Шебердің қолы

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1670
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіз туған Отанымыздан айналайық?! Кең байтақ жеріміздің әр тасы, әрбір бұтасы ыстық. Көгіне шұбатылып жататын көк түтіні де көңілімізге жақын. Ұлағаты мол ұлтымыздың қара домбырасынан төгілер күмбір де күмбір күйіне, ғажайып көркем тіліне жетер ештеңе жоқ?! 

Елбасымыз Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біріншіден – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», – деп атап айтты. Біздің ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің қайнар көзі, тұнба байлығы – қасиетті қара домбырамыздан арна тартып келеді. Қастерлеп төрге іліп қоятын домбыраның орны да жөні де бөлек. Кең даланың құшағына ғаламат үнмен Құрманғазының күйлері төгіліп бір кеткенде толқымайтын жүрек, туламайтын қан болмайды.
«Қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» демекші, біз сөз еткелі отырған Болатбектей азамат кішкентай кезінен домбыраның келбетіне қызығып, күміс үніне ынтық болып өскен ауылдағы қара домалақтардың бірі. Нарынқолдың бір перзенті. 
– Үш жасымнан Үсендей атамның тәрбиесінде өстім. Айналайын атамнан алғаным көп. Тергенім жетерлік. Ағаштан ертоқым, сандық, бесік секілді бұйымдарды жасайтын, қолөнердің шебері еді. Қасына ертіп жүріп көп дүниені үйретіп кетті. Атамның бейнесі әрдайым жүрегімде тұрады, – дейді Болатбек балалық шағына көз жүгірткендей.
Көз алдында қазақтың қастерлі қара домбырасы, құлағында ғажайып үні тұратын Болатбек атасынан домбыра тартуды үйренді. 9 сыныптан кейін асқақ арманының қанатында Алматыға келді. Қаладағы № 7 кәсіптік мектептен дәріс алып, «ұлттық қолөнер» мамандығын алып шықты. Ару Алматыда жүріп болашағын қамдады. Қазақтың біртуар азаматы, белгілі мүсінші, он саусағы өнерге тұнған Құрақбай Егізбаев Болатбектің үлкен әкесі болып келеді. Тауларындай тұлғалы Құрақбайдай үлкен әкесі талабын одан әрі ұштап, білмегенін үйретті. Бұлақ көзін ашқандай болды. Кәсіптік мектептен алғаны, Құрақбайдай әкесінен үйренгені, алған тәлім-тәрбиесі бар Болатбек бүгінде ұлттық қолөнеріміздің шынайы шеберінің біріне айналды. Қазір ол домбыра, қобыз, жетіген  секілді ұлт аспаптарын жасайды. Көздің жауын алатындай аспаптары сапалы, сәнді, бедерлі. Көрген жандардың көңілінен шығып жатады. 
– Ұлтымыздың көнеден келе жатқан қолөнері қалада жақсы дамыған. Бірінен-бірі өткен шеберлерің осында. Ал, ауылда қолөнеріміздің кенжелеп қалғаны жасырын емес. Сол үшін де өнерімді қалада емес, туған ауылымда көрсеткім келді. Төл өнерімізді ауылда дамытып, жас ұрпаққа ұлағаттауды үлкен мақсат еттім, – дейді Болатбек Өтегенов күлімдей тіл қатып.
Міне, отызға тола қоймаған ұлтжанды азаматтың, көкірегі ояу, он саусағы өнерге тұнған жас шебердің жүрегін мазалаған ізгі ойлары осындай. Сол үшін де үйлерінің жанындағы бос тұрған қара шаңырақты шеберханасына айналдырыпты. Нұрбатыр Омаров, Қайрат Нүсіпәліұлы секілді белді көмекшілері бар. Ұлт аспаптарын жасауға қажетті қайың, қараағаш, үйеңкі, жиде секілді діңі жуан ағаштарды қала жақтан, таулы өңірден де тауып әкеледі. Кептіріп қажетіне жаратады. Болатбек бастаған шеберлер ұлтымыздың ежелден келе жатқан келі-келсап, бесік, сандық, сусын құятын ойық ожау, түрлі сәндік ыдыстарды ағаштан жасайды. Оюлы, бедерлі әрі ажарлы дүниелерге деген сұраныс та баршылық. Оның ісін, жасаған дүниелерін алыстан ат арылтып келіп көрушілер, тәжірибе алмасып жүргендер де жетерлік. Құрақбайдай үлкен әкесі бір мақсатқа жету үшін ерінбей еңбектенуге, төзімді, шыдамды болуға тәрбиелеп кетсе, сол қасиеттерінен жаңылған жоқ. Содан да болар отыз жасына дейін алған асуы, қол жеткізген жетістігі қуандырмай қоймайды. 
Болатбектей шебердің қолынан шыққан төл туындылардың бірі – Абайдың домбырасына ұқсас, көрген жанның назарын бірден аударатын, өрнектерге толы сәнді де салмақты, шертіп қалсаң күмбірлеп тұрған қара домбырасы ерекше назарымызды аударған. Күн-түн демей беріле, ерінбей еткен еңбек, маңдай тердің өтеуіндей бұл домбыраның бағасы да тәп-тәуір екені даусыз.
– Менің шабытым көбінесе түн ішінде оянады. Көз алдыма түрлі суреттер келіп, жақсы ойлармен оянып кетем. Және соны іс жүзіне асырам. Өздеріңіз жақсы білесіздер, туған жерімізді өзгеге бермеу туралы халықтық пікір туып, үлкен әңгіме өзегіне айналған тұста осы домбыра дүниеге келді. Оның астыңғы жағына ұлтымыздың символына айналған қыран бүркіттің жауына сес көрсетіп, оны табанының астына бүріп ұстап тұрған келбетін салдым. Домбыраның бір жағына еліміздің, жерімізді жауынан қорғап келген батыр бабаларымызды бейнеледім. Ал, екінші жағына туған халқымыз бейбіт күннің құшағында тербетіле берсін деген ниетпен қазақтың қыз қуу, көкпар секілді ұлттық ойындарын бедерлеп, алаңсыз домбырасын шертіп отырған адамды кескіндедім. Өзіңіз куә болып отырғандай, домбыраның бас жағында, бетіне қыран құстың бейнелері, әйгілі Хантәңірі шыңының кескіні бар, – дейді Болатбек назарымызды аударған ерекше домбыра туралы әңгімелеп.
Нарынқол, Кеген өңірінде ұлт-аспаптарын жасайтын бірден-бір қолөнер шебері Болатбектің игілікті ісі қолдауға, өрістете өркендетуге лайық. Оның еңбегін, шеберханасын Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров көріп, танысыпты. Қолынан келгенінше көмегін көрсетпек ниетте аттаныпты. Аудандық кәсіпкерлер палатасы Болатбектей шебердің қолы көпке ортақ болсын деген ниетпен облыстық байқауларға қатыстырып, грант иесі болуына мүдделік танытқандары абзал. Болатбек қалада жүріп ең алғаш жасаған домбырасын көзі тірісінде Үсендей атасына тарту етіпті. Содан бері қаншама домбыра жасалды десеңізші?! Қастерлей қолыңа алып, баяу шертіп қалсаң күмбірлеп қоя беретін домбыралары көптің игілігіне айналып кетті. Ұлы Даламыздың құшағындағы байтақ елдің қара шаңырақтарында ілулі тұр. Оның алтын қолынан бояуы қанық, үні ашық ұлт аспаптарының көптеп дүниеге келе беретіні де ақиқат. Қолың қуатты бола берсін, Болатбек!

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы