ЖАМБЫЛ ЖАПОНДАРҒА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 31.07.2018
Оқылды: 1662
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Токиодағы жетпіс жылдық тарихы бар «Жапония және Еуразия» газетінде жапонтанушы Шарафат Жылқыбаеваның «Жамбыл Жабаев – қазақтың эпик ақыны» деген мақаласы жарияланды. Мақалада қазақтың атын әлемге мәшһүр еткен жырау творчествосының сан қилы аспектілері сөз болады.

 

   Жамбылдың ақындық өмір деректерімен өрілген материалда  жапон оқырмандарына айтыс өнерінің ерекшеліктері де таныстырылған. Ұлы Отан  соғысы жылдарында кеңестік елдер арасында ең атақты ақын атанған Жамбылдың артықшылығы нақты  деректермен айқындалады.  
   Жамбыл туған өлке ақындық өнердің ұстаханасы саналады.  Жамбыл алғаш рет он үш жасында ұлы жырау Сүйінбай Аронұлынан бата алады. Мақалада сол батадан кейін ақынның айтыстарда жеңіске жеткендігі паш етілген.
 Жазбада Жамбылға шетел жазушыларының ерекше құрметпен қарағандығы  ерекше айтылады. Онда ақын мұражайы да егжей-тегжейлі таныстырылады. Автор Жапониядан келген қонақтарды  осы ауылға апарып, саяхаттататынын айта келе «дүниежүзінде қаншама аймақты араласақ та мұндай көркем ауылды бұрын-соңды еш жерден көрмеппіз» деген жапон меймандардың сөзін де келтірген.
   Шарафат Жылқыбаева – Жетісудың тумасы, жапон басылымдары арқылы Орта Азияның салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениетін Күншығыс еліне таныстырып жүрген журналист. Ол Жапония университеттері ұйымдастырған  ғылыми конференцияларда ежелгі қазақ фольклоры мен Күншығыс халқының байырғы классикалық әдебиеті арасындағы байланыс туралы баяндама жасап жүрген ғалым. Мәселен, жапонтанушы 2013 жылы Цукуба университеті өткізген ғылыми конференцияда «Жапонияның ежелгі классикалық әдебиеті мен Орта Азия (қазақ) жыр-дастандарының ерекшеліктері» деген тақырыпта зерттеу жұмысын жариялады.
   2017 жылы «Тошиба» қорының ғылыми жиынында Орта Азия халықтарының фольклорындағы тотем ұғымы және ежелгі жапон әдебиетіндегі символдық  байланыстар жайында баяндама жасап, жапон ғалымдары алдында Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым» деген өлеңіне талдау жасаған. Ғалымның жапон тіліндегі баяндамалары ғылыми жинақтарға енген. Жапон газеттерінде Шарафат Жылқыбаеваның қазақ тілі туралы, Наурыз мерекесінің ерекшелігі, Жетісудағы «Таңбалы тас» хақында, қазақ-жапон мәдени ынтымақтастығы жайында  жазған мақалалары жарық көрген. Бұл жолғы мақала да құндылығымен ерекшеленеді.
   Жапондықтар Шарафат тілшінің еңбектерін оқи отырып, еліміздің тарихына, ақын-жазушыларының еңбектеріне қаныға түсетіні анық.


Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ