"БІРІҢДІ ҚАЗАҚ, БІРІҢДІ ДОС..."

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 5890
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Ақтаулық ақын Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің жалғызым» деген бірауыз тәмсілі әр кеудедегі қазақты сүйген жүректің үні іспетті. Бір «әттеген-айы» салмағы батпандай болғанымен тілдің ұшында ғана тұрған сөз сияқты. Содан ба, әйтеуір, айтуға оңай, тым оңай. Діліме, яғни болмысыма салсам, басқаны қайдам, жеке өз басым әр қазақты «жалғызым» деп жақсы көре алмайтындаймын. Пенделігімнен шығар. Ал дәуірі басқа, заманы бөлек болса да менің рухани әлемімде бірге жасап, ақылшыма айналған Абай атама жүгінсем, адамзаттың бәрін бауырым деп сүюді аманаттап кетіпті.

 
   Бірақ тегі бір, жері ортақ, қаны қазақ барлық қандасыма көңіл төрінен орын таба алмай тұрғанда адамзаттың бәрін қалай сүймекпін? Әлде Абай атам адамды сүюдің ауқымын осынша кеңітіп, астарына басқадан бұрын өз қазағымды шексіз жақсы көруді меңзеп кетті ме екен? Себебі Абайға дейінгі де, одан кейінгі де һәм бүгінгі қазақ та бір-бірін ту сыртынан атқандықтан, бірін-бірі сатқандықтан, асқан жауыздықтан болмаса да, алты бақан алауыздықтан зиян шегіп келеді. Шегініс жасап сол дәуірден аз-кем үн қатып көрейінші. Махамбеттің басын алған да, Ақан серіні қаңғытқан да, Біржан салды жынды атандырған да сол айналасындағы өз жақындары. Ендеше «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп қандасы үшін қам жеген хакімді ортасы қаншалықты жақсы көрді? Заманында алақанға салып, аялап өтті деп зор сеніммен айта аламыз ба? Әрине, жоқ! Себебі, басқа-басқа өз аталастары басына қамшы үйіргенін тарихтан жақсы білеміз. Олай болмаған десек, «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деп күңіренбес еді-ау деген де ой келеді қауашағыма. Осы сөзді оқи отырып, Абайдың қадіріне Тобықты ғана жетпеді десем әбестік болар. Өйткені кемеңгер баба осынау Ұлы Даланың қай пұшпағында дүниеге келіп, қай атадан тараса да «ақылы жоқ көп» сол жерден де табылатын еді. Себебі бәріміз жан дүниесі ұқсас «қазақпыз» ғой. 
   Дегенмен, шоқпардай кекілі бар қамыс құлақты мініп, қансонарда бүркітші атанып аңға шығып, жаздыгүні шілде болғанда желсіз түнгі жарық айдың сәулесімен ауылдың маңындағы терең сайда бозбалалық құрған байдың баласы не қиындық көріпті деуіңіз де мүмкін. Айып етпеңіз оқырман, әнеукүні әлеуметтік желідегі: «Абай мына заманда өмір сүрсе, мықты блогер ғана болар еді», – деген орыстілді әумесер кәсіпкердің пікірінен кейін, оның үстіне сол Абайды кекеткен жазбаға «ұнайды» деп белгі басқандарды көргенде хакімді танымайтын «тобырдың» толып жүргеніне көңіл құлазып, жұмыр басыма небір ойдың келгені де рас. Тірісінде Абайдың жүрегін жаралаған қазақ өлгеніне жүз жылдан асса да қаралауын тоқтата қоймағаны өкінішті. Абайдан пұт жасап, қос қолыммен сипалап, маңдайымды тигізіп, тасқа табынайын деп отырған жоқпын. Керісінше «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деп Жаратқанды тану мен ақиқаттың жолын табудың бағдаршамына айналған ділмарлығы мен діндарлығы қатар тұлғаны қанша даттасақ та, Мұқағали ақынның «Абай – Гималай» деп айтып кеткеніндей руханияттың асқақ шыңына айналған ұлт перзентін аласарта алмаймыз. Бір анық нәрсе – бүгінгі таңда дана бабамыздан кемшілік іздеген жан рухани кембағал адам. Олар даттады екен деп хакімді ақтап, қызылкеңірдек айқасқа түсудің де қажеті жоқ. Оған Ибрахим атамның өзі жауап беріп кеткен: «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар»! Абаймен алысатындар үшін сөз осымен бітсін. 
   Біздің санамызды мазалайтын басқа сұрақ болса керек. Ол дала данышпанының «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бар қазақты бір қазақ болуға шақырған асыл сөзінің астарына үңіліп, біз осы дана Абай айтқандай, басқаны қойғанда өз қазағымыз жалпы ұлттық кеңістікте бір-бірімізді дос тұта алып жүрміз бе? Рас, доссыз өмір сүрген адамның бар ғұмырының бос өткені. Қай-қайсымыздың болмасын достыққа келгенде жалауымыз желбіреп тұрғаны хақ. Бірақ нәтижесінде жоғарыда айтқанымыздай, «бар қазақты бір қазақ» болуға шақырып, ұлттың тұтастығын көрсете алмауы күйіндіреді. Керісінше сиырдың бүйрегіндей бөлшектенген достық ұлтымызды айрандай ұйытқаннан гөрі сүттей ірітуге себеп болып жатқанын несіне жасырайық. Мойындайықшы өзімізді-өзіміз өзегімізге теуіп, өзге ұлттың алдында әлсіздігімізді көрсетіп қойғанымыз шындық қой. Өз жерімізде сұлтан бола алмай жүргеніміздің де бір себебі осында жатыр-ау. 
   Артына бүгінгі ұрпағы ғибрат алатын өлмес сөз, өшпес із қалдырған  Құнанбай қажының ұлы Ибраһимнің де өмірден өткеніне ғасырдан асты. Осы уақыт ішінде қазақтың санасы қаншалықты өзгерді? 
Данышпан Абай,
Заманында мыңмен жалғыз 
алысқан Абай.
«Қалың елің қазағың, қайран 
жұртыңның»,
Ұрпағы бүгін жол салды ғарышқа қарай, – деп үзеңгі бауымызды үзіп жіберердей шіренуге бармыз. Әрине, бұл бөрікті аспанға атып мақтанатындай-ақ жетістік. Тұлпарының тұяғы Ұрымның тас көшесін дүбірлеткен түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналатын Ұлы Даланың иесі – бүгінгі қазақтың үш бірдей перзенті аспан түстес көкпеңбек, Көк байрағымызбен көкке өрлеп, Айға жол салып, ғарышты бағындырды. Басқалары білімнің нәрін бойына сіңіріп, сан түрлі ғылымның сырын ашты. Ендеше неге санамызда сілкініс жоқ. Сүйінбай ақын айтқандай:
Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен,
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен, – дейтін бір тудың астына біріктіретін бірлік қайда?! Бабалары ұрандаған жерден табылып, бағыты бір арнаға негізделген елдің ұрпағы екеніміз даусыз. Бірақ қазір атымыз қазақ болғанымен затымыз басқаға ұқсап бара жатқандай. Ел басына екі талай күн туғанда бір тудың астынан табылған қаһарман елдің ұрпағының басы қазір ғаламтормен торланған. Қызметте болсақ, алдымыздағы компьютерден бас алмай, сыртта жүрсек қолымыздағы алақандай қалта телефонымызға телміріп күніміз өтіп жатыр. Уақыттың сұранысы, дәуірдің жетістігі ғой. Дер кезінде технологияның тілін біліп, бір замандары «Айшылық алыс жолдардан, көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған», – деп Ыбырай атам жырлағандай, жақсысын үйреніп, жанымызға жат жаманынан жиренсек қанеки. Хакім Абай айтқандай: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» болып тұрғанын да осы әлеуметтік желінің әлемінен байқауға болады. Құдай-ау, бұл жерде кім кіммен дос емес? «Инстаграмында» жүз дегеніңіз бергі жағы, бірнеше мыңдаған, тіпті миллионның үстінде достары бар адамдар кездеседі. «Вконтакте», «Твиттер», «Фейсбук» парақшасында да осындай көрсеткіш тағы бар. Заманымыз бір болған соң амалымыз да ұқсас екенін несіне жасырайын. Бұл әлемнен мен де алшақ емеспін. Әңгіме сананы торлаған ғаламтордағы достықтың баянсыздығында болып тұр ғой. Тарихтан сыр шертетін тағылымды дүние, көңілдегі күдікті сейілтіп, үмітіңді үкілейтін жазбалар немесе жаныңа жағымды әсер қалдыратын нәрселер жақсы-ақ. Билік пен бұқара арасындағы жағдайларға байланысты ашық пікір алаңы да құптарлық іс. Дәстүр мен дінді таразылап, жат ағымның жетегіне кетіп қалмау туралы ескертпелер де көңілге қонады. Негізгі әңгіме «Даудың басын Дайрабайдың көк сиырына» айналдырып жіберетін әртүрлі жазбадағы мыңдаған пікірлерде. Мылтықсыз майданның қайнаған жері де осы. Иә, әркімнің өз ойы соған сай пікірі бар. Бірақ ауыз өзімдікі екен деп өзінің ішіндегі қан-жынды біреудің төбесіне құя салуға бола ма? Кімнің аузынан қандай сөз шықса, өзінің қандай екенін білуге болады. Өйткені адамның сөзі – өзі. Рас, «Ашынғаннан шығады ащы дауысым»  дегендей биліктің биік тағында отырып, төбесі көк тірегендей төмен жақты көрмей, бұқараны ашындырып отырған шенді мен шекпенді аз емес. Ішкі қыжылы мен өкіметке деген өкпесін әлеуметтік желі арқылы білдіріп, соған қолдау іздеп, тас керең қоғамды оятуға септігі тиетін жазбалардағы пікірдің жөні бөлек. Ал жеке басына тиісіп, сын айтқанның жөні осы екен деп ауызынан көбігін шығарып, көпіретіндер қаншама? Дәл осылай көрінбейтін көлеңкеде отырып, бірін-бірі опырып жатқан бір қазақтың баласы. Тіпті, сол жарыса жазып жатқан жазбалардан ұлтқа пайда, ұрпаққа үлгі аларлық дүние болса қанеки. «Аяғы былғаныш – есіктен төрге дейін, ауызы былғаныш – бесіктен көрге дейін былғайды» деген ауыр сөз бар. Ұлттың тұтастығына да сызат түсіріп жатқан да осы ауызы былғаныштар. Жоғарыда айттым, өз басым да осы әлеуметтік желіде отыратын қазақтың бірімін. Шамам келгенінше ұлтқа пайдалы, қоғамға керек жазбаларға үн қосып отырамын. Ал ту сыртынан бір-біріне тасада тұрып тас атқандай әрекетке барған емеспін. Өйткені ұстанымым – «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» пен «Әр қазақ менің жалғызым»! 
Бәрімізге белгілі нәрсе – әлеуметтік желіде тек қана қазақтар отырған жоқ. «Үй өзімдікі деме, үй сыртында кісі бар». Ішіміздегі бар қан-жынымызды бірімізге біріміз шашып жатсақ, «үрит, үрит, соқ, соқ!» деп ішімізден іруімізді тілеп отырғандар жоқ деп айта аламыз ба? Тарихтан сабақ алатын уақыт әлдеқашан жетсе де біз сол дәуірді бүгінгі заман келбетімен қайталап жатқандаймыз. Елбасымыз Елорда төрінде жастармен өткен бір кездесуде: «Қазақ тарихта соғыстан жеңілмеген халық. Бізді құртып келе жатқан алауыздық қана», – деп еді. Ғасырлар бедеріне көз салайықшы, тарыдай шашылып, өзгеге бас ұрып кетуден сақтаған – бірлік емес пе еді?! Ақ киізге отырғызып, хан көтеріп, Абылайдың ақ туының астына жиналғанда жеңіске жетіп, осынау ұлан-ғайыр дала бабадан балаға мұра болғанын жоққа шығара алмаймыз. Небір қилы заман, қиын кезеңді бастан кешірген қазақ елі тек алауыздықтан ғана зиян шегіп келеді. Жаугершілік заманындағы осал тұсымыз да алауыздықтан байқалып жатты. Кейінгі «Халық жауы» деп қаралаған жылдары да арыстарымыз алауыздықтың құрбанына айналды. Арыстай азаматтарды оққа байлап берген де ең әуелі өз қазағым.
   Бірді айтып, бірге кетті демеңіз. Мұның әлеуметтік желіге қандай қатысы бар дерсіз? Болған соң айтып отырмын. Бүгінгі әлеуметтік желідегі қазақты қазақ аямай сынап, сыбап жатқан әлемет әрекеттер – сол тарихтың осы заманның ағымымен қайталануы. Қай дәуірге қарасаңыз да зиян шегетін қазақ қана. «Айналайын, қазағым! Бөлінгенді бөрі алар, жарылғанды жау алар – бірлікте болсын назарың» дегенді айтқан да біздің бабамыз. Ал бірліктің нәтижесін сексен алтының ызғарлы желтоқсанында көрдіңіздер. Жемісі ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жетті.
Осы тұста тарих қойнауынан, ел аузынан жалғасып  бізге жеткен мына бір билер сөзін мысалға келтіргенді жөн көрдім. Сабақ ала білетін сана болса, салмақты ой жатқаны ақиқат. Оқып, зердеңізге тоқып көріңіз.
Ертеде Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылым алқабына үйсін мен арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмайды. Көпшілікке еріп барған он бес жасар Төле билік айтушыларға көңілі толмайды. Ол:
– Ақты ақ деп бағалар,
О, игі жақсы ағалар!
Өзегі талса ел біткен,
Өзен бойын жағалар, – деп сөз бастай бергенде:
– «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деуші еді. Мына бала кім өзі? – дейді төрде отырған би. Төле қасқая қарап тұрып:
О, би аға, он үште отау иесі 
демес пе,
Кінәлімін бе, келіп қалсам 
он беске?
Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз 
айыпқа,
Ала көз болу ағайын адамға 
лайықпа? – деп бір тоқталады да, төрде отырған биге былай деп сауал қояды:
– О, игі асқар тауымыз,
Әділ ме осы дауымыз?
Жар астында тұрғанда,
Жасырынып жауымыз? – деп келетін Төле би бабамыздың алғашқы төрелік айтқандағы осы көріністен бөлінсек – береке таппайтынымыздың, біріксек елімізден мереке кетпейтінін байқау қиын емес. Міне, өнеге аларлық ашық пікір алаңы. Рас, бүгінгі қоғамда бидің алдында бұлай сөйлеп тұратын мүмкіндік те жоқ, бола да қоймас. Заманның беталысы басқа. Қамшыны ортаға тастап «дат» деп отыратын уақыт емес. Айтпағым, қазір әлеуметтік желіде біреу бір мәселе көтереді. Екіншісі жақтайды, үшіншісі даттайды, төртіншісі ақтайды, бесіншісі таптайды, алтыншысы... жетіншісі... бір кезде әу бастағы жазбаға айтылар пікір жайына қалып, бірінің- бірі жеке басына тиісіп, ал кеп қызылкеңірдек айғай (құлаққа естілмейтін), қызышеке төбелес (көзге көрінбейтін) басталады да кетеді. «Сабыр сақтаңыздар. Ғайбат айтпаңыздар. Шариғат құптамайды», – деп бір иманы бар адам тоқтау айтса, ал кеп жаңағы бірін-бірі талап жатқандар ендігі тақырыпты дінге айналдырып, даудың басын мүлдем басқа арнаға бұрады да жібереді. Осындай ханталапай жасап жатқанда кімге не деуге болады. Өздерін бір-бір тауға теңеп, аласара алмай тұрғандарға Төле би бабамның жоғарыда мысалға келтірген бірауыз сөзін арнағым келеді: 
О, игі асқар тауымыз,
Әділ ме осы дауымыз?
Жар астында тұрғанда,
Жасырынып жауымыз?
   Ғаламтор әлемінде, әлеуметтік желіде пікірлерді өсекшінің әңімесіндей желдей естіретіндер сабақ алса ғой бабалар сөзінен. Сонда ғана хакім Абай атамның аманаты орындалып, бірімізді қазақ, бірімізді дос көріп, ісіміздің бәрі бос кетпейтін еді-ау. Нәтижесінде Сабыр ақын айтқандай, әр қазақты жалғызым деп құшағымызды ашып, бауырымызға басар ма едік, кім білсін?! 
 «Ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат, ұлтарақтай болса да, атақоныс жер қымбат». Бұл жерде өзімді аппақ көрсетіп, өзгені даттап отырғам жоқ. «Адам баласынзаман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», – дейді Абай атам. Ендеше осы қоғамда өмір сүріп отырғандықтан менің де кінәлі екенім даусыз.
 
«Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын.
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын», – деп ашынған дана Абай да өз қазағынан алыс кете алмаған. Толғана келіп, тоғызыншы қара сөзінде: «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді», – дейді. Яғни, Отанын сатып шетелге қашып кететіндердің қатарынан болмасақ, исі қазақ бірімізден-біріміз бөлектене алмаймыз. Мына өмірді өтпестей көріп, қанша даттасақ та, мақтасақ та қара жердің қойнына қазақ болып кіреміз. Сол үшін, айналайын қандастарым, бір уақыт Абай атамды тыңдап, соған амал істейік. Өйткені: «Біріңді қазақ, бірің дос – көрмесең істің бәрі бос»!
Жұматай ӘМІРЕЕВ.