Ел тілегі (әңгіме)

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1130
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өтпелі кезең кімге болмасын ауыр тиді. Азаттықтың ақ таңының әуелгі қызыл іңір, өліара шағы қай пендені де сең соққан балықтай етіп қайраңға сырғытты. Бұрындары қызыл үйдің аясына топтасып, бейқұт күн көрген ел, енді тұнығынан айырылып, көлшікке тап болған балықтай болып, құйғытпа күй кешті. Тірлікті неден бастап, неден аяқтарын білмей дал болды. Жазғыштар жүрісінен жаңылды. Қолына қалам алды болды, қу сирақ кедейді, оның қызыл түсті үкіметін мақтап, бай біткенді неше түрлі етіп, құбылта жамандап қоя беретін сабазың, енді ақ қағазды қалай шимайларын білмей, телміріп отырып қалып еді. 
Қызыл өкімет ұр да жық мінезі бар өгей әке секілді сезілген. Көңілі түссе қолда барын аямайтын. Ықыласы ауған тұсты көлдей шалқыған мол байлыққа кенейтін. Назары түспеген өңір шөлден қаталап, аштан бұратылып, өліп жатса да бүйірі бүлік етпейтін. Жалпы қулығына құрық бойламайтын, Сырдың суы сирағынан келмейтін қызыл қоғам бірде аузындағысын алып жесе де дым сезбейтін аңқау көрінсе, енді бірде бит ішіне қан құйғандай құйтырқы, қу болып кететін. Ақылынан аярлығы басым еді. Залым болатын. Енді оның бірі жоқ. Қызыл киімді адамның қолынан ас ішіп, итаяқ жалаған бұралқы қызыл иттер енді сол күндерін сағынып, діңкесі құрыды. Зауалды шағын күтті.
Қоғамның репеті өзгеріп, ел сарсаңға түскені анық еді. 
Егемен еліміздің жаңа бағдарламасын түсіндіру мақсатында елге үгітшілер тобы шықты. Екі-үштен бөлініп, әр ауылға дәріс оқыды. Жиналыс өткізді.
Аудандық газеттің қызметкері болу себепті осы науқанға мен де араластым. Қоңыр сөмкемді алып, жолға шықтым.
Келген жеріміз алыстағы бір ауыл еді. Әуелі жиналыс болды. Ұжымшардың бұрынғы клубы адамға лық толмаса да, кәп-кәдімгідей тыңдаушы жиналды. Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселеcі жекешелендіру, ұйымдасу болатын. Ауыл әкімі ұзын тұра, сары жігіт жиынды ашық деп жария етті. Көсіліп сөз сөйледі. Бұдан кейін мен арнайы дайындалған баяндама оқып, жиналғандардың түрлі сұрағына жауап бердім. Білгенімше сайрап-ақ жатырмын. Осы тұста одыраңдай басып, біреу кірді. Саркідір пішінді, сұңғақ бойлы, сұрқай өңді жігіт екен. Отырғандар:
– Бұзаубақ келді, Бұзаубақ келді, – деп шу ете түсті.
Бұзаубақ жиналғандардың алдыңғы шебіне келіп жайғасты да, жан- жағына алақтай қарап, жіті көз жүгіртіп өтті.
– Бұл кім, – дедім ауыл әкімінен.
– Бұл Бұзаубақ, – деді әкім.
Екеуміз сыбырлап, сөйлескен болдық. Бұзаубақ тым саққұлақ па қайдам, көзін сүзе қарап, орнынан ұшып тұрды.
– Бұзаубақтың кім екенін өзгеден сұрамас болар, – деді қолын ербеңдете сөйлеп. – Бұзаубақ бәрін де өзі айтып шығады. Сөз сөйлеуге бола ма?
– Неге болмасын, болады, – дедім мен. – Сөйлегенде сіз сөйлеңіз.
Бұзаубақ ел алдына шықты.Талай мінбеге шығып, ысылған қу болса керек. Салған жерден сыдырта жөнелді.
– Бұзаубақ деген коммунисің мен боламын, – деді кеудесін қағып – бізді осындай сөйлеуге үйреткен де сол партия. Менің жасым елуден асты. Соның отыз жылын коммунист болып ғұмыр кештім. Ойлап қараңыздаршы, аз уақыт емес қой. Адал коммунист болдым. Айлық жарнаны өз мезетінде төлеп тұрдым. Бірде-бір рет жиналыстан қалғаным жоқ. Оны осы отырған елдің бәрі біледі. Енді, мен не деуім керек? Менің айтарым мынау: заманның беталысы дұрыс емес. Мұндай бөлінуге, жекешеленуге әсте болмайды. Бұл дегеніңіз, кері кеткендік болып табылады. Мен оны солай деп түсінемін. 
Зал іші сілтідей тынды. Ешкім оның сөзін дұрыс, яки бұрыс деп пікір білдірмеді. Жиналғандар демін ішіне тартап, тілін жұтқандай болып, мелшие қалыпты.
– Бұл дұрыс емес, – деп ол өзінің сөзін тағы бір нығырлап қойды.
Мен байыз тауып отыра алмадым. Бұдан ары үндемей қалудың өзі ыңғайсыз еді. Қарсы сұрақ қойдым.
– Сіздіңше қалай болу керек?
– Меніңше, – деді Бұзаубақ іле тіл қатып, – кешегі қызыл тудың астына қайта бірігу керек. 
– Ал ондай қоғам жоқ болса қайтеміз.
– Жоқ болғаны қалай?
– Қызыл қоғам 73 жыл, 6 ай, 18 күн тірлік етті де, саудасы бітті. Біржола тарих сахнасынан кетті. Былайша айтқанда, өлді десе де жөн болар.
Бұзаубақ қолды қиялай сілтеп қалды.
– Мен оған сенбеймін. 
– Бұзаубақ, – деді осы арада домаланған қара жігіт дауысын созып, айғайлай сөйлеп: – Мен саған бір ақыл айтайын.
– Айтыңыз, айтыңыз, – дедім оның не айтарын түсінбесем де, сөз кезегін беріп.
Домаланған қара жігіт  тұрған орнында елге тура қарап алды да:
– Оған айтар ақылым мынау, – деді. – Бұзаубақ Мәскеу барсын.
– Неге?
– Жоқ, Мәскеу барғаны жөн.
– Мәскеуде оған не бар екен?
– Мәскеуде оған біреу қойдың басын асып қойып па?
– Мәскеу барсын, – деді қара жігіт сөзін жалғастырып, – Ленин атасының басына барып, қасына түнеп, қатар жатып, белінен құшақтап, бетінен сүйіп дегендей, мауқын басып,  батасын алып қайтсын. Өйткені, ол әлі жерленген жоқ қой. 
– Иә, сөйтсін.
– Айта бер, – деп ел шуды молайта түсті. Іштерінде қарқылдап күліп жатқандар да бар. 
– Егер, – деді жігіт екілене сөйлеп, – Ленин тіріліп кетсе, онда қызыл ту қайта желбірейді. Әне, қызыл тудың астына қайта бірікті деген сол. Солай емес пе?
Зал іші тағы шулап, араның ұясындай гуілдеп кетті.
– Ленин тірілсе, бәрі де солай болады.
– Онда дереу бірігеміз.
– Егер олай болса, коммунизм де тезінен орнап қалар.
– Ей, сен өзің қай-қайдағыны сандалмашы, біле білсең ол айтып тұрғаның кешегі қызыл көсемдердің ойдан шығарған қиялы ғой.
Бұзаубақ тепсініп, қолды қиялай және бір сілтеді.
– Ей, сен нені сандырақтап тұрсың, – деді алқымын баса алмай. – Өзің жоқ нәрсені қопсытып айта береді екенсің.
Қалың елдің екпіні оңай ма, Бұзаубақ жайсыздық табын сезінді, қысылып қалды. Аузына жөнді сөз түспей, құр қызарақтап, тұтығып қалған. 
Жұрт ду күлді. Әр-әр жерден қол шапалақтағандар да бар. Енді не дерін білмеген Бұзаубақ жүні жығылып, иіні түсіп, мінбеден алыстап бара жатты.
Бұл Бұзаубақтың кезекті күлкі болуы еді. Әй, қайран азамат-ай, қор болды-ау...
Келесі жылы қазан айында Бұзаубақпен екінші рет кездесудің сәті түсті. Ауылда облыстық кеңеске депутат сайлау тұрғысында тағы да алқалы жиын өтті. Баяғы ауыл әкімі, ұзын бойлы сұрша жігіт жиналысты ашты да, кезекті мәселелерге тоқталды. Тағы да Бұзаубақ сөзге шығып, өз ойын ортаға салды. Өзі бұрынғыдай емес, сыптығырланып, ширығып алыпты. Оның сөзін тыңдай отырып, мен өз құлағыма өзім сенбедім. Құдай-ау, мынау Бұзаубақ па, өзге ме? Кеше қандай еді? Жаңашылдық атаулыны сезінуден ат-тонын ала қашып, жайлауға жіберген құры аттай осқырып, үркіп тұрған. Ал бүгін мүлдем өзгерген, жаңашыл Бұзаубақты көріп отырмын. Уақыт, шіркін, бұрынғы күнге қақталып, мейіздей болып қатқан көн терідей немені тезінен талқыға салыпты да, иін қандырып, шүберектей жұмсарта қойыпты. Бұрынғы «коммунист» деген сөзді «Елім» деген сөз алмастырыпты. Екі сөзінің бірі – елім, қазағым, Қазақстаным! 
– Әрқайсымыз тынбай еңбек етсек, Қазақстан аз уақыттың ішінде бай да бақытты ел болады, – деп сарнады сабазың. – Айтыңдаршы, біз кімнен кембіз, қай халықтан қормыз. Жер жетеді, байлық көп, мүмкіндік мол. Енді одан өзге бізге не қажет. Сол үшін де біз ащы терімізді шығарып, тартынбай еңбек еткеніміз лазым. Сонда ғана шын мәнінде 2030 жылы Орта Азияның барысына айналамыз. Тіл мәселесі дейсіздер ме, қазақ біткен тек қазақ тілінде ғана сөйлесе бітті, бұл мәселенің де түйіні шешілді дей бер... Дін дейсіздер ме, Құран оқиық, Мекке аттаналық, Қағбаға бас иелік. Бұл мәселенің де кілті өз қолымызда. Көгалдандырудың тетігі де өзімізге байланысты... Халықта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты қағида бар. Біз осы отырған бәріміз жылына екі-үш түптен көшет отырғызсақ және оны шынайы күтімге алсақ, Қазақстан аз жылдың ішінде жайқалған жасыл желекті елге айналады. Бәрі де өз қолымызда. Тек істей білсек, ұқсата білсек болғаны...
Жиналыс өзгеше бір қарқынмен көңілді аяқталды. Отырғандар қиялына қанат біткендей болып, залдан желпініп шықты. 
Қайтарда жол үсті «Ауди» атты автокөлігімнің бір жері бұзылып, соны жөндеп жатыр едім, арт жағымнан ұзынынан ұзақ шаң ілестіріп, бір жеңіл машина келіп тоқтай қалды. Көнеріп қалған ақшыл түсті «Москвич». Есік ашылып, сыртқа шыққан адам көзіме оттай басылды. Бұзаубақ!
– Иә, жігіт көмек керек пе, – деді қасыма келіп.
– Қарап шығуыңызға болады, – дедім мен қуана келісіп.
Бұзаубақ шамалы ғана тексеріп көрді де, машинаның бұзылған тетігін тауып, жөндеп бере қойды.
– Бұзеке, – дедім енді басқа әңгімеге қарай икемдеп.
– Әу, – деді ол.
– Бірдеме сұрасам ренжімейсіз бе?
– Е, несіне ренжиін, айта бер.
– Айтсам, бұрындары жиналыс бола қалса, Ленин, партия деп езеуреп тұрушы едіңіз. Енді мақамыңыз өзгерген бе, қалай?
Ол жауап берместен бұрын қарқылдап тұрып күліп алды. Күліп біткен соң:
– Ойлап көрші балақай, тірлікте өзгермейтін не нәрсе бар, – деді маған ақсиып күле қараған қалпы. – Бәрі де өзгереді. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген сөз рас. Сол өзгерген уақытпен бірге қоғам да, адам да өзгереді.
– Жөн, жөн.
– Алла тағала елімізді енді осы ақ, арайлы, нұрлы жолдан тайдырмаса екен. Тәуелсіздік баянды болғай. Ендігі тілегім осы.
– Иә, ел тілегі де сол.
Екеуміз елдің алдағы күндеріне Алладан рақым, пайғамбардан шапағат тілегендей болып, үнсіз тұрып қалдық...
Дәнеш АХМЕТҰЛЫ