ҰРЫНЫҢ МАХАББАТЫ

Уақыты: 12.05.2018
Оқылды: 1292
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Бөлектің әжесі бірде өзіне: «Әй, құлыным, біреудің нәрсесін ұрлап алу – құдай алдындағы үлкен күнә. Ата-бабамызда басқаның ала жібін аттау деген болған емес. Естуімше, ертеде байлар жылқы барымталаған. Ағайын арасы бұзылып, үлкен даулар өршіп, соңы билердің шешімімен айып салумен шешілген. Рудың байлары барымта арқылы бір-біріне сес көрсетіп, мықты, беделді болмаққа ұмтылған. Ал қазір мына заманда закон бар. Мына қылығыңды көрсе, анау бейітте жатқан әкең мен анаң не дер еді? Әттең, дүние... «Пәленшенің баласы қалтақағар екен. Тәрбиесіз өскендігі ғой» десе, жер қарс айрылады. Қой, балам, мұныңды», – деп ренжіп, ақылын айтқан.

   Ойынан арыла беріп, Бөлек қабағын түйді. Сары бақаның: «Үлкен кісілер бұл заманның парқын білмейді. Тірлік ет. Ұрла-жырла. Қайткенде ақша тап» дегені есіне түсті.
   Сонан соң жұрт айтатын барахолкінің оң жақ қақпасының алдында тұрғанын бірақ білді. Жолды иықтай қонған зәулім үйлер. Айқайлап: «Мені оқы», деп тұрған жарнамалар, ығы-жығы қоңыз мәшинелер. Қарақұрым қайшы алысқан жұрт. Бүкіл қала халқы осы бір маңға көшіп келіп, түстеніп жатқандай, түге. «Мұны несіне есіме алып, тұрмын ә? Алып базардың құбыласында орын тепкен үйдің есігі мен төрі екі аттам еденінде, көлденеңі мен ұзыны бірдей Мария есімді орыс кемпірінің қуыс мекенінде, Сары бақа – Саржан екеуі, күлімсі иісті матрасты құшақтап күн кешті ғой. Таң бозынан тұрып, күн батқанша көрінгеннің асай-мүсейін ары-бері арбамен тасып, маңдайынан тері құйылып, күйбеңдегенде табатын тиыны тамақ ішіп, жалдаған үйі мен арбасының құнына жететін. Амалын тауып, билет алып, пойызға отырып, ауылдағы әжеме жетсем-ау, – деп қаншама рет армандады. Шөмпиіп жүдеп кетті. Ондайда үйдің қожасы – додабас кемпір: «Әй, малыш, ты случайно не болеешь?»  деп жиі сұрайтын. Тіпті жаны ашып, Саржан екеуін түйірі аз, сорпасы мол көжесіне шақыратын. Ол да талшық екен. Қанша бір шаршап келсе де, түннің бір уақытына дейін көз шырымын алмай, есік пен терезеге жүгіріп есі шығатын. Сондағы көретіні қаланың шығатын күні мен атқан таңы. 
 
***
 
   Сары бақа екеуі әлгінде ғана нөмері 37-ші автобусқа мінген. Ығы-жығы жолаушы. Сары бақа мені «жапса», анау қарны шермиген «Айфон» ұстаған байшікеш әйелді «тазалаймын». Жақындай түсуім керек. Алға жылжыды. О, сұмдық қарсы алдында әжесі отыр. Басындағы орамалы да сол. Енді не дермін? «әжесіне» көз астымен ұрлана көз тастады. Нағыз қаланың кемпірі. Плюш қажекей, аяқта қымбат бағалы шетелдік туфли. Тұра тұр. Сол жақ бетіндегі меңі көрінбейді. Мұрны аспан тіреп тұр. Алжиын деген шығармын... Сөйткенше: – Балам, мына «Оңай» картішкені бастырып берші, – деген әжесінің қарлығыңқы үні шықты.  Кемпірдің тапсырмасын орындап, қолына затын ұстатты да, ары жылжыды. 
– Айналайын бағың ашылсын, деп «әжесі» алғысын айтқан. Үні қайырымды шықты.
Әжем не істеп жүр екен, ә? Екі-үш рет достарыма хат жазғызып, орталық поштаға жіберіпті. Сағынып жүргенін енді түсінгендей. Әйтпесе, бөтен біреуді әжесімен шатыстырмас еді-ау. – Әй, Қос- саусақ түс көріп тұрсың ба? – деп сыбыр етті Сары бақа.   – Е, жоқ, – деді селқос қана.
– Онда не қып тұрсың?
– Әжемді көрдім.
– Қайдан?
– Осы автобуста мүгедектерге арналған орында отыр.
– Оттапсың...
– Оллаһи, шыным. Нанбасаң көріп кел. Сары бақа сенбей артына бұрылып ап, жыландай жылжып артқы жаққа кетті де, әп-сәтте қайтып оралды.
– Әй, Қоссаусақ. Тура бар ғой, аумайды. Бірақ...
– Несі бірақ?
– Әжеңе қалаша киіну қайда? Оның үстіне әжең жанындағы кісімен орысша сөйлесіп отыр.
– Солай де. Тфу. Мен де алжасып...
– Көзіңе шайтан елестеген ғой. Ісіңе кіріс. Мен дайынмын.
– Шын-ей, әжемді сағынып кеттім. Ауылға қайтайықшы. Мына бір масқарадан аулақ қашайықшы.
– Екі күннен соң өтетін туған күнді ұмытып кеттің бе? Шеф шекеңді қыздырады. 
– Байшыкештің шалбарының артқы қалтасы түймелеулі, – деді сыбырлап.
Сөйтті де селк етіп Сары бақаны бүйірінен түртіп қалды. 
Аңдаусызда тиген ортаңғы саусақтың түртпегіне Сары бақа «ых» деді де, жан-жағына қарады.
– Былай қара, – деді Бөлек қабағын түйіп, автобустың оң жақ терезесіне бетін бұрып.
Автобустың қабырғасында ақ қағазға «Ұрылардан сақтан!» деп жазылып, астына тіз қатар етіп, қалтақағарлардың суреттерін іліп тастапты.
– Мынау «Пискарь» ғой, – дей беріп, Сары бақа сөз аяғын құмыға бітірді. – Әлде біреу естіп қоймады ма екен? Жан-жағына ұрлана көз тастады. Өн бойы селкілдеп кетті.
– Масқара! – деді сыбыр еткен Бөлек. – «Тауық» та тұр, әне.
«Мыналарды ауылдың біреуі көрсе не дейміз. Тәубе, ішінде жоқ екенбіз...»
– Ана «әжеңе» көрсет, онда, – деді Сары бақа ызалана мырс етіп. Әуелі «мусорлардың» бірі бізді бақылап тұрған жоқ па?
– Келесі аялдамаға аман-есен жетсек екен...
– «Олжаң» қалып барады, – деді Саржан мысқылдап.
– Иә, қанша уақытым босқа кетті десеңші. Жайма базарға тезірек жетсек екен, – деді Бөлек.
– Періштесі қақты, байшыкеш бикештің...
Екеуі автобустан асыға түсіп, жүгіре жөнелді. Жан-жағына жалтақтай қарап, көшенің арғы бетіне өтті.
 
***
 
   Міне, бүгін кешкісін шефтің туған күні өтеді. Өзі шақырып алып, басқа ұрғандай етіп хабарлады. Не деген бітпейтін бейбастық. Қолдан келсе қонышыңнан бас. Бақыр шефтің үш туған күні бар. Түсіндірушінің айтуында билікшінің дүниеге келген күні – мамырдың он бірінші жұлдызы. Бұл туу туралы куәлікте жазылғаны. Әжесінің есімін өзгерткендегісі – маусымның жиырма екісі. Ал үшіншісін бір құдай біледі. «Бүгін менің туған күнім» дегенде қарсы тұруға құқың жоқ. Аса көп қонақты қарсы алмайсың. Ары кетсе үш еркек, үш әйел, шефті қосқанда төртте төрт. Жақсақалдары өскен, түстері суық, қайдағы бір адам сирек еститін сөздер: «Параша», «пахан», «лох», «хелло-у», «короче», «мент», «салага», «шеф», «бугор» жетіп артылады. Шамасы түрмедегілердің ауыз екі сөзі. Олар кеткенше алып кел, барып кел. Ал берген тапсырмасы бірауыз сөз. «Уәде орындалу керек!». «Былай жүрсең өгіз өледі, олай жүрсең арба сынады». Ол үшін ақшасы көптің қалтасын қақ. Сонан соң көңілің тоқ.
   Бөлек екі айдан бері Бақадан жасырып ақша жинап жүрген. Олжалы болған күні Сары бақа мен шефтің «еншісін» беріп, қолына он мың теңгені әдейі артқы қалтасына салып:
– Маған бұйырғаны мынау. Темекіге, сыраға жетеді. Сен сияқты арақ ішпеймін, – дейтін досын риза қып. Ол да жыланның күйсеуін сезетіннің өзі. Олжалы болған күні Бөлектің қасынан қарс елі қалмайды. 
 
***
 
Бөлектің желке тұсынан Сары бақаның:
– Пай-пай, өзі әдемі екен, ә. Қарашы, аяқтары оқтаудай түзу, ә. Қыпша бел. Қалтасы да қалың шығар, – деп «ә»-сін көбейтіп, тамсана сыбырлағаны естілді.
– Мен адам танысам ауылдың қызы, ә. Сауда жасауға келген ғой, ә. Бүгін шефтің туған күні. Салықты да мол салды. Өзімізді көрсетіп қалуымыз керек, Қоссаусақ, ә... Екеуі қыз беттеген жаққа жеделдей кеп жетті.
– Жап, – деді Бөлек бір сәт серігіне сыбырлап. Сүйріктей саусақтары сары қапшыққа сүңгіп кетті де, қоңыр түсті былғары әмиянды лып еткізіп суырып алып, көз ілеспес қимылмен Сары бақаға ұстата қойды.
– Бүгін бір жалғанды жалпағынан басайық, – деді сонан соң ыржың етіп.
Сөйтті де Бөлек ығы-жығы елдің арасынан сытыла шығып, ұзай беріп, қалт тоқтады. Қораға қой санап енгізген қойшыдай күбірлеген ол, көк қол шатырлы, бұрымды қыз қайта көзіне түскен сәт елең етті. «Ауылдың қызы, ә» деді, Сары бақаны ішінен мазақтап. Сөйтті де өзінен-өзі жүгіре басып, қуып жетті де, шатырының астына еркінси кіріп алды. Онымен қоймай:
– Кешіріңіз, саяңызға саяхаттауға бола ма? – деп әзілдесін кеп. Тосын тірлікке қыз үркектей жалт қараған. «Шақырусыз қонақтың» одағай қалжыңы әсер етті ме, кім білсін:
– Есіктен кіріп, төр менікі дегеніңіз бе? – деп жаймен қарсы жауап қайырды, ашуланбады. Белінен сәл төмен қиылған қос бұрымын арқасына сілкіп тастап, Бөлектің қылығына наздана жымиды. Екі бетінің ұштарына оймақтай шұңқыр дөңгеленіп, жүзіне ішкі сезімі ұйый қалыпты. Бөлек қыздың қарақат көздерінің тұңғиығына тұншығып, қапелімде аузына сөз түспеді. Сәлден соң ғана:
– Бір де ноль, сіздің пайдаңызда, – деді желкесін қасып. Нағыз хордың қызы. Қыр мұрынды, аққу мойын. Моп-момақан, құдды еліктің лағындай. Үнінде жарасымды әзілдің мақамы. Жас шамасы өзі құралпас, он бес-он алтының ар жақ, бер жағы.
– Сазамды тарттырдыңыз, бойжеткен, – деді Бөлек тағы тек тұрмай. Қызды сөйлеткісі келгенін өзі де аңғармады.
– Айыбыңызды төлесеңіз, кешіруге мен дайын. Қыз сыңқылдай күлді. Жанарынан жалт еткен от ұшқын Бөлекті тағы да сілейтті.
– Орындауға әзірмін. Екеуі үнсіз алға жүрді. Көк те, жиек те бұлт құрсанып, еңсені басып, аспан асты тесілген қазандай-ақ, себелеп жауған жаңбыр толастар емес. Сөйткенше, артынан Сары бақаның белгі ысқырығы естілді. Бөлектің өн бойы құмырсқа жүгіріп өткендей дір етті. «Әй, сұмырай-ай, басқан ізімді аңдып... Қап, сұлу қызбен әзілім енді жарасып еді» – деді өкініп. Бұл екі ортада бейтаныс қыз құбыла беттегі тоқпақ жіліктің қуысындағы құрттай құжынаған қалыңға бұрылып, алдыға ұзады... Шатырын жиып ала беріп, артына бұрылып:
– Сөздің адамы екенсіз, – деп тілін безеп қалды. «Мына сұлудың қорлығы-ай. Мат қойып кетті».
 «Әмиянынан айырылғанын білмейді-ау, осы қыз. Қап-ай, соған несіне қызықтым екен. Бәрін бүлдірген аш кенедей жабысқан Сары бақа ғой. Елдің күресінін аңдыған ұры тазыдай жүгіріп жеткен жоқ па?». Жүрегі атқақтап аузына тығылды. Санасында жылт еткен жымысқы ойдың өткір жүзі өн бойын тіліп өтті.
– Сасқан үйрек артымен жүзеді. Сіз дәл бір қызды асыға күтіп жүрсіз, – деді бейтаныс алғашқыдағы сұрағын батылдандыра түсіп. Қапелімде Бөлектің ойына серігінің есімі түсті. 
– Сары бақаны, – деді өп-өтірік. Қыз құдды өштескен жанша қайта шүйлікті. 
– Құрлықтың бақасы ма, көлдің бақасы ма? – деді мырс етіп.
– Ех... ехе ... Біз оны еркелетіп, иә, «Сары бақа» дейміз. Өзі де бақа сияқты. Шын аты Саржан, иә, Саржан, Сары бақа... Сөйтті де Бөлек сөз аяғын құмға сіңген судай жұтып қойды. 
– Өзің тіпті ұялшақсың ғой. Қыз көрсең, есің шығып дірілдеп... Менің есімім Раушан. Әжем мені Рауғашым деп атайды. Бейтаныс қыз енді сізден сенге көшті. Қыздың «жүндеуі» намысына тиген Бөлек «тіріле» бастады. 
– Есімің әдемі екен. Тойс, студентсің ғой... 
– Жоқ, жұмыссыздар отрядынанмын. Әжемшілесем, «жарғақ құлағым жастыққа тимей», жұмыс іздедім. Енді ауылға қайтамын. Медучилищеден топ еткізді, конкурстан өтпедім. Сенің есімің кім, осы? Дымбілмес пе, әлде дымсезбес пе? Бөлек лақап есімін атай жаздап барып, тежелді.
– Сөйткенше аспанды қылыштай қақ бөліп, найзағай жарқ етті де, тау соғыстырғандай жер дүниені тітіреткен әзірейіл гүріл естілді. Ірі-ірі тамшылар шатыр қалпағын сарт-сұрт соғып ала жөнелді.
– Тезірек, Бөлектай! Шатырға кір! Раушан жігітті ықтасынға қарай сүйрей жүгірді. Бөлек қызға жалт қарап еді, Раушан қуана жымиды. Содан ба, Бөлектің жүрегінен тас түсіп, аспан да, аяқ басқан Жер-ана да дәл осы сәтте күндегісінен кеңейіп кеткен сияқты көрінді. Тіпті бар дауысымен бала күнгідей «Жау, жау, жаңбыр» деп айқай салғысы келді.
Екеуі жолдың сол жақ бетіндегі дүңгіршектің ықтасына жетіп, қолшатырдың астына ұйыса қалған сәтте Раушан:
– Айыбыңды төлемедің, сұлу жігіт, – деп тағы тиісті.
– Менің арқамда жауынға сүметілмей жаның қалды...
– Қазір, – деді Бөлек күңк етіп.
– Осы жерден қозғалма!
– Туу, әзілді де түсінбейсің бе? – деп Раушан азар-безер болып еді, жігіт дес бермеді.
– Айттым, бітті, – деді сөз аяғын жұтып.
– Қасарысуын, – деді жаңбыр суына малынған қыз маңдай шашын сілкіп тастап. Онымен қоймай:
– Бөлек, тезірек кел. Әйтпесе, мені біреу алып қашып кетіп жүрер. Сен сияқты сұлу жігіттер, миллион, – деді жігіт артынан еркелей дауыстап. Бөлек артына бұрылып, басын изей, күлімсіреді.  
 – Әй, Қоссаусақ, әлгі бикешпен несіне ауыз жаласып қалдың, ә? – деді Сары бақа Бөлекке салған жерден шаптығып.
– Өзі сұлу екен, ә? Нағыз «көбелек», ә?
– Жап аузыңды, Раушан ондай қыз емес. Әжеме апаратыннан екі жүз баксты бер, – деді серігінің сөзін жақтырмаған Бөлек.
– Тыраштанғаның тиын ғана екенін білесің бе, ә?
– Қанша?
– Мыңға да жетпейді. Түсіндің бе, ә?
– Мейлі. Әкел әмиянды!
– Әмиянды иесіне қайтарып берейін деп тұрсың ғой, ә?
– Онда шаруаң болмасын. Сөз біреу, құлақ екеу.
– Не дейсің, ә? Ха... ха... Мұныңды естісе «шеф» күліңді көкке ұшырады.
– Өзі білсін. Азар болса, бір таяқ...
– Сары бақа – Саржан досына таңырқай қарады. Кеше ғана «Үлгіден» жетектеп әкелген Бөлектай – Қоссаусақ қызға ғашық, ә?    О, сұмдық! Шеф сындырады ғой, байғұсты. Бесіктен белі шықпай жатып, махаббат ненің сәні, ә? Әжесін асыраған түрін, мұның. Байыдым, үйленемін деп жүрмесін осы. Пәлі, мұның куәлігі де жоқ, ә? Саржан – Сары бақа «ә»-сін жүз қайталап, тұра жөнелген Бөлектай  Қоссаусақ досының тірлігіне шыж-пыж боп, ызалана гүжілдеп көзімен ұзатып салды. «Бүйте берсе бұл, анау «шеф» жалдаған бір бөлмелі үйінен де айырлады ә? Өзі «Қоссаусақ» деп еркелеткенге семіріп барады, ә? Беделің бес тиын. «Шеф» кекшіл. Анау дос менттерге сыбыр етсе, «с поличным» ұсталып, бес-алты жылды арқалайды. «Шефтің» өзі ескерткен. Әй, дегенмен «Қоссаусақ» нағыз ғажап ұры, ә? Ана Ферғананың өзбегінің қас пен көздің арасында екі мың «баксын» қақшып кеткен жоқ па? Дегенменде Қос- саусақтың бүгінгі шолжаңдауын «шефке» хабарлау керек, ә. Ертеңгі күні басым бәлеге ұшырап»...
– Сұлу қыз, қабыл ал! Енді сен екеусің. Қыз-Раушан, гүл-Раушан, – деді ойнақы әзілдеген Бөлек қызға гүл ұсынып жатып. Раушан ашаң жүзді, алтын тісі жарқыраған, малмандай су, бойшаң жігіттің жүзіне күлімсірей қарап, жанары жәудіреп сүп-сүйкімді, бұрынғыдан да сұлу боп кеткендей.
– Рахмет! Енді сенімен бірге әшекейлі пәуескеге мініп, иық тірестіріп отыру міндеті тұр. Кавалердің кемшін тұсы қалпағы мен мойын бантигі...
– Қай жаққа сапар шегеміз? – деді жігіт еркелеген қызға.
– Дүниенің шетіне... Мырза жігіттер қай қыздың да көз тұмары. Екеуі қолшатырдың астында тұрып, жарыса күлді. Уәделескендей шетелдік «поуескенің» артына отырды. Бейтаныс шопыр жігіт екеуіне сүйсіне жымиған сәт, Бөлек жүргізушіге мың теңгені сестене ұсынған. О, ғажап! Сұлу қыз басын орындыққа шалқайта сүйеп, көзін жұмыпты. Ғажап көрініс.
 
***
 
– Келдік, – деген жүргізушінің ақжарқын үні естілді.
– Міне, өздерің айтқан 47-ші үй. (Бөлек шопыр жігіттің бұлардың тірлігін бақылап, сүйсініп келе жатқанын қайдан білсін).
– Рахмет! Бөлек жігітсіне жауап қатып, кеудесін көтеріп, машинаның есігінің тұтқасын ұстап, ашып жіберді.
– Раушан, үйге келдік, – деді сонан соң. Сөйтті де осы бір сәтке дейін «ұйықтап» отырған қыздың қолынан айырылмаған күйі сыртқа икемдеді.
– Қонағым бол. Ағаңдікіне апарып саламын. Уәде де тұратынымды білесің ғой. 
– Үйге апарып тастайсың ғой.
– Иә.
– Шағын жалғыз бөлмелі үйдің іші ыбырсып жатыр. Көк иісі бұрқырайды. Оң жақ керегеде ағаш кереует орын теуіпті. Ортада қызылқоңыр плюшпен жабылған ескі үстел. Бұрышта «Daewo» телевизоры, бейнетаспа. Сол жақ қабырғада көнетоз қоңыр шкаф, үш-төрт орындық, қабының жұлымы шыққан ескі диван. Еденнің төскейінде түгі қырқылған түрік кілемі. Қабырғада өңшең бір қаптап кеткен Шварценеггер мен Ван Даммдар жапсырылыпты.
– Біздің хан сарайымыз осы, – деді Бөлек көзін күлімдетіп, қос алақанын бір-біріне үйкелеп. Сөйтті де Раушанды диванға әкеп қондыра салды. – Мен шай әзірлеп жіберейін.
– Көмектесуге әзірмін, мырза жігіт! Қыз лып етіп орнынан көтерілді.
Бөлек жақын маңдағы дүңгіршектен оралғанда Раушан бақырға ет шыжғырып, жуа турап жатыр екен. Алты ай жуылмаған ақ шәугім кірінен айырылып, әуенге басыпты. Бөлек бұл жолы да қызығып кетіп, Раушанды сүйіп алмаққа ыңғайланды да батылы жетпеді. Осалдығын «шатақ» қыз «бақырды басыма кигізер» деп жуып шайды.
Әп-сәтте үстел үсті жайнап салды. Ортаға ақ қайнар мен құмырсқа бел фужерлер «қожалық» етті. Сөйткенше, есік дүрсілдей соғылды. Екпініне қарағанда менмен біреу.
– Сатқын, – деді орнынан ұшып тұрған Бөлек.
– «Шефті» ертіп келген ғой. Лох. Сол бір нәрсені түсінеді дейсің бе? Қорқау. Мен досым деп жүрсем. Соған еріп...
– Ей, Қоссаусақ аш деймін, мен саған, – деді жер астынан шыққандай әзірейіл дауыс.
– Есікті сындырамын.
– Раушан, – деді осы сәт қызға.
– Қорықпа. Бұл қожайын ғой. Ішіп алған ба? Бүгін оның туған күні. Қыздың көзі тас төбесіне шықты.
– Үй бос емес, – деді есік көзіне жеткен Бөлек сыртқа дыбыстап. Әулекі екен, бітімге келмеді.
– Өлтірем, иттің баласы. Қожайын есікті тепкілеп жөнелді.
– Шеф, не сұрасаң бәрін тауып беремін. Тек қызға тиіспейсің, – деді жалына үн қатып.
– Солай де. Маған қойған шартың ба, бұл? – деді гүж еткен бейтаныс.
– Намысымды таптама, өтінемін.
– Ха, ха. Намыс дейді. Сен де соның бір түйірі бар ма? Дөйқара асықпай басып, екеуіне төніп келді. Бөлек қызды бауырына қыса, бұрышқа қарай шегініп еді, бейтаныс түк басқан оң қолымен жанына ысыра итерді де, Раушанға ентелей кеп, үңірейе қарады.
– Сұлу екенсің, бикеш, – деді сақаулана ыңырсып.
– Сүмелектерге сылқымдар үйір ә?
– Мен сылқым емеспін, – деді Раушан үні әрең шығып.
– Жөндеп сөйлеңіз... Бұл сәт ортаға Бөлек киліккен.
– Шеф бұл қыз сенікі бола алмайды, – деді ышқына дауыстап. Сөйткенше, үй-ішінің әлем тапырағы шықты. Бөлек анандайға тулақтай боп ұшып түсті де Раушан шыңғыра ұмтылды.
– Семірейін деген екенсің, сүмелек. Дөйқара Бөлекке ентелей жүгіріп еді, Раушан жігіттің үстіне жатып алды.
– Бөлек, жаным! Мұның не? Әлгідегі сүп-сүйкімді жігіттің шашының ұйпа-тұйпасы шығып, мұрнынан аққан қан жүзін айғыздапты. Мылтықты дөйқараға бағыттап, түсі суып кетіпті.
– Жан керек болса, жоғал, – деген Бөлектің үні қырылдай естілді. Бөлме ішінде атой салған бейбас қара, есікті ішінен кілттеп, олжалы аңшыдай қорбаңдап бұрыла берген. Өзінен бес-алты қадам жерден өзіне қарай бағытталған шолақ мылтыққа көзі түсті де аттамаққа ыңғайланған аяғына сүріне беріп, түзелді. 
– Әй, бала, байқа! – деді сонан соң.
– Үшке дейін санаймын. Бөлектің жүзі адам танымастай түнеріп, жағы суалып, қанын ішіне тартып алыпты.
– Мынау қайтеді-ей, – деді сонан соң дөйқара күңкілдеп.
– Бір, – деді Бөлек дауыстай санап. Дөйқара енді есін жиды. Ләм деместен есіктің кілтіне жабысты да, сылдыр бұрап ашып, атып жібереді деді ме, жотасы бүлкілден ата жөнелді.
– Малғұн, – деді есікті ішінен кілттеген Бөлек.
– Иттің баласына босқа ашқан екенмін, ух...
– Осы бір сәтке дейін бұрышта қалшиып тұрған Раушан еңіреген күйі Бөлектің құшағына сүңгіп кетті де бас салып, шөпілдетіп сүйіп, тілінің ұшына келген бар қарғысын дөйқараға үйіп-төкті.
– Дүниеде осындай зорлықшыл адамдар көп, ә, Бөлек. Жауап орнына жігіт басын изеді.
– Сұмырай қазір мұнда малғұндарын ертіп келеді. Бұл жерден тезірек кетейік.
– Көзді ашып-жұмғанша жиналып, Бөлек терезені ашып жіберіп, жан-жағын тексеріп алды. Топ етіп сыртқа түсті де, қызды көтеріп жерге қонақтатты. Шолақ мылтықты жол қапшығына тықты.
– Жинап ал, боқ дүниеңді, – деді сонан соң артына қарап, ызалана дүңк етіп.
– Екеуі қалың бақтың ішіндегі жалғыз аяқ соқпақпен құбылаға қарай өрледі. Ағаш басынан тамған тамшыдан қорғанып, шатырларын жайды. Жігіттің ішін балқыған қорғасындай бірдеңе күйдіре өртеп, өкініш пен өксікке тұншықтырды. Раушан жігіт жүзіне мұңдана қарап, серігін сергітетін айла іздеп әлек.
– Өзі түйедей екен, ә? Сені қалай топ еткізді. Бірақ сен де есеңді жібермедің, ә, – деп әр сөздің басын бір шалды. Өзімсіген жылылық бар үнінде.
Бір сәт Бөлек қалың жынысқа бұрылды.
– Жасырынамыз ба? Ол біздің артымыздан қуып келе жатыр ма? – деген қыздың үркек дауысы естілді. Бөлек басын шайқады.
– Раушан, саған бірдеңе айтсам кешіре аласың ба? – деді сонан соң.
– Сен бұзықтық жасаған жоқсың ғой, – деді қыз аузын томпайтып.
– Раушан, жаным, кешір. Мен ұрымын. Кәдімгі қарабазардың баукеспесімін, – деді Бөлектің дауысы дірілдеп. Сөйтті де жанары жасқа шыланып, бүк түсіп отыра кетті.
– Мейлі, – деді Раушан.
– Сен менің құтқарушымсың... Кеу- деңді көтер!
– Мен сенің ақшаңды да ұрлап алдым. Мінеки... Бөлек былғары әмиянды қызға ұсынды.
– Нағыз жігітсің. Бірақ онда ақша аз болатын. Мың сом билетке керек. Онда тұрған не бар. Аузын ашқан, аңқау болған, өзім...
– Мен сенің алдыңда өмір бойы айыптымын. 
– Мен сенімен бірге ауылға қайтамын. Әжеме барамын.
– Солай де.
– Ұрлығымның ең соңғысы осы болсын. Сен дос қызыңмен бірге қайтасың ғой.
– Иә.
– Онда үшеу болдық. Бір өтінішім бар.
– Айта ғой.
– Бүгінгі оқиға туралы дос қызыңа ләм демеші.
– Мақұл. Менің ондайым жоқ.
– Жарайсың, Раушан. Сен менің өмірімді өзгерттің.
– Солай ма? Иә, дұрыс айтасың. Бөлек қуанып кетіп Раушанның бетінен сүйіп алды.
– Сұлу қыз мен сені вокзалда күтемін. 
– Мен де саған қарыздармын.
– Бақтан шығып жанынан өткен қыз бен жігітке шемішке сатқан жаулықты кемпір қызыға қарап, ұзатып салды. «Қандай жарасып тұр, ә» – деді сонан соң күбірлеп. «Қазақтың бір түтінінің болашақ анасы мен әкесі болғай. Құшақтарың жазылмасын, қарақтарым. Үлкеннің тілеуі ғой... Сөйтті де қолын көлегейлей көк жүзін барлай қарады. Бұлт ыдырай бастапты. «Жауын енді қоятын шығар», – деді сонан соң.
 
 
Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі