Асхаттың етігіне сұраныс көп

Уақыты: 21.10.2023
Оқылды: 1788
Бөлім: ОН САУСАҚ

Күреңбелдік Асхат Талғарбаев етік тігуді кәсіп еткеніне 20 жыл болған. Қолынан шыққан етіктері көптің көңілінен шығуда. Етікті  сапалы өнімдерден ғана тігеді. Әбден иленіп, иі қанған былғарысы жұп-жұмсақ. Бүгінде  ол бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Биыл  1 млн. теңге субсидия алып, ісін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырды. Асхат мүгедектік  мүмкіндікті шектемейтінін дәлелдеген жан. Асхат кәсібін  жетік меңгеру үшін түрлі курстарға қатысып, тігіншіліктің қыр-сырын үйренді.  Соның арқасында ешкімге алақан жаймай, тұрмысын түзеп алған жайы бар. Етікші осыдан 5 жыл бұрын 80 шаршы метрлік  шеберхана ашқан еді. Сол шағын шеберхана берекелі болды.  «Сарыөзектен  цех аштым. Істі тоқтаусыз жүргізу үшін  оқып, сертификат алдым.  Содан кейін үкіметтің грантына қол жеткізіп, етік тіге бастадым. Кейіннен «мансап» орталығынан 1 млн. 35 мың теңге қаржы алып, қажетті құралдармен толықтырдым.  Қазір жұмысым жақсы жүріп жатыр. Қиындықтар болады, бірақ оны да еңсеріп,  жұмыс жасаймыз»,–дейді еңбекқор жан. 

Шебердің қолы ортақ.  Ол ерлер мен әйелдерге арналған  түрлі аяқкиім тігеді. Оған таза былғары мен  қой, сиырдың жүнін пайдаланады. Жұмысқа қажетті материалдар Өзбекстан мен Алматы қаласынан жеткізіледі.  Тігін машиналары, қолмен тігуге арналған  құралдары  бар. Барлық керек-жарақты дайындап алып, іске кіріскенде  бір аяқкиімді тігу үшін 2 сағаттай ғана уақыт кетеді. Оның өніміне тапсырыс берушілер күн санап өсуде. Былғары етік бірнеше жыл киіс береді. Себебі, сапалы заттан тігілген оңайлықпен жыртылмайды, ыстыққа да, суыққа да шыдамды. Сондықтан былғары  зат қашан да өтімді. Тігін цехында жұмыс істейтін Серік Қаңтаров екі қолға бір жұмыс тапқанына ризашылығын білдірді.  «Мен осы жұмысқа кіргелі бері барлығы жақсы. Жалақымды да алып отырмын. Бұрыннан етік тігемін. «Мансап» орталығы жұмыссыздарға көп көмек көрсетуде. Бізді жұмыспен қамтамасыз етіп отырған  Асхатқа алғысым шексіз.  Қазір  аяқкиім шебері болдық», – дейді ағынан жарылып.  

Адал еңбекпен тапқан нан дәмді болатынындай,  бар пейіліңмен жасаған өнім де сапалы болатыны даусыз. Асхаттың еңбекқорлығы көпке үлгі.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы

Фото: ашық дереккөзден