Бәрекелді! Белгілі кәсіпкер "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің режиссеріне ат мінгізді

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 637

Танымал кәсіпкер Дулат Тастекей "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің режиссері Мұрат Есжанға ат мінгізді, - деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

7К: "Қандай құрметке де лайық": Белгілі мецанат ұлтқа еңбегі сіңген екі бірдей қазаққа темір тұлпар мінгізді

Бұндай жан сүйінетін жаңалықты Мұрат Есжанның өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. 

"Алматы көшелерінен ақбоз атқа мінген адам көріп қап жатсаңыздар, ол - менмін. Белгілі кәсіпкер, меценат, өнер жанашыры Дулат Тастекей ағамыз "ағаның ініге разылығы, қазақшылық жолы" деп астыма ат мінгізді. Ол атты құр ауызбен атай салмай, Алматының қақ төріне алдырып, Достық көшесіндегі тарихи мектепте тақымыма тигізді. Дулат аға екеуміз бір шаңырақтың, жаңағы тарихи мектеп - Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернаттың түлегіміз. Біз оқығанда №2 деп аталатын, қазір Абай атамыздың атында. Бұл кісі - бізден бірер буын ілгергі шәкірт. Мектепке біз түскенде өздері болмағанмен, аттары аңыздай айтылатын мықты түлектердің бірі еді. Қазір де қара шаңырақтан кіндігін үзбей, "Ұшқан ұя" атты түлектер қорын құрып, бір жағы мектепке, оқушыларға қамқорлық қып, бір жағы түлектерді ұйыстырып, талай игі іске мұрындық болып жүр. Дулат ағамыз басқаратын "Асылтас" қорының бұған дейін де шарапаты тиіп еді. Бір топ әдебиет, өнер, ғылым өкілдеріне стипендия тағайындап, соның біріне біз де ие болғанбыз. Енді мынау "ат мінгізу" салтын ерекше тұрпатты, астарлы мәнді таралғы деп қабылдадық. "Ылайым аттан түспе!", "ат үстінде атқарар шаруаң көп болсын!" деген игі тілекке баладық. Өзі де ат үстінде жүрген азаматқа мың алғыс! Сондай-ақ, шараны ұйымдастырған "Ұшқан ұя" бірлестігіндегі барлық мектептестерге, бірлестік төрағасы Айбек Шегебай інімізге де ризашылық білдіремін. Мектебіміз өркендей берсін!" - деп жазды ол.

Бұл қуанышты жайтқа байланысты осы мектептің түлегі Дулат Тастекей режиссерге тұлпарды «Ұшқан ұя» түлектер қауымдастығының атынан табыстағанын айтқан. 

 «Мұрат Есжан мектепке деген сағынышын, жылуын, құрметін аяп жатқан жоқ. Бұл осында отырған кейінгі буынға үлгі боларлық іс екені анық. Сондықтан қазақи салттан айтымай артымыздан ерген ініге ақбоз ат мінгізу парызымыз», – деді Дулат Тұрсынұлы.  

Айта кетейік, бұған дейін кәсіпкер Сырымбек Тау "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің режиссері Мұрат Есжанға көлік сыйлағанын хабарлағанбыз.

Фото: ашық дереккөзден өңделіп алынды