СЫР БҮККЕН БАЛАСАЗ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 3165
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары байлығымызды түгендеуге септігін тигізуде. Осыған орай жас ұрпаққа туған жердің сырын ашу мақсатында экспедиция ұйымдастырылды.

Суықсай ауылдық округі әкімі Ғалымжан Мерекенов, тарихшы Ербол Бекболатов пен Ю. Гагарин атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Қанабекова, кітапханашы Б.Мәмбетова, Э.Баубекова жетекшілік ететін 8-сынып оқушылары Баласаз ауылының тарихымен танысып қайтты. Жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров «Жетісу суреттері» деген өлеңінде бұл өлкені былай суреттейді:
Аршалы, Амантекше, Қарасырық, 
Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырық,
 Сауыры Салқынбел мен 
Сайымбөлек, 
Суығы соғып тұрад аласұрып.
Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі, 
«Бәйгеге» қосад өзін таң асырып. 
Шоқысын Бүркітінің Үшбүйенге, 
Қойыпты сәуекендей жарастырып. 
Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей, 
Құр жатпас Қора мұзбен 
жүгенделмей,
Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа, 
Шамқой шал қабақ жаба 
түнергендей, 
Талақтай талаураған Баян-жүрек, 
Тұнжырап тұқырып тұр 
«тірі өлгендей». 
Мұрыны Мұзбұлақтың көкте мүлгіп, 
Ақтасты аспанға әдей тірелгендей. 
Қар кете қарлы алаңы қақ айыра, 
Қаптағай қаптай көшед 
Бүйенді өрлей. 
Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды, 
«Ши ұшық», «қырық аяқ су» 
жібергендей. 
Көкжамбас, көл Көпірлі таудың 
көркі,
Жатқан мұз Шатыртастың көкше 
бөркі. 
Ақиық Демікпеден алған адам, 
Алдырар Айдарлыдан Алтай түлкі.

Ілияс жырға қосқан Бүйен өзенінің жағасында, қатпарлы қалың таудың ортасындағы жазықта үркердей ғана Баласаз ауылы орналасқан. Ауылдың қысы жылы, жазы салқын. Қыр желкесінде Жоңғар Алатауы Көлбей созылып жатыр. Қойнауы толы аң мен құс, бөктері көк шалғын. Үш бірдей сарқырап аққан өзен, аттаған сайын бұлақ кездестіресің. Баласаздың Маңдайшоқысынан асып түскенде төбесі біраз опырылған алып мазар тұр. Бұл арғы бабасы Шыңғысхан, бергі атасы Абылай хан, ақсүйек  әулетінен тарайтын Аталықтың сұлтаны Омар төре Серғазыұлының зираты. Салынған уақыты шамамен 150 жыл бұрын. Омар төре Серғазыұлының туған жылын, билік лауазымын, ата-тегін, шежіресін, Ресей архивінен тапқан тарихшы Ербол Бекболатов бауырымыз. 

Болатбек Насеновтің «Мәскеу мұрағаты сөйлейді» кітабындағы деректе:  «Серғазы Омарұлы 1811 жылы туған.  Аягөз өңіріндегі  сұлтан, би, старшын, құрметті қырғыздар және шені бар тұлғалардың 1850 жылғы ауызша айту бойынша, 1851 жылғы  15 наурыздағы тізімде № 872 болып тіркелген. Серғазыұлы Омар Көшектен тараған.  Омар Серғазыұлы Аталық-матайдың сұлтаны болған. Жасы 39-да. Бай адам. Қыстауы – Баласаз. Маңдайшоқы. Жайлауы – Желдіқарай. Аягөзден  330 шақырым қашықтықта. Архив дерегінде Омар төренің шежіресі де таратылған.  Онда Абылайдан – Қамбар, Қамбардан – Сәнияз, Сәнияздан – Көшек, Көшектен –  Серғазы, Серғазыдан – Омар, Алқан тарайды», – деп жазылған.

Омар төре атаның күбезінің қасынан өткен адам міндетті түрде Құран бағыштайды. Әйел адамдар  алыстан аттарынан түсіп, міністерін жетектеп өтеді. Ұжымшар кезінде бастықтан қорыққан  бір бригадир әйел сол жерден атпен өткен екен, көп ұзамай аты тулап, құлап, аяғы сыныпты. Омар Серғазыұлы тірі кезінде мазарды аттың қылы мен ешкінің қылшық жүнін ешкі майына қосып батпаққа араластырып жасатқан. Батпақты бір үйір жылқымен илеткен екен. Шаршап, құлаған жылқыны бірден сойып, ауыл адамдарына таратып жіберіп отырған.  Ішін бөлмелерге бөліп, күмбез қылып салдырыпты. Қаншама жылдар өтсе де мазар әлі сақталып келеді. Үлкендердің айтуынша, күмбездің ішінде алтын дүниелер болған. Үлкен самаурыннан кеш бата күмбірлеп үн шығып тұрады екен. Таң ата музыкалық әуен тоқтайды. Желдің әсері емес.  Шағын ғана есігі бар күмбезге  жел кірмеген. 

Баласаздың күншығысында, жартастың саңылауынан сыздықтап, тамшылап ағып жатқан су дертке дауа. Көпшілік оны «Шипалы Тамшыбұлақ» деп атайды. Бастау – Тұрсын төре тауында.  Бұлаққа ертеректе сырқатына шипа іздеген адамдар келіп суын ішіп, емделген. Жолы жабылған, қиындыққа тап болған, нәресте сүйе алмағандар тұмадан су ішіп, тілеу тілеген.  Баласаз ауылының тұрғыны Қ. Нүсіповтің айтуынша, анасы Заухия апа жағы қисайып ауырыпты. Сол кісі  шипалы судың арқасында денсаулығын қалпына келтіріпті. Тамшыбұлақ мыңдаған жылдардан бері дертке шипа, жанға дауа.

Тұрсын төре тауы Омар, Алқан төрелердің ұрпағы Тұрсын атымен байланысты. Атамыздың ұрпақтары Талдықорған қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Жандос Жолдықанов бауырымыз бен журналист Гүлжан Тұрсын екен.

Баласаздағы тағы бір ерекше жәдігер марқұм Жаңғазы Бекболатов ақсақалдың меншікті жері Көксай аузында тұрған «Тоғызқұмалақ» тасы. Тастың көлемі 700x70 см., салмағы шамамен 300-350 келідей болады. Бетіне екі бағытта ойын тақтасы ойылып, қашалып жасалған. Ең бір ғажабы, осы тастың жанында тұрсаң жан-жағың түгел алақандағыдай көрінеді. Соған қарағанда  заманында жауынгерлердің қарауыл бекеті болды ма екен деп ойлайсың. Күнбатыс жақ қапталында бұрын еш жерде кездеспеген көне белгілер қашалып салынған. Тоғызқұмалақ тасы ашық аспан астында тұрғандықтан болар, жылдан-жылға мүжіліп, тозып бара жатыр.  Ербол тарихшының айтуынша, бұл жәдігер 400-500 жыл бұрын жасалған. Сол кездің өзінде бабаларымыз осындай тоғызқұмалақ ойнаған дейді. Баласаздан күнбатысқа қарай жүре берсеңіз Баянжүрек пен Алатаудың ортасында жазықта орналасқан Қойтас ескерткіші бар. Қойға, кейде сиырға ұқсайтын қойтастың сырты үлкен тас шеңбермен қоршалған.

Қойтастан шеңбер шегіне дейін тік тас тізбесі бар. Бұл орын «Қалақай шатқалы» деп аталады. Мұнда 90 метр шамасында үлкен тас, ал шеңбердің ортасында үлкен қойтас тұр. Оның айналасында орташа және ұсақ тастар шармыққа (крестке) ұқсас тізбек өрілген. Төбеден қарайтын болсақ, ежелгі мифтік рәмізге келеді. Күн, әлем және уақытты білдіруші екенін аңғару қиын емес. Сонымен бірге, Күннің батысы мен шығысын ғана емес, жұлдыздардың қозғалысы, Ай мен басқа да планеталарды басқаруға арналғандай. Толық шеңбер мен оның құрамдас бөліктері аспан шырақтары мен қозғалысын көрсеткен.  Ежелгі обсерваторияның арқасында алуан түрлі дәстүрлі болжам және сәуегейлікке сеп болатын астрономиялық күнтізбе секілді жұлдызды аспанның картасы болуы да ықтимал. Бұл «обсерваторияның» нақты қашан жасалғаны белгісіз.

Алақандай Баласаздың маңында көптеген сыры белгісіз, жұмбақ  тарихи мұралар бар. Оқушыларға көрсетеміз деп барып, өзіміз де табиғат аясында тұнып тұрған, ашылмай, айтылмай жатқан жәдігерлермен танысып қайттық. Бізбен бірге жүріп, білмеген, айтылмаған жер тарихын әңгімелеп берген Ербол Бекболатовқа алғысымыз шексіз.

Айтжамал ЧЕМОМБАЕВА,

Суықсай ауылдық Мәдениет үйінің директоры

Ақсу ауданы