Музыка мұхитындағы - Мұқан

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 2351
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу өлкесі – ертеден-ақ ән мен күйдің, өлең мен жырдың алтын бесігіне айналған мекен. Осы орайда  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында облыстық С. Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханада қазақтың біртуар композиторы, КСРО-ның Халық әртісі Мұқан Төлебаевтың туғанына 105 жыл толуына орай «Музыка мұхитындағы Мұқан» атты музыкалық еске алу кеші өтті.

Аталмыш шараға І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың педагогика және психология факультетінің профессоры Жұматай Таубалдиева, М. Төлебаев мемориалды музейінің меңгерушісі Ақжібек Жұматаева, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері Абылайхан Қармысов, Оралбай Мұхамедиев, Асхат Мәдиев, облыстық әжелер ансамблінің мүшесі Шара Бөркеева, жас ақындар мен БАҚ өкілдері қатысты. 
Қатысушылар дарынды композитордың қайталанбас өнерін, музыка әлеміндегі өзіндік орнын сөз етіп, ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, «Қазақ музыка мәдениетінің классигі» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жүргізіліп, композитор өмірінен бейнесюжет көрсетілді. «Шабыт» қызығушылар клубының мүшелері мерейтой иесіне арнау өлеңдерін оқыса, Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншілерінің орындауында композитордың «Тос мені, тос», «Кестелі орамал», «Ақмарал сұлу еркем-ай» атты төл туындылары шырқалды. Оқырмандар қызығушылығын арттыру мақсатында, композитордың өмір жолдарынан тұратын деректерден сұрақ-жауап ойыны жүргізілді. 
Шара соңында С. Сейфуллин атындағы әмбебап кітапхана әдіскері Құралай Сәлімқызы қорытынды сөз сөйлеп, естелікке кітап табыстады.

Ш. Сүлейменова,
С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасы өнер бөлімінің меңгерушісі