БАТЫРДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Уақыты: 12.05.2018
Оқылды: 1233
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Көксу ауданының Жарлыөзек ауылында игілікті шара өтті. Ауыл тұрғындары сол жерден майданға аттанып, туған жер топырағын жау табанына  таптатпау  үшін  ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батыры  Мұсабек Сеңгірбаевқа батыр атымен аталатын мектепте  ескерткіш қойды. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Тлеумұрат Сейітниязов қатысты.

 

   Білім шаңырағының қарсысында ескерткіш бұрыннан тұрған еді. Бірақ кезінде асығыс жасалған ескерткіште кем-кетік орын алған. Мұсабек Сеңгірбаев жайлы толығырақ айтып өтсек, ол 1941 жылға дейін ұжымшарда механизатор болып жұмыс істеген. Сол  жылы Кеңес әскері қатарына алынады. Қараша айында ол  Дубосеково теміржолы айырмасында танкіге қарсы шайқасатын топтың құрамында жаудың бірнеше шабуылын тойтаруға және 18 танкісін жоюға қатысты. Бұл ерлік тарихта «28 батыр-панфиловшылар ерлігі» деген атпен қалды. Осы шайқаста Сеңгірбаев ерлікпен қаза тапты. Батыр  Волоколам ауданы, Нелидово деревнясындағы бауырластар зиратына жерленген. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Сеңгірбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы, Ленин ордені және «Алтын Жұлдыз» медалі берілген. Бүгінде Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі саябақ пен бір көшеге Мұсабек Сеңгірбаев есімі беріліп, бюст орнатылған.  
   Жарлыөзектегі  осы мектеп батыр есімімен аталады. Ауылдан шыққан  Байжұмановтар әулеті батыр ескерткішін қайта жөндеуден өткізіп, жаңартты.  Батыр тұлғасы еңселеніп, әспеттеліп, жаңаша кейіпке енді.  Орынтағы да өзгертілді.  Ғимараттың кіреберіс оң жақ бұрышына орналастырылған кескін оқушылардың рухын көтеріп, елжандылықтың үлгісін көрсетіп тұратыны анық. Жалпы бұл мектеп 1959 жылы салынған. Ал 1983 жылы жаңа ғимаратқа көшірілген. Ауылдан шыққан іскер азаматтар  алдағы жылы оқу орнының 50 жылдығын салтанатты түрде атап өтпекші. Бүгінгі шара сол мерейтойдың бастамасы. Бұл күні мектеп мұғалімдері мен ауданнан келген қонақтар игілікті шараға орай жиын өткізді. Онда ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Аманжол Нұрпейісов сөз сөйлеп, батырды ұлықтап жатқан ауыл  тұрғындарына алғысын білдірді. Осы мектептің оқушыларына аталарыңдай болыңдар деген ақ тілегін арнады. 
   Мұсабек Сеңгірбаевтың немересі Төлеген Төлеуханұлы атаның марапаттарын мектеп мұражайына табыстады. Ұстаздар қауымы батырдың төсбелгілерін аялай ұстап, ел-жұртқа мақтанышпен көрсетіп жатты. Шараның соңы балалардың ән-жырына ұласты.  Батырдың ауылдас ұрпақтары соғыс жылдарынан көрсетілім қойып, майдан жайлы ән шырқады. Жарлыөзектіктер  өткенді қадірлемей, бүгінгіні тани алмасыңды тағы бір еске салды. Тағылымды шарадан көпшілік ауыл жайлы, батырдың өмірі жайлы мол мағлұмат алып, тарқасты. 

Гүлжан Мұқашқызы