Екі қап ұннан басталды

Уақыты: 06.01.2024
Оқылды: 1010
Бөлім: ОН САУСАҚ

Тамақ өнімдері ішіндегі көшбасшылардың бірі – нан пісіру саласы. Оның өнімі ең керекті және оған сұраныс әрдайым жоғары. Халқымызда «Еңбектің наны тәтті» деген сөз бар. Расында жұмыс істеймін, отбасымды асыраймын деген жанға айырар нәсіп те, ермек қылар кәсіптің түрі де көп. Тек, ынта-ықылас болса болғаны.

Алмалы ауылының келіні, бірліктік Әсем Қалабаева өз кәсібінің арқасында табысқа кенеліп отыр. Наубайхана жетекшісі Әсем Қалабаеваның негізгі мамандығы – сүт өнімдерінің технологы. Негізгі кәсібіне жұмыссыз кезінен кіріскен ол алдымен үйде отырып нан пісіре бастайды. Кейіннен тапсырыс көбейіп, наубайхана ашуды мақсат етеді. Бүгінде наубайхана нан өнімдерімен тек Сарқан ауданының ғана емес, көршілес Ақсу ауданының тұрғындарын да қамтып отыр. Ашылғанына 3 жыл болған шағын наубайханада 7 адам жұмыс істейді. 1 көлік жүргізуші және 6 наубайханашы бар. 6 адам кезекпен нан пісіреді. 

– Кәсібімді ең алғаш 2 қап ұнмен бастадым. Бір қап ұннан шамамен 130 бөлке шығады. Сарқан ауданынан бөлек Ақсу ауданының Қаракемер, Қызылту, Қызылтаң, Сағабүйен, Қарашілік ауылдарын да нан түрлерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Бізде нанның  5  түрі, тоқаш, жұқа нан, хотдог, лакомка сияқты түрлері де дайындалады. Наубайхана орналасқан үйді жалға алдық. Нан түрлерін әзірлейтін Нұржамал Даутова, Раушан Қасымбекова, Светлана Кизилова, Татьяна Михайлова, Марлан Марат, Максим Сывович өз ісінің шеберлеріне айналды. Жаздың аптабы мен қыстың қытымыр суығына қарамай ыстық нанды тұтынушыларға жеткізетін Ерденбек Ілиясов есімді жүргізушіміз де өз ісіне берілген, – дейді Әсем Тынысбекқызы. 

Әсем бұл кәсіпке кездейсоқ келген жоқ. Ең алғаш тандыр нан пісіріп, сатты. Қырғыздың тандыр нанын пісіріп, Сарқан мен Жансүгірдегі тұтынушыларына жеткізіп жүрді. Сол кезде үлкен наубайхана ашуды мақсат тұтты. Бірде нан таратудан қалтасында 16 мың қалыпты. Жалғызбасты ана 16 мыңға үйдегі 3 баласына тамақ немесе ұн аламын ба деген таңдау үстінде болғанын еске алды. Сол күні 16 мыңға 2 қап ұн алып, тәуекел деп кәсібін бастап кетті. Қазір тәулігіне 1500 бөлке нан пісіреді. Содан ісі ілгері жылжыды. Нанның арқасында үйлі де болды, нан түрлерін таситын «Тойота Превия» автокөлігін де сатып алды. Өнім сапасы ұнға байланысты. Сол себепті оны арнайы Өскемен қаласынан алдырады. Тұтынушылардың талғамынан шығу мақсатында өнімнің санына емес, сапасына баса мән береді. Қасындағы Нұржамал мен Раушан әпкелері кеңестік кезеңде осы салада еңбек еткен тәжірибелері мол жандар. Өзінің анасы сияқты ақыл-кеңестерін айтып, білмегенін үйретіп отырады. Наубайхананың арқасында өзімен бірге 7 отбасының нәпақасын айырып отыр. Сондықтан Әсем Қалабаеваның бағындырар биігі, алатын асуы әлі алда деп ойлаймыз.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы