Елдігімнің белгісі

Уақыты: 05.06.2018
Оқылды: 1452
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым! 
Cүйінбай АРОНҰЛЫ

Ту – әлемдік өркениеттің алтын қазынасын баға жетпес құндылықтармен байытқан байырғы көшпенділер мәдениетінде айрықша құрметтелетін басты нышандардың бірі. Еуразия атты осынау қос құрлықтың апайтөс даласын кенеусіз мекендеп, ат үстінде азат ғұмыр кешкен Алаш ұранды аталы жұрт үшін байрақ мемлекеттіліктің мызғымас кепілі, бостандықтың бірегей белгісі саналған. Сондықтан да күн түбіне жортқан баһадүр бабаларымыз кезеніп келген жарақты жауға жанын берсе де, байрағын бермеген. Оған әйгілі «Олжабай батыр» жырында айтылатын қазақ пен жоңғардың Сыр бойында өткен қанды шайқастарының бірінде астына мінген сары қасқа тұлпарына жебе тиіп, жау қолына тұтқынға түсер шағында хан Абылайдың қолына ұстаған ақ туды аманаттап Олжабайға тапсыруы жайлы тарихи оқиға дәлел.
Жалпы көп ғасырлық күрделі тарихымызды ой елегінен өткізсек, айбыны асқақ, мәртебесі қашанда биік болған Қазақ Ордасы туының түсі бір емес, бірнеше рет өзгерген. Мемлекеттік тарихымызға тікелей қатысы бар, «садағын сағымға ілген» қаған Шыңғысхан қолына тоғыз тұғырлы ақ ту ұстаған. Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібектің туы көк түсті болса, Еңсегей бойлы Ер Есім Ақ Орда билеушісі атанған арғы атасы Орыс ханның киелі қызыл туын қолына алып жауға шапқан. Ғылыми әдебиеттерден алынған бұл деректер тарихи танымы қалыптасқан қазіргі көзі қарақты оқырманға кеңінен таныс. Ең бастысы, елінің «жел жақтағы – панасы, ық жақтағы – саясы» бола білген данышпан бабаларымыздың дәуір алмасып, туының түсі өзгеріп отырғанымен Отан қорғау жолындағы өнегелі ісі ешқашан өзгермегені ақиқат.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында белі бекіп, бұғанасы қатпаған біздің еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді бекіту кезек күттірмейтін маңызды мәселенің бірі болды. Аллаға шүкір, аспан түстес азаттығымыздың айғағындай, мәңгілік бостандығымыздың белгісі ретінде қос құрлықтың кеңістігінен Көк байрағымыз желбіреді. Жомарт жүрегіне күн қонақтап, қыран ұя салған кемеңгер халқымыз әлемдік қауымдастықтың алтын қақпасына келіп ат байлады. Көк туымыз арқылы күллі дүние біздің «барша адамзат баласын бауырым» деп сүйетін даладай дарқан пейілімізді таныды. Осылайша, тұлпарының тұяғы тиген топыраққа ізгіліктің дәнін сепкен парасатты бабалар рухын қайта жаңғырттық. Алайда бұл көздеген межемізге жеттік деген сөз емес. Алдағы уақытта тәуелсіз мемлекетіміздің  тұғырын биіктетіп, «Мәңгілік Ел» болу мұратын өскелең ұрпаққа үлкен абыроймен табыстау сынды алты батпан аманат алдымызда тұр. Осынау ұлы мақсаттың жолында біз бүгінгі жас буын:
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді Алашты ешкімнің,
Қорлауына бермейміз, –
деп Сұлтанмахмұт атамыз сияқты Ар алдында серт бергіміз келеді.
Қасиетті Көк байрағымыз Қазақияның азат аспанында мәңгілік асқақ қалпында желбірей берсін!

Еркін ҒАПУ
Панфилов ауданы