Ара – тазалықты сүйеді

Уақыты: 24.09.2023
Оқылды: 1010
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінгі күні ара балының денсаулыққа пайдалы екенін білмейтін жан кемде-кем шығар. Ал оның тіл үйіретін тәтті дәмін жақсы көрмейтін адам жоқ. 

Өңірдің агроөнеркәсіп саласында ара шаруашылығының алатын орны ерекше. Табиғи тамаша өнімді шығарумен айналысатын омарташылар әдетте таулы аймақтарда орналасады. Сондай байырғы омарташының бірі Равиль Сагиров. Өзге салалар сияқты ара шаруашылығының да өзіндік ерекшелігі жетерлік. Оның бәрін білу – тынымсыз әрі қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс пен мол тәжірибеден болады.

– Омарташы араға жақындаудың қыр-сырын жақсы білу керек. Аралар ішімдік пен тердің исін жақтырмайды. Тазалықты ұнатады. Сол себепті әрдайым жуынып барған дұрыс. Олар, сондай-ақ, өткір иісті жақсы көрмейді. Сондықтан омартаға барар алдында иіссуды мүлде қолданбаған жөн, – дейді омарташы Равиль.

Ол бұл салаға кездейсоқ келмепті.

– Ара шаруашылығымен айналысқаныма 50 жыл болды. Біздің әулеттің араны күтіп-баптау кәсібімен шұғылданғанына жалпы  ғасырға жуықтады. Алдымен атам, кейін әкем, енді мен және балаларым осы кәсіпті жүргізеді. 2008 жылдан бері әкем науқастанғаннан кейін шаруашылықты тұрақты түрде қолға алып, жүргізіп келемін. Әр саланың қызығы мен шыжығы болатыны сияқты бұл кәсіптің де өзіндік қырлары бар. Бастысы адам қолға алған ісін ерінбей, жалықпай жүргізу қажет. Аралар да адамдар сияқты науқастанады, бірінші кезекте ауруды анықтап, дер кезінде дәрі-дәрмек беріп, емдеу керек. Алдымен сынамасы алынып, зертханаға жіберіледі. Сол жерде талдау жасалып, аурудың себебі анықталады, – дейді тәжірибелі омарташы. 

Айтуынша, қыс мезгілінде араларға көп мөлшерде бал қалдыру керек. Күн суықта және шырынды жинау мүмкіндігі болмағанда аралар сол балды талғажау етеді. Егер аралар ауырмай, барынша күтім жасалса олардан бір маусымда 500 келіге дейін бал алуға болады. Шаруашылықтағы аралардың басым бөлігі карпат тұқымдас екен. Ал, биыл омарташы бакфаст тұқымдас араларды сатып алып, жергілікті жерге бейімдеуде. Сондай-ақ, Равиль атқарып отырған жұмысты жақсы көріп істемесең, оның алға баспайтынын, бастысы кәсіптен жан рахатын сезіну керек екенін алға тартты. 

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ 
Сарқан ауданы