«Қайырымдылық керуені» байқауы басталды

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 727

Облыстық іскер әйелдер кеңесінің кезекті отырысы Достық үйінде өтті. Кеңес мүшелері республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауының басталғаны туралы толық ақпарат берді.

Аталған байқау республика көлемінде алтыншы рет ұйымдастырылып келеді. Ел дамуына аз да болса үлес қосқан батыл, қамқор, мейірімді жандарды, кәсіпкерлер мен патриот азаматтарды анықтайтын бірегей байқауды Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы және «КТК» телеарнасы жүзеге асырады.  

Облыстық іскер әйелдер кеңе­сі төрайымының орынбасары Татьяна Чиркова, байқаудың мақсаты мен міндетін айтып берді.  

– «Мейірімділік әлемді құтқарады» деген сөз тектен-текке айтылмаған. Мына өмірде мейірімді жандар көп. Тек соларды біз жас ұрпаққа көрсете білуіміз керек. Батырларды мына қоғам, әлем тануы тиіс. Сондықтан осындай байқау жиі ұйымдастырылуы керек. Байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосып қана қоймай игі істермен өзгелерді ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Тек кәсіпкерлік субъектілері, қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен жүзеге асатын жандар қатыса алмайды. Аталмыш байқауға қатысты өтінімдер 20 желтоқсанға дейін қабылданады, – деді ол.

Байқаудың «Асар» номинациясы халықтық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған қайырымдылық қызметті атқаратын жандарға беріледі. Ал «Туған жер» номинациясын білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру саласында туған өлкесіне қайырымдылық жолмен жақсылық жасаған жандар иеленеді. «Мейірім жолында» номинациясымен қайырымдылықпен тұрақты түрде айналысатын азаматтар марапатталса, «Қайырымдылық тарихы» қоғамдағы өзекті мәселелерді жариялаған журналист немесе шығармашылық топқа беріледі. Ал «Батыл жүрек» номинациясы төтенше жағдайда ерлік көрсеткен жас- өспірімдерге табысталады.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ