Театр тағылым ордасы

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 1789
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адам баласының айнымас көзқарасы мен жарқын жолына, өмірінің нұрлы болуына рухани байлықтың тікелей әсер ететіні ұғынықты жайт. Оның ішінде бір ғана хас сұлудың көз жасындай мөлдірлігімен көпті қасиетіне ұйыта білген театрдың орны ерекше. Күллі жетісулықтардың көзайымына айналған Б. Римова атындағы облыстық драма театрының өзі елге тағылымды қойылымдар ұсынып, қоғамның көлеңкелі де шуақты сәттерін көрініс арқылы айшықтау, көрерменге сол арқылы рухани күш беру тұрғысында ерекше еңбек етіп келеді. Түрлі өнер байқауларында да қанжығасын майлап, киелі өңірдің мерейін үстем етуде. Бұл орайда көпшіліктің алғысына бөленген айтөбел өнер ордасының тыныс-тіршілігін біліп, алдағы бағдары мен жоспарын анықтау мақсатында аталмыш театрдың директоры  Ғалия Темірбаевамен сұхбаттасқан едік. Сол әсерлі әңгімені оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық.

– Ғалия Әмірқамзақызы, театр өзінің 43-маусымының шымылдығын У. Шекспирдің «Ромео-Джулетта» трагедиясымен жапты. Жалпы биылғы театр маусымы несімен ерекшеленеді?
– Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры өзінің 43-маусымының шымылдығын Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған Ерсайын Төлеубайдың «Алаштың Әлиханы» тарихи драмасымен ашқан болатын. Аталмыш қойылымды театр ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылы желтоқсан айының ортасында Алматы қаласына гастрольдік сапармен барып, көрермендерге тарту етті. 12 желтоқсан, яғни Алашорда үкіметінің құрылған күні ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов рөліндегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы екеуміз «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болып, сұхбат өрбіттік. Бұл гастрольдік сапарда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көрсеткен Асылбек Ихсанның «Хақ жолы» әлеуметтік драмасы мен Дулат Исабековтың «Құстар фестивалі» ертегісін де Алматы жұртшылығы ерекше серпіліспен қабылдады.
– Бәрекелді, маусымның басы жақсы көңіл-күймен басталған екен.
– Иә, солай десек те болады. Тың серпінмен оралған әртістерімізбен жаңа жыл қарсаңында Е. Әбдірештің «Космос құтқарушылары» атты фантастикалық ертегісінің тұсаукесерін өткіздік. Жұлдыздары самсаған ғарыш кеңістігі, скафандр киген ғарышкерлер, түрлі түсті сахна экспонаттары, балалардың бойында үлкен қызығушылық оятты. Қаңтар айы театр ұжымына қуаныш сыйлады. Айталық, осы айда «Жастар» спорт сарайында облыстық мәдениет, арxивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Мәдениет қызметкерлері арасында өткен V спартакиадада біздің ұжым командалық есеппен III орынды иеленді.
Бұл жылдың Талдықорған театры үшін тағы бір ерекшелігі – Қазақстанның Халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жетісудың талантты жазушы-драматургі Бикен Римованың 95 жылдығының аталып өтілуі. Аталмыш шараға орай театрымызда «Сахна саңлағы – Бикен Римова» атты баспасөз конференциясы өтті. Жиынға өнер майталмандары, бұқаралық баспасөз қызметкерлері, зиялы қауым қатысып Бикен апамыз туралы тартымды әңгіме, тұшымды естелік айтты. Соңында сахна саңлағының қаламынан туған «Қос мұңлық» спектаклі қойылды.
– Жыл сайын Наурыз мерекесін тойлауда театр әртістері жаңа қырынан танылып, соны ізденістермен көзге түсіп жүр. Ағымдағы жылы қандай көріністерді сахналадыңыздар?
– Жыл өткен сайын Ұлыстың ұлы күнін тойлау ерте басталып, игі шаралар сан алуан қырымен қанат жаюда. Биыл төл мерекемізді наурыздың 14-жұлдызында «Көрісу» мейрамын сахналаумен бастадық. Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарқанға тәттілерді үйіп қояды. Бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Бір жасқа есеюіңмен!», «Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» деп тілек білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарқанынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден дорбасына салып алады. Міне, осы жоралғыны сахнада көрсетіп, театр фойесінде дастарқаннан дәм  таттырдық. Сондай-ақ, «Ұлттық салт-дәстүрлердің қоғамдағы орны» атты ғылыми конференция өткізіп, «Дәстүр» журналының бас редакторы, ғылым докторы, ақын Қасымхан Бегмановты қонаққа шақырдық.
– Асыра айтты демеңіз, бірақ шын мәнінде өзіңіз басшылық тізгінді қолға алғалы театрда елеулі өзгерістер байқалып жүр. Мәселен, өткен жылы Халықаралық театр күні «Көктем шуағы I» мерекелік шарасы аясында әртістеріміз «Лимузин» автокөлігінен түсіп, театр фестиваліне келгендей қызыл кілемшемен жүріп өзгеше бір салтанатпен төбе көрсетіп еді. Ал биыл театрда өткен «Көктем шуағы II» шарасына Халық театрларымен бірге жасөспірімдердің драма театры үйірмелері де қатысты. Мұның мәні неде?
– Дүниедегі барлық тіршілік атаулысының өз бастауы бар. Теңізден мұхит пайда болады. Сол сияқты қазақ өнері халық ауыз әдебиетінен бастау алғанын бәріміз де білеміз. Жетісудағы театр өнері де алғашында халық театрлары арқылы дамыған. Кейінгі он жылдықта халық театрларының дәрежесін көтеру жұмысы жанданып келеді. Біздің театрымыздың кәсіби актерлері де халық театрларына жақыннан жәрдем беруді дағдыға айналдырған. Мәселен, әртісіміз Мұса Әжібеков Көксу халық театры мен «Айналайын» балалар үйіндегі үйірмеге, сол сияқты Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы Оқушылар сарайындағы драма үйірмеге, өз басым ұзақ жыл І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіндегі «Жас түлек» студенттер театрына жетекшілік жасаудамын.  27 наурыз – Халықаралық театр күні «Көктем шуағы II» мерекелік жиынында осындай жайттар ескерілді. Шараға облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері бір кісідей атсалысты. Облыс әкімінің Алғыс хатымен әртістеріміз Абай Нұғманов, Аян Қожбанова, Біржан Шошабаев, Жанбол Файзиев, Қазақстан театрлар ассоциациясының «Үміт» номинациясымен Еркебұлан Айдымбаев марапатталды.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында, әсіресе, ұлттық өнер мен мәдениетке, ұлттық болмыс пен ұлттық кодымызға терең мән берілген. Осы тұрғыдан алғанда біздің театрда сахналанған      Д. Рамазанның «Керей-Жәнібек»,        Е. Төлеубайдың «Алаштың «Әлиханы» тарихи драмалары мен    А. Ихсанның «Хақ жолы» әлеуметтік драмасы ұлтымыздың кешегі мен бүгінгі болмысын кеңінен қамтитын туындылар. Алдыңғы екі қойылым атының өзінен-ақ белгілі болып тұр емес пе? Ал соңғы «Хақ жолы» спектаклі көтерген мәселе – бүкіл әлем үшін өзекті болып тұрған діни ағымдар мен терроризм жайлы. Елбасымыз «Қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек», – деп босқа айтқан жоқ. Жастардың әртүрлі ағым жетегінде кетуі тұрмысымызға дендеп еніп, қоғамдық дертке айналып барады. Туындының авторы қарапайым қазақ отбасындағы оқиға арқылы діни экстремизмнің алдын алу мәселесін көтереді. Осы драманы Алматы қаласынан бастап облысымыздың аудандарына гастрольдік сапармен барып қойғанымызда, жұртшылықтың үлкен әсермен қабылдағанына көз жеткіздік. Мұнда рөлдердің басым бөлігін театрымыздың жас актерлері ойнайды.
– Жастар дегеннен шығады ғой, біздің пайымдауымызша, жоғары оқу орнын бітірген жастардың көбі облыстық, аймақтық театрларға жұмысқа баруға құлқы бола бермейді. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Облыстық театрлардан жас түлектердің қашқақтауының бірнеше себебі бар. Біріншіден айлықтың мардымсыздығы болса, екіншіден баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігінің шектеулі екендігі. Бірақ біздің театрымызда бұл мәселені шешуге баса назар аударылған. Арнайы жолдамамен немесе өз еркімен ат басын бұрған жас әртістің көркемдік кеңесте актерлік шеберлігін сыннан өткіземіз. Көңілімізге ұнаса қабылдап, жатақханамен қамтамасыз етеміз. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін облыс әкіміне сұраныс білдіреміз. Осыған дейін біршама жас отбасы үйлі-жайлы болды. Қарын тоқ, киім бүтін, тұрмыстық жағдайы жақ- сы, көңілі тыныш болса жұмысы да тындырымды болатыны белгілі. Соңғы үш жылдың ішінде Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен  Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін бітірген жас актерлер біздің театрымызға жұмысқа қабылданды. Солардың арасында актриса Айгерім Бекболатова 2015 жылы Атырауда өткен Отарбаевтың шығармашылығына арналған Халықаралық театр фестивалінде автордың «Ұйық» драмасындағы Камила рөлін сомдағаны үшін «Үздік әйел образы» номинациясымен, биыл Мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде артистер Біржан Шошабаев пен Кендебай Темірбайұлы «Үздік театр әртісі» аталымымен, талантты актрисамыз Садуғаш Мұңайтпасова Құрмет грамотасымен марапатталды.
– Халықаралық фестивальдерге жиі барасыздар ма? Қандай жетістіктеріңіз бар? 
– Бәріне тоқталмай-ақ, кейінгі жылдарды ғана қамтитын болсам, 2003 жылы Орал қаласында Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай ЮНЕСКО көлемінде өткізілген фестивальде Т. Әлімқұловтың «Қош бол, Қараой» реквимімен 3-орынды иелендік. 2004 жылы қыркүйек-қазан айларында Египет астанасы Каир қаласында өткен ХVІ Халықаралық экспериментальді қойылымдар фестиваліне, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында Түркияның Анталия қаласында өткен У. Шекспирдің «Король Лир» спектаклімен Алматы облысының мәдениет күндері бағдарламасы аясында өз өнерімізді көрсеттік. 2005 жылы «Махамбет» қойылымымен Каирге бардық.
Араға біраз уақыт салып Татарстанның Буинск қаласында өткен «Буа: Диолог кеңістігі» II атты халықарадық фестивальге қатысудың сәті түсті. Жыл бойы қазылар алқасының мүшесі Нияз Игламовпен хабарласып отырдық. Ол «Талдықорған театры міндетті түрде келуі керек» деп бізге шақыру жіберді. Таңдаудың дәл бізге түскеніне қуанып, дайындала бастадық. Барып келуімізге мүмкіндік жасаған облыс басшыларына алғысымыз шексіз. Халқымызда сапарға шығар алдында ел ішіндегі жасы үлкен ақсақалдардан бата алып аттанатын салт бар. Осы игі дәстүрге орай театрға облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт бастаған бір топ ардагерлер мен облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев және баспасөз өкілдері баталарын беріп аттандырды. Бұл фестивальге Еуропа және Азия елдерінен 27 театр қатысты. Алдын ала 5-6 бейненұсқасын жіберген болатынбыз, бірақ арасынан өздері У. Шекспирдің «Ромео-Джулетта» трагедиясын таңдады. Енді қатысатын фестивальдерге қазақтың салт-дәстүрін, тарихын, болмысын көрсететін туындыны алып барсақ деген ойымыз бар. 
Фестиваль барысында әр-тістеріміз тәжірибелік пікір алмасудан өтті. Ресей майталмандарының өнерін тамашалады. Ресейдің жетекші театр сыншысы, драматург, режиссер Александр Вислов, Ресейдің жетекші театртанушысы, өнертану кандидаты Татьяна Джурова, Татарстан Республикасының мәдениет саласы бойынша Қоғамдық кеңес мүшесі Нияз Игламов, Ресейдің жетекші театр сыншысы, «Любимовка» фестивалінің арт-директоры Анна Банасюкевич, «Нур» Уфа Татар театры директорының орынбасары, Башқұртстан Республикасының еңбегі сіңген өнер қайраткері Дина Давлетшина, Ресей және Израиль театр режиссері, «КукАрт» халықаралық театр фестивалінің вице-президенті Виктор Шрайман, «Туганлык» түркітілдес халықтарының халықаралық театр фестивалінің бағдарламалық директоры Айсылу Сагитова, өнертану докторы, профессор Исрафил Исрафилов, Қазан мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің оқытушысы Гүлшат Фаттахова сынды мүйізі қарағайдай білікті мамандардың сынынан сүрінбей өттік. Көрермендер мен қазылар алқасы Джульеттаның сұлулығына сүйсінді. Бұл рөлді актриса Әсем Жетпісова орындады. Өзіне артылған жауапкершілікті барынша сезініп, алып шықты. Сыншылар алқасы труппаның пластикасын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Тибальт пен Меркуционың қылыштасатын сахнасы жайында ерекше атап өтті. Қорытынды нәтиже бойынша театр сыншылары коллегиясының шешіміне сәйкес «У. Шекспирдің «Ромео-Джульетта» трагедиясын мүлтіксіз орындағаны үшін» арнайы сыйлығы және Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Алғыс хатымен, дипломмен марапатталдық.
Театрымызда 4 мамыр күні «Ел тарихы – жер тағдыры» атты республикалық байқау қорытындыланды. Байқауға қатысқан шығармаларды классик жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков, «Өнертану» ғылымдарының кандидаты, театр сыншысы Анар Еркебай мен ақын, Халықаралық «Алаш» мәдени сыйлығының лауре-аты, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін талдап, әділ бағаларын берді. Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының әдеби қоры сиясы кеппеген 6 драмалық шығармамен толығып, бас жүлдені иеленген Қолғанат Мұраттың Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған «Орбұлақ» тарихи драмасын қазір арнайы Астанадан шақырылған режиссер Болат Ұзақов сахналау үстінде. Бұл тарихи қойылым Салқам Жәңгір, Қарасай, Ағынтай, Наурызбай, Сарыбұқа, Елтінді секілді қазақ батырларының Жоңғар хандығының шаңырағын көтерген Эрдени Батур қонтайшыға қарсы 600 әскермен шайқасқаны туралы өте құнды дүние. Жақын күндерде спектакльдің премьерасы өтіп, көрерменге жол тартады. 
Облыс әкімі Амандық Баталовтың басшылығымен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры жаңа ғимаратының құрылысы да аяқталып келеді. Бізді қуантқаны театрымыздың жаңа ғимаратының ашылу құрметіне «Қазақстан – Еуразия жүрегі» Орталық Азия мемлекеттері VII халықаралық театр фестивалінің жоспарланып отырғандығы.
 – Сұхбатыңызға рахмет!
 

Үсен ӨМІРЗАҚОВ, 
Қазақстан Театр
қайраткерлері одағының мүшесі