АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҮЙ ҚАБЫРҒАЛАРЫНА СУРЕТ САЛУ ӨНЕРІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Уақыты: 07.11.2020
Оқылды: 2606
Бөлім: РУХАНИЯТ

Соңғы жылдары Елордадағы тұрғын үйлердің қабырғасын әдемі суретпен әрлеу, яғни, мурал салу сәнге айналғаны белгілі. Елімізде басталған бұл үрдіс бүгінде Талдықорғанның бірнеше нысанына да әр беріп тұр. Аудандарда да салынып жатыр. Осы орайда «Мурал дегеніміз не? Облыс орталығында салынған муралдар кімдерге арналған? Жалпы, оның жас ұрпаққа берер тәлімі қандай?» деген сауалдарға жауап іздедік.

Мурал – бұл өте ірі көлемді өнер туындысы, қабырға бетіне салынған сурет немесе үлкен граффити. «Мурал» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қабырғадағы сурет» деген мағынаны білдіреді. Мурал кез келген жерге бояу жағып кету, ретсіз сурет салу емес, бұл биік ғимараттардың қабырғаларына жергілікті биліктің арнайы рұқсатымен бейнеленетін биік өнер. Мұндай суреттер әлемнің көптеген ірі қалаларында бар. Бұл өнер түрі 1920 жылы едәуір дамығандығы айтылады. Осы кезде Францияның Шове үңгірінен өте көп суреттер табылған.

Талдықорғандағы қабырға суреттеріне келер болсақ, бірінші кезекте көзге оттай басылатыны халқымыздың мақтанышына айналған белгілі журналист Бейсен Құранбекке арнап салынған мурал. Облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры болған, «Қазақстан» телеарнасында «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын жүргізген Бейсен Абайұлы биыл 18 мамырда мезгілсіз өмірден өтті. Ағамыздың жарқын бейнесі әрқашан жадымызда жаңғырып тұрсын деген мақсатта «Жетісу» телеарнасы ғимаратына қарама-қарсы тұрған үйдің қабарғасына әдемі мурал салынды. Оның қасындағы үйде Олжас Құлжабековтің муралы орын тепкен. Талдықорғандық жас жігіт осыдан 12 жыл бұрын Қапшағайда суға батып бара жатқан балаларды құтқарып, өз өмірімен қош айтысты. Көзсіз ерлігімен үлгі болған азаматтың суреті келер ұрпаққа жігер берсін деген оймен Жастарға қызмет көрсету орталығына қаратып салынған.

Мурал салу өнері елімізде енді ғана дамып келеді. Мұндай суреттер ең алдымен қаланың ажарын ашып, шырайын кіргізеді. Ұлт перзенттерін дәріптеп, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етуде таптырмас дүние. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында онға жуық мурал бар. Келер жылы тағы да бес мурал салу жоспарда бар көрінеді.

Айжан ЖАРАСБЕКОВА,

№9 орта мектептің оқушысы

Талдықорған қаласы