ҚЫЗЫЛАҒАШТА 36 ЖАСТАҒЫ ЕР АДАМ АУЫЛДАСЫНА ОҚ АТТЫ: ТЕРГЕУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Уақыты: 28.09.2021
Оқылды: 1228
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қызылағаш ауылының тұрғыны өзгеге қарумен оқ атты. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Ақсу ауданы полиция қызметкерлерінің жылдам әрекет етуінің нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. «Ақсу ауданы полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне белгісіз адамнан Қызылағаш ауылында оқ атылғаны жайында хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен Ақсу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қызылағаш тұрғынына 16-калибрлі аңшы мылтығынан оқ тигенін анықтады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды», - деді Ақсу АПБ бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Сәкенов.

Жедел іздестіру іс-шараларын өткізу барысында сол ауылдың 36 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның тіркелмеген қарудан оқ атып, қоғамдық орында қару қолдану арқылы денсаулыққа зиян келтіргені анықталды. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"