Әр істің тапқан қалауын

Уақыты: 21.11.2023
Оқылды: 681
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Қалауын тапса, қар жанар». Бізге дейін жеткен асыл сөздің бірі бұл. Қалауын тапқанмен қардың жанбайтыны тұр. Нәті су болған соң жанушы ма еді?! Ебін тапқан істің өріске бастайтынын айтқаны да баба жұрттың. Осы сөз Көксу ауданы, Мұқаншы ауылының маңында дөңгелеп тұрған атакәсіп иесі Күлтіновтар отбасына қарата айтылғандай. «Айдос» шаруа қожалығы бүгінде өрісін малға, маңайын ырыс пен несібеге толтырған кәсіпкерлік нысаны.

Қазақ «Әке көрген оқ жонар» дейді. Айдос Күлтінов әкесінен оқ жонуды үйренбесе де төрт түліктің бабын табуға әбден қаныққан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша табақтай дипломын қолына алған соң Алатаудың баурайындағы агломерацияда жұмыс істей бастайды. Бала күннен ат жалын тартып мініп, мал баққанға әбден еті үйренген жігіттің бүйрегі қала емес, дала деп бұрып тұратын. Біршама уақыт шыдас беріп, қала өміріне тұрмысын бейімдегенмен  қанмен берілгеннен аттап кете алмады. Ығы-жығы халық арасынан ойысып, бірнеше атадан мирас болып келе жатқан байырғы кәсіпке қайта оралды.

– Әсем қала Алматыда жұма жеткенде «бөркімді аспанға атып», ауылға асығатынмын. Табылды Досымовтың «Қыр баласы тауға қарап өспейді» дейтін әні бар еді. Ауыл баласы шынында зәулім үйлерге қарап тіршілік ете алмайды екен. Төрт түлікке тамырым байланғандай еді. Содан бәрін тастадым да ауылға, әкемнің жанына келдім. Оған еш өкінбеймін, – дейді Айдос. 

«Айдос» шаруа қожалығының іргесі 1996 жылы қаланыпты. Айдостың әкесі Мұратбай Күлтінов көлік жүргізушісі бола жүріп, атакәсіпке мойын бұрыпты. «Мал баққанға бітеді» деген. Бір бас түліктен басталған кәсіп дөңгелеп, мал саны көбейе түседі. Айдос Күлтіновтың айтуынша, мал асырағанның кәсібі өрістеу үшін жемшөпті өзі өндірген абзал. Осылайша шаруа қожалық мал азығын қамдауды қолға алады. Дән себеді, шөп өндіре бастайды. 

Бүгінде шаруа қожалықтың меншігінде 750 бас мүйізді ірі қара бар. Оның 550-і асыл тұқымды, яғни «Әулиекөл» тұқымы. Осынша мүйіздіні азықпен қамту үшін қожалықтағылар арпа, бидай, жүгері, жоңышқа өсіреді. Мал азығын қамдау үшін 10 арнайы техника қажетке жарап тұр. Бүгінде бұл шаруашылықтың иелігінде 10 мың гектар жайылымдық жер, 200 гектар тәлімі және 75 гектар суармалы егістік бар. Бастысы, мал азығын жауын-шашынға қалдырмай жинап алу. Сонымен қатар, 3 жыл бұрын кәсіпкер асыл тұқымды мал шаруашылығымен түбегейлі айналысуға шешім қабылдап, бордақылау алаңын тұрғызған кезде де мемлекеттен қолдау көрсетілген. Фермердің 210 млн. теңгеге салған ірі инвестициялық жобасын іске асыру үшін шаруашылыққа 18 гектар жер берілген. Айтпақшы, Айдос Күлтінов «кәсіп етемін», «табыс табамын» деген жанға мемлекет қолдауын аямай отырғанын айтады.

– Атакәсіппен шұғылданғанымызға көп болды. Соңғы жылдарда мемлекет мал азығын қамдауға жәрдемдесіп келеді. 2-3 жылдың көлемінде субсидия алып жүрміз. Асыл тұқымды аналық басына 20 мың теңге, қарабайыр сиырға 10 мың теңге жемшөп субсидиялануда. Қай тірлікте де кемшін жай болатыны секілді, осы жемшөпке берілетін көмекте де кемшілік бар. Мәселе, оның берілгенінде емес, берілетін уақытында болып тұр. Әдетте субсидияны көктемде береді. Мал ұстаған жан біледі, жазғытұрым мал азығы дайындалмайды. Мұны жоғарыдағылар ескеріп, субсидияны жиын-терін уақытында берсе деген тілегіміз бар. Мұнан бөлек, жанар-жағармайға да жеңілдік алып отырмыз. Үкіметіміздің осындай қолдауына алғаусыз алғыс білдіреміз, – дейді шаруашылық жетекшісі. 

Фермердің айтуынша, бүгінде шаруашылықта 20 адам нәпақа тауып отыр. Дейтұрғанмен, кейде жұмысшы таппай қалатынын да жасырмады. Қожалық жұмысшылары 200 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бірақ, осы жалақыны «менсінбейтін» тұрғындар көп екен. Дегенмен мұнда мұрын қанайтын жұмыс жоқ. Күрек алып, бордақыда тұрған түліктің астын тазарту мәселе емес. Өйткені, бұл жұмыс автоматтандырылған қондырғының еншісінде. Құны 13 млн. теңге тұратын құрылғыны шаруа қожалық жетекшісі Германиядан алдырып, орнатқан. Мал қиы молайып қалса, автоматтың тетігін басса жетіп жатыр. Ғабит Анарбаев бордақыда тұрған 450 басты жем мен шөптен тарылтпайтын мықты маман. Айтуынша, бақпада тұрған мүйізді ірі қаралар күніне 4 орама шөп (әрқайсысының салмағы 800 келіден) және 300 келі жемді қорек қылады екен.

– Қазір екі қолға бір күрек сұрайтындар бар. Күнкөріс үшін жұмыс істеу керек. Байқаймын, мал бағудың бейнетінен қашатындар тіптен көп. Мұнда маңдай терлеп, арып-ашып жүргеніміз жоқ. Малдың астын тазалауға бас ауыртпаймыз. Арнайы құрылғыны іске қосса жетіп жатыр. Бірақ, осы жұмыстың өзін қиынсынады талайлар, – дейді Ғ. Анарбаев.

Қожалық жылына 2000-2500 бас мүйізді ірі қараны етке жөнелтеді. Бұл – 200 тонна шамасында. Басты тұтынушы – Алматы қаласы. Айдос Мұратбайұлының айтуынша, асыл тұқымды түліктің арқасында мол табысқа кенеліп отыр екен. Әйтпегенде, қарабайыр сиыр мол түсімге қол жеткізбейді. Айта кететін жайт, шаруа қожалық «Әулиекөл» тұқымын көбейтуге 12-13 жылда қол жеткізген. 2017-18 жылдары асыл тұқымды бұқалардың алғашқы бұзауын ала бастаған. Осы сәттен бастап түліктерін асыл тұқымды деп тану үшін қажетті процестерді жүзеге асырған. Арнайы құжат та алған. Бүгінде шаруа қожалықтағы 2,5 жасар бұқалар 300-325 келі ет береді. Фермердің сөзінше, былтыр 3 жасар бұқа 513 келі салмақ құрап, шаруашылықтың өз рекордын орнатқан. 

Айтпақшы, шаруа қожалық тек мүйізді қара санын көбейтіп отырған жоқ. Қамбар-ата тұқымына да ден қойған. Бүгінде мұнда мыңға жуық жылқы бар. Айдос Күлтіновтың айтуынша, жылқы десе делебесі қозады екен. 

– Жылқыларымызды біраз жылдан бері ат жарыстарына қосып жүрміз. Бұл – таза тұқымды ағылшын жылқылары. Бір жүйрігіміз Қырғызстанда өткен Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарының бәйгесінде алдына қара салмады, – дейді фермер. 

Қазір «бірдеңе істеу керек», «бір кәсіп бастау керек» деп жүрген замандас көп. Араға біршама уақыт салып, сол замандастың біріне жолықсаңыз, әлі сол ойда, бірақ, кәсіп бастамақ түгілі неден бастарын білмей жүр. Осындай жандарға Айдос Мұратбайұлының қарекеті үлгі болса. Әр қазақ бай болсын. Ахмет Байтұрсынұлынша айтқанда, «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!».

Дастанбек САДЫҚ