Қыраны көкке самғады

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 1169
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әрбір өнерпаздың шығармашылығына жол ашып, өнерге баулып отырған Бақанас саз мектебінің құрылғанына 5 жыл толуына орай аудандық Мәдениет үйінде «Өнерлі өрендер» атты академиялық есеп беру кеші өтті. Мерекелік концерт барысында аталмыш өнер шаңырағы алғашқы түлектерін де ұшырды.

Бүгінде Бақанас саз мектебі ән мен күйді әуелетіп қана қоймай, өнерге қанат қаққан 120 өнерлі  өрендерімізді домбыра, қобыз, баян, фортепиано және вокалдық ән айту сынды мамандықтар бойынша даярлайды.
Өскелең ұрпаққа қоғам талабына сай кәсіби деңгейде музыкалық білім мен эстетикалық тәрбие беру бүгінгі таңдағы мектептің басты талабы. Әр шәкірттің кәсіби білім алу жолында 13 мұғалім аянбай еңбек етуде. 
Мерекелік концерттің ашылуында алғашқы болып сөз алған Бақанас саз мектебінің директоры  Бақыт Дәуітбаева: «Ел болашағы – білімді, өнегелі, халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтейтін жастар десек, болашақ ұрпағымызды тәрбие-біліммен қатар түрлі өнерге баулу ұстаз алдындағы үлкен абыройлы міндет екені айқын. Балаларға қосымша білім беру жүйесі осы кеңістіктің ең динамикалық және дамушы құрамды бөлігі, ол стандартты жүйеге қарағанда ерекше ашық және еркін дамуды қалыптастырады», – дей келе білім ордасының алғашқы түлектеріне сәттілік тілеп, өнерсүйер қауымды айтулы мерекемен құттықтады. 
Осыдан кейін аудан әкімінің аппарат басшысы Жанат Жүнісбеков Бақанас саз мектебі ұжымын мерекесімен құттықтап, бітіруші түлектерге жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ,  өнер мектебі ұстаздарын аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. 
Мерекелік кештің соңы концертке ұласты.

Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы