Сайынды сағынып келгенде...

Уақыты: 11.09.2018
Оқылды: 1495
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аяқ астынан «Алматыдан «Тамаша» келетін болыпты», – деген хабар дүңк ете түсті.

Ол уақытта мәдениет бөлімін басқаратынмын. Қонақтарды қарсы алу жағын ойластыра бастадым. Ауылдың іші етек-жеңін әлі де жинай қоймаған кез. Көрсетіп, мақтанатын жер де жоқ. Не істерімді білмей аудандық Мәдениет үйінің ішіне кірдім.
Бұл – 2000 жылдардың бас кезі. Сахна жақтан қарқ-қарқ күлген бір-екі адамның дауысы шығады. Амалсыз солай жүрдім.
Бірден таныдым. Сол жылдары теледидардың төрін бермейтін, елдің сүйікті әртісі Тоқсын Құлыбеков пен Мәдениет үйінің директоры Сайын Бекмағанбетов ашық-жарқын әңгімелесіп отыр.
– Есіңде ме? Мейірманның жиені Атырау жақтан келін алып... Барайық десек біреуіміздің де қалтамызда соқыр тиын жоқ. Не істерімізді білмей отырғанда сенің ағаң келіп, сатқан бір малдың ақшасын тастап кеткені. Саған: «Қысқы киімдер сатып ал», – деп қатты табыстаған еді. Құдайберген, Уаис бар. Сол ақшаға Атырау жақтағы тойға барамыз деп, төбесіне су құйдық. «Берген ақшаға киім сатып алмапты», – деп ағам ренжиді деген ой Сайында болған жоқ.
Осы сәтте Құдайберген Сұлтанбаев та кіріп келді. Әңгіменің аяқ жағын естіген болу керек.
– Ертесіне тойлауды одан әрі жалғастырдық қой. Оған да дәнекер Сайын болған еді. Қапшағайда тұратын әпкесі келіп, біраз ақша тастап кеткен сияқты. Сонда шалқып жүріп, сессияны оп-оңай тапсырып кеттік емес пе бәріміз, – деді ол.
Сөздерін бөліп: «Үйге, тамақ ішуге жүріңіздер», – деген едім, Құдайберген Сұлтанбаев:
– Сіз ренжімеңіз. Біз Сайынға келіп отырмыз. Институтта бірге оқыған едік. Сағынып қалыппыз. Сайынмен бір сағат әңгімелесіп отырғанның өзі біз үшін бір жылға азық.
«Сайынға да театрға қалуға ұсыныс жасалған болатын. Бірақ ағасы бой бермей ауылына алып кетті». Бұл сөзді Тоқсын айтты. Құдайберген мен ренжіп қалды деді ме:
– Бізді қандай да болсын дастарқан, алтын сарайдай зәулім үй таңғалдыра алмайды. Ниетіңізге ризамыз. Концертімізге ел аз жиналса да қабағымызды шытпаймыз. Сіз бізге аса көңіл бөлмей-ақ қойыңыз. Осы аз уақытымызды курстас жан досымыз Сайынмен бірге өткізсек болғаны, – деді ол. Әзіл-күлкі аралас жарасымды әңгіме одан әрі өрбіді.
Сайын қонақжай. Жай күндердің өзін мереке іспеттес өткізетін. Көңілі дарқан. Әсемдікті ғана сүйетін кіршіксіз жан дүниесі үнемі тойды аңсап тұратындай болатын маған. Жан жары Назым да  аса құрметпен қарайтын. Бір қабақ шытқанын көрген емеспін.
Сол жолы елдің тұрмысы әлі көтеріле қоймағандықтан ба, әлде жарнамамыз дұрыс болмады ма, аудандық Мәдениет үйіне «Тамашаға» халық аса көп жинала қоймады. Өздері айтқандай, Құдайберген, Тоқсын бастаған «Тамашаның» іргесін қалап, халыққа тарту етіп кеткен қайталанбас тарландары еш ренжіген жоқ.
Шығарып салып тұрғанда Тоқсын мен Құдайберген маған:
– Сый-сиапаттарыңызға өте ризамыз. Сайын курстасымызды бір көруді аңсап жүр едік. Онымен жай отырғанның өзі біз үшін керемет. Жастық шақты бірге өткіздік. Ең бір тәтті күндерді еске алсақ Сайын еріксіз ойға оралады. Ол – бүкіл қазақ даласын жүрегіне сыйғыза алатын асыл азамат, – деп шешіле сөйледі. 
Міне, Сайынның дүниеден өткеніне де жақында бір жыл толады. Жүрген жерін түрлендіріп, ерекше рең беріп отыратын ардақты азаматтың арамызда жоқ екендігі білініп қалады. Отбасының асқар тауы, әулетінің берекесі болған Сайынның артында үш ұлы қалды. Енді көрмеген қызығын солар көрсін деп тілейміз.

Марат Қашқынбаев
Бақанас ауылы, 
Балқаш ауданы