МҰҚАН ТӨЛЕБАЕВҚА - 105 ЖЫЛ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1220
Бөлім: РУХАНИЯТ
Талдықорғанның І.Жансүгіров атындағы әдеби музейінде Елбасының «Өз жеріңді танып, біл» жаңа бастамасы аясында әрі КСРО Халық әртісі Мұқан Төлебаевтың туғанына 105 жыл толуына орай «Өнерлі өлкенің өрені» атты жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.
 
Шара облыстық «Жетісу» газетінің журналисі, белгілі ақын Қуат Қайранбаевтың алғысөзімен бастау алды.
 
– Қазақ музыка өнерінің дара тұлғасы Мұқан Төлебаев Балқаш көлі жағасындағы алақандай Қарашыған деген ауылда туған. Жалпы еліміздегі КСРО Халық әртісі атанған бес композитордың екеуі осы ауылдан шыққан, – деген Қуат Әбілұлы Мұқан Төлебаевтың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, жүрекжарды тілегін ақтарды. Өз кезегінде сөз алған аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман былтыр халық әртісі жайлы «Нұрлы жүрек» атты кітаптың шыққанын тілге тиек етіп, аталмыш шараның өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол екенін айтты.
 
Шара барысында оқушылар қазақ музыка өнерінің хас шебері М. Төлебаевтың өмірінен сыр шертетін «Көтеріл, ер халық» атты шағын сахналық көрініс қойды. Сондай-ақ, оқушылардың бірі арнау өлеңдерін нақышына келтіріп оқыса, екіншісі әуелетіп ән айтты. Тарихшылар әдеби сөздің келісті керуенін түзіп, мәдени мұражайдың сипатын көркем тілмен кестеледі. Ежелден қалған ескерткіштер мен аста-төк болып ақтарылған шежірелерімізден сыр шертті.
 
Жиналған жұрт көненің көзі болған, салт-дәстүрімізді сақтайтын құнды дүниелермен танысты. Жиын соңында М.Төлебаев мемориалдық музейінің меңгерушісі Ақжібек Мұқатайқызы қауымға ризашылығын білдіріп, облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Қуат Қайранбаев пен аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіманға Алғыс хат табыстады.
Құрметті қала тұрғындары, дарынды композитордың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 80-нен астам жәдігер қойылған көрмені 14-21 қараша күндері аралығында тамашалай аласыздар.
 
Айдар ҚАЛИЕВ
Алматы облысы