Сауапты іске үн қосты

Уақыты: 08.12.2023
Оқылды: 657

Жуырда партияның Ескелді аудандық филиалының мұрындық болуымен халық қалаулылары Халықаралық мүгедектер күніне орай «Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне қол ұшын созды.

Дүние жүзінде дене мүкістігіне ұшыраған жандарды қоғам өміріне етене тарту мақсатында ауқымды шаруалар атқарылады. Қарымды қарекеттер басында 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық мүгедектер күні деп 3 желтоқсанды бекітуі бар. Әдетте тиісті құрылымдар тек айтулы күні қарекет етеді деген заңды сауал туындайды. Басқасын білмедік, ал «AMANAT» партиясы қоғамның әрбір мүшесін назардан тыс қалдырмайды.

Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жасақтады. Сол бағдарлама өзегінде аудандық филиал өкілдері жергілікті халық қалаулыларын жиып, «Демеу» МҚБ-ға ат басын бұрды. Рухани қолдаудан бөлек, азық-түлік себеттерін апарды. Бірлестікке жетекшілік ететін Ахат Ұзақбаев аудан атқамінерлеріне мұндай қамқорлығы үшін алғаусыз алғысын білдірді. Партияның аудандық филиалының төрағасы Айдын Баяханның айтуынша, мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарға бар жағдайды жасап келеді.

 – Қазір ескерусіз қалған мүгедек жоқ, бірі – оқиды, бірі – кәсіппен шұғылданады, енді бірі – жұмыс істейді. Дені сау адамдармен иін тіресіп қарекет етуде. Мұндай мүмкіндіктің тууына мемлекеттік саясаттың жемісті болуы деп түйсінген абзал. Ал осындай басым саясаттың жүзеге асуына «AMANAT» партиясы да белсенділік танытуда, – дейді А. Баяхан.

Айта кететін жайт, Ескелді ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын мінберден көтеріп, жоғын түгендеп жүрген бірден-бір ұйым – «Демеу» МҚБ.

М.МАҚСЫМ