық – өнер, белгілі дәрежедегі мамандық емес. Жан дүниесіне жас кезінен-ақ ақындық дарыған Ордаш ағамыз аудандық шағын ғана газетте бесаспап журналист бола жүріп, ақ қағазға қан тамырын қуалап, сезім нұрын себелеп, жүректен шыққан жыр шумақтарын төгілдіре түсіруден жалықпаған. Осы ізгі дәстүрді облыстық «Октябрь туы» («Жерұйық») газеті мен облыстық деңгейдегі мемлекеттік қызметінде (облыстық кеңес пен әкімшілікте) де жалғастыра түсті. Оның тұңғыш өлеңдер жинағы республикалық «Жалын» баспасынан 1983 жылы «Бастау» деген атпен жарық көрді. Ол дәуірде орталық баспадан Үкімет қамқорлығымен шығатын кітап атаулыға қойылатын талап жоғары болатын. Баспаға келіп түскен туындылар редактордың сүзгісінен өткен соң барып, оған танымал ақындарды тарта отырып жабық рецензия жазылатын. Содан соң барып өндіріске жолданатын. Кереметті қараңыз, сол жылғы «Жалын» баспасынан аталған сериямен жарық көрген, болашағынан мол үміт күттірген он бір ақынға (қазіргі қазақ поэзиясының мақтанышы саналатын Е. Раушанов, Қ. Әбілов, Ә. Қайранов, Ә. Қайырбеков, Ш. Жұбатова, т.б) сарабдал пікірді туған халқы үшін гүл болып егілген, жыр болып төгілген дарынды ақын Жұмекен Нәжімеденов жазыпты.
    Араға отыз төрт жыл салып Жұмекен ақынның 2012 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген толық шығармалар жинағының жетінші томындағы «Бастау» атты жас ақындар  топтамасы хақында» пікірімен танысу мүмкіндігі туды. Онда: «Ордаш Кендірбаев өлеңнің техникасын жақсы біледі. Елу бет өлеңнен әлсіз ұйасқан екі жол табу қиын. Жап-жатық, жақсы оқылады, тіл сүрінбейді. Мазмұн-мағына да ешқандай дау туғызбайды, сондықтан жолдардың (сөздердің)  астын сызып жату артық жұмыс, өйткені бәрі орнында, мінсіз», – дей келіп, «Барлық мін, біздіңше, мазмұн саяздығында, баяндаудың көп, бейнелеудің аздығында», – деген сын-ескертпені қоса жеткізіпті. Әрине, аға ақынның жас талапкердің жетістігін тани білуі марқайтса, ал олқылық тұсын дөп басып көрсетуі сыннан қорытынды шығаруға талпынтқаны сөзсіз. Ең бір көңілге қонатыны – баспадан пышақтың қырындай болып шыққан, жаңа форматтағы жыр жинағы Ордаш ағамыздың болашақта құлашын кеңінен жазып, көсіле жазуына игі әсерін тигізді. Осылайша Орекеңнің шамырқана бастау алған жыр ағыны арнасын кеңейте, ағысын молайта түсті.
    Орекеңнің әр жылдары облыстық және республикалық газет-журналдарда жарық көрген өлеңдер топтамасын айтпағанның өзінде қаламгер О. Исмайловтың құрастыруымен 1987 жылы  «Жалын» баспасынан шыққан «Жетісу жауқазындары» жинағына сегіз өлеңі («Ақ жейде», «Домбыра», Жаралы қабан», т.б.) енді. Шығармашылық қабілет-қарымы кемелденген тұста облыстық кеңес аппаратында қызмет атқара жүріп Қазақстан Жазушылар одағы аясында «Ақ құс» қауымдастығы Талдықорған облыстық бөлімшесінің үні «Алтын қақпа» журналының  редакторы болды. Өңірдегі ақын-жазушылар туындыларының оқырманмен табысуына қамқорлық жасады. Көзі жұмылғанға дейін қарақан басының қамын күйттемей, айналасындағы шығармашылық адамдарының өсіп-жетілуіне жанашырлық таныту қасиетінен бір танбады. Ақынын ардақтаған ел мен кейінгі үкілі үмітін ақтаған жас ізбасарларының ұйытқы болуымен Орекеңнің туғанына алпыс жыл толу күніне орайластырып, облыстық С. Сейфуллин атындағы кітапханада зиялы қауым және жерлестерінің қатысуымен әдеби-сазды еске алу кеші өтті. Облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы Орекеңнің мағыналы ғұмырына арналған «Ақын азамат» атты деректі бейнебаян көрсетілді. Араға бір жыл салып ақынның зайыбы С. Демеубайқызы мен ізгілікті інісі Ә. Әріннің құрастыруымен және облыс әкімі С. Үмбетовтің қолдауымен «Сарыесік сазы» өлеңдер жинағы «Арыс» баспасынан мың дана таралыммен жарық көрді. Жырсүйер қауым ақынның ойлы да сырлы, шуақты да жайдарман назым жырларымен қуана табысты.  Жүрегіміздің төрінен орын алды. Бүгінгі жазылып отырған естелік те соның заңды жалғасы. Қалай десек те, ақын өлсе де оның сөзі өлмей, ардақты азаматтың нұр дидары жүрегімізден өшпей, жадымызда жаңғыра түсері хақ.
    Біздің пайымдауымызша күнгей мен көлеңкеден, ащы мен тәттіден, қуаныш пен қайғыдан тұратын мына өмір Орекеңді өзгелердей еркелетіп, шолжаңдата қоймаған сыңайлы. Ата-анадан жастай жетім, ағайын-туыстан шеткері қалып қоймаса да, неге екенін қайдам, сол жандардың ыстық мейірі мен жанашыр көмегін аз сезінген сыңайлы. Мінезінің салмақтылығы мен сәл тұйықтығынан болар Орекең етене араласқан жеті жылда байқағаным, бұл мәселеге көп тереңдемейтін. Сөздің арасында сыздықтатып ғана айтып отыратын. Осы жан сырын «Балама» деген өлеңінде:  «Балам, мынау жыласың жылаған ба? Менен сұра сен оны сұрағанда. Жата қалып жағамды жұлып жер ем, бой бермей алдарқанта бір адамға», – дей келіп, «Не жетпеді? Кейінде ұқтым бәрін, ақылға кеп аяқпен нық тұрғаным. Адамдардың ақжарқын мейірі екен, сондықтан биік қоям жұрттың бәрін» деген  тұжырым жасайды. Өмірдің небір қысталаңынан иілмей, темірдей төзімділік танытқан ақын ақпейілді адамдар десе ішкен асын жерге қояды. Оны поэзия тілімен «Адам күні – адаммен, атар таңнан. Үміттенсем, адамнан үміттенем» десе, ендігі бір жолы «Айналдым, ақпейілді адамдардан, кеудеме кір шалдырмай, гүл өсірген», – деп ішкі сүйіспеншілігін жайып салады. Орекеңнің жиі еске оралатын тағы бір байламды пікірі – адам еңбегінің көзі тірісінде бағалануы. Бұл турасында ол: «Адамды адам елесе, жетіп жатыр сол, бауыр!», – деп ой түйіндейді. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік ақын Алла тағаланың бізге берген өлшеусіз сыйы – өмір жайында да өз пайымын білдіре алуымен қуантады. Еңіс пен өрден, жақсылық пен жамандықтан тұратын өмір турасында: «Өмір – өзен, сабағы – сарқырама... Саралап бақ, қояды шартын ол да», – деп толғанады, сарабдал сипаттама береді.
   Қалай десек те, туғанына жетпіс жыл толып өткен Жетісудың жампоз ақыны Ордаш есімін оның кейінгіге қалдырған рухани асыл қазынасы – өлеңі барда ұмытуға, тарих бетінен сызып тастауға болмайды. Неге десеңіз, оның артында қалған шығармашылық еңбегі мен аты өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында атағы дүркіреген жетісулық жыр тұлпарлары Жұматай, Әбен, Жамау, Өтепбергенмен қатар аталады. Сырға толы, әнге бай Сарыесігі мен Қараталын тебірене жырлап өткен Ордаш ақынның есімі ер-азаматын құрметтейтін қараталдықтарға да қастерлі әрі ыстық.

Қараша ҚАРАМАН
Қаратал ауданы