АНАМ КҮЛСЕ, НҰРЛАНАМ

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1484
Бөлім: РУХАНИЯТ
Асыл қазынам
 
Жаралған елдің бағына,
Сендерді жүрмін сағына.
Қарттарым, аман жүріңдер,
Күн болып еніп таңыма.
 
Қызықпен өткен шақтарым,
Сендермен нұрлы ақ таңым.
Сендерсің елдің тарихы,
Қазынам – алтын қарттарым!
 
Қарттарым – асыл қазынам,
Сендер деп жүрмін жазып ән.
Ар менен намыс, ұятты,
Жаныңның алғам жазынан.
 
Шежірем болып жазылған,
Жауһарым болып қазылған.
Өнегең – өріс шалқарлы,
О, менің асыл қазынам!
 
Сонау бір өткен шақтардың,
Тағылымды сырын ақтардың.
Есіме сақтап бәрін де,
Келген-ді жас боп қап қалғым.
 
Ақылыңды ойда сақтадым,
Өзіңдей асыл таппадым.
Аялап өтер ардақтым –
Ақылшым, арда қарттарым!
 
Жылуынан жанымды айырмағын
 
Армандап талпынғанда биік шыңға,
Салдыңдар әз басымды талай сынға.
Тағы да тілерсектен шалып қалып,
Жықтың-ау, тұрқың ұқсап талайсызға!
 
Жықтың да көз жасыма қарамадың,
Кім ойлаған қыз мұңын, бала қамын?!
Қондырдың өзгелерді биік шыңға,
Сөйтсе дағы мені екшеп, дараладың.
 
Күн туар ма жүретін күліп ұдай?
Бейкүнә қыз тағдыры неге бұлай...
Мен енді мызғымайтын мақсат қойдым,
Бүр жарам, жайқаламын бұрынғыдай.
 
Сен мені бұрынғыдай тағы ұрмағын,
Самаладай жайнайды лағыл-жаным.
Өмірдің мейірім мен жылуынан,
Айырмағын, жанар-ау менің жаным.
 
Ауылым
 
Өсіп-өнген ауылым қымбат маған,
Ол жерде бал құрақ ем бұлғақтаған.
Мұқырымның күні де, түні де ыстық,
Мен осынау құдіретті қырлап қалам.
 
Мұқырым әз қорғаның – бала қайың,
Тал-терек, аспаншыл дүр қарағайың.
 Сырқа кетсем ауаңды жұтқым келіп, 
Сағына келіп, өзіңді паналаймын.
 
Қалқасы қалың жұрттың, Нұрмолдасы,
Өзіңнен бағы жанды нұр болған соң.
Дәнеш пен Зылиха да қоныс теуіп,
Өзіңде қаланыпты мәңгі ордасы.
 
Сағынам сыртқа кетсем жауыныңды,
Асыр салған ардақты бауырымды.
Көз ілсем мимырт түн, түсіме енген,
Сағындым сарша таңды ауылымды.
 
Мұқырым, тоғыз жолдың торабында,
Шабыттанам шежіреңді шоламын да.
Мен сені лағыл жырға қосып өтем, 
Елғондинова Зайдадай боламын да!
 
Анам күлсе, нұрланам
 
Ғажап екен бұл ғалам,
Аққу-қазы шулаған,
Арғымағы тулаған,
Ең бастысы мен үшін,
Анам күлсе, нұрланам!
 
Қуанамын күлсе анам,
Болғаны тек жүрсе аман.
Жыр қауызы бүр жарған,
Сыйлап өтем гүл саған.
 
Маңдайыма жазылған,
Сыйы шығар бұл маған.
Бақытты боп әрдайым,
Анам күлсе, нұрланам.
 
Анам күндей нұр төккен,
Қиналғанда кеп маған.
Жаныма нәзік гүл екен,
Анам күлсе, нұрланам.
 
Отырғаны алаңсыз,
Ғажап екен күн легі.
Шуақ берген анам сіз,
Жұпардай иісің гүлдегі.
 
Өмірімнің шырағы,
Арманымның ұраны.
Анам – бақыт шуағы
Һәм ұлылық ұраны!
 
Меруерт ӘМІРЖАНОВА
Мұқыры ауылы, 
Көксу ауданы