"Түнімен  ұйықтамай, тапсырыс орындап отыруға тура келді": Іскер келіншек кәсібі туралы айтты

Уақыты: 24.11.2023
Оқылды: 2022
Бөлім: ОН САУСАҚ

Еліміздің шалғай аудандарында кәсіпкерлікті дамыту қолға алынуда. Қыз-келіншектер де шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосып, жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр.  Бүгінгі кейіпкеріміз – Диана Достыбай. Екі балалы ананың бастамасының жүзеге асуына мемлекеттік қолдау себеп болған екен.

Диана Достыбай – Жетісу облысы Көксу ауданы Балпық би кентінің тұрғыны. Бүгінде кондитерлік өнімдерге тапсырыстар қабылдап, игілігін көре бастады. Оның айтуынша, тәтті өнімдерін шығаруға қызығушылығы мен қабілеті бала кезден басталған. Сол себептен ол осы бағытта бизнес ашуды жөн көрген. Қазір бәліш, бояусыз трайфл, пирог, бауырсақ және тәттілердің түр-түрін ауылдың тұрғындарына жеткізеді.

"Тәттілер пісіруді бала кезден ұнататын едім. Өз ісімді университет аяқтағаннан кейін бастадым. Басында қызығушылығым артып, тәттілерге түрлі дәм қосып, жасайтын едім. Кейін айналамдағы жандарға менің тәттілерім ұнап, олар менен осы өнімдерді сатып ала бастады. Сол кезде маған өз ісімді ашу туралы ой келді", – деді жас кәсіпкер. 

Көксулық Диана бұған дейін еш жерде жұмыс істемеген. Оқуын тәмамдап, бірден жеке ісін бастауды жөн көріпті. Іскер келіншек “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен өтіп, мемлекеттен 1 миллион 380 мың теңге көлемінде қаражат алу үшін құжат тапсырды. Комиссияның оң шешімімен грант иегері атанды. Ол ақшаға Диана газ, нан илегіш, витрина, миксер және т.б. керек құрал-жабдықтар сатып алып, өз ісіне батыл кірісті.

“Басында жолымда көптеген қиындық болды. Менде тәттілер шығаруға арналған қажетті керек-жарақ болмағандықтан, тапсырыстың көп мөлшерін жасап үлгермейтінмін. Түнімен  ұйықтамай, тапсырыс орындап отыруға тура келді. Бизнес ашуға қызығушылығым оянып, іздене бастадым. Өз ісін бастау үшін грант алу мүмкіндігі бар екендігін естіп,  ғаламтор арқылы грант алудың басты шарттарының бірі – “Бизнес бастау” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен өту қажет екендігі туралы естіп,  еңбек мобильдігі орталығына бардым. Қызметкерлер  осы мемлекеттік жоба жайында айтып, түсіндіріп берді. Мен курстарға қатысып, бар ықыласыммен білім алып, сертификат алдым. Кейін грант алуға өтініш тапсырдым.”, – дейді іскер келіншек.

“Айналайын” тәтті пісіру орталығының ерекшелігі – тәттілерді тек табиғи, үй өнімдерінен жасайды. Диананың айтуынша, өнімдеріне бояу қоспайды.

Бүгінгі күні іскердің айлық табысы 200 мың теңгені құрайды. Бұл оның қолына түсетін таза қаражат көлемі. Диананың тұрақты тұтынушылары – Балпық би кентінің тұрғындары.

Той тапсырыстарын санамағанда, күніне 3-4 тапсырыс аламын. Той күндері тек қана 2 тапсырыс қабылдап, мерекелік дастарханға тәтті әзірлеймін. Екі баланы тәрбиелеп отырғандықтан, қиындау болады, бірақ ата-анама алғысым шексіз. Демеу болып, көмек қолын созады”, – дейді ол. 

Жас кәсіпкердің алға қойған мақсаттарының бірі – үлкен кондитерлік цех ашу. Алдағы уақытта өз кәсібін жүргізуге жеке жалдамалы орын алып, өз кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.  

“Нәтижеге жету үшін, әлі де дамуым керек. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей”, –  дейді қазақ. Шынымен де, алға қойған арман-мақсаттарыма жету үшін мойымай, қажырлы еңбек ету керек деп ойлаймын. Еңбек еткен адам әрине, тоқ болады. Бүгінге бұл істің арқасында үйлі болдым. Бұл – менің еңбегімнің жемісі. Дайындайтын өнімдерім халыққа ұнаса, олардың көңілдерінен шықса, сұраныс көп болса – сол мен үшін бақыт”, – деп түйіндеді сөзін Диана Достыбай.

Жетісу облысы бойынша барлығы 219 грант берілген.

Дереккөз: stan.kz
Суреттер Диана Достыбайдан