НЕМЕРЕ БАҒАТЫН ӘЖЕЛЕРГЕ ЖӘРДЕМАҚЫ ТӨЛЕУ КЕРЕК: СІЗ БҰҒАН НЕ ДЕЙСІЗ?

Уақыты: 30.07.2021
Оқылды: 4660
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бұл күнде немере бағатын ата-әжелер аз. Көпшілігі денсаулығының жоқтығын, бала шуына жүйкесінің шыдамайтынын айтып шағымданып жатады. Қарияларды да түсінуге болады. Бүгінгідей денсаулық ерте сыр беретін уақытта өзіңе қарайсың ба, әлде немеренің күтімін ойлайсың ба? Оның үстіне қымбатшылық жайлаған уақытта баланың ас-ауқаты, басқа да қажеттіліктері бар, ол да немересін бағуға алған ата-апаға артылар жүк.

Жуырда Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы, депутат Ләззат Рамазанова бұл мәселенің шешімі ретінде немересін бағатын зейнеткерлерге мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсету мәселесін көтерді. Оның айтуынша, мұның арқасында тұрмыстық жағдай түзеліп, ата-әже мен немере арасындағы байланыс нығаяды, отбасылық құндылықтар дәріптеледі, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесінің шешілуіне оң әсерін тигізеді.

"Түркияның Измир аймағын мысалға келтірейін. Ол жерде немересін бағатын ата-әжеге мемлекет зейнетақысының 50 пайызы көлеміндегі қосымша ақыны әлеуметтік көмек ретінде төлейді. Бәлкім, осы әдісті біздің қоғамда да қолданысқа енгізіп көру керек шығар. Өйткені бұл жобаны жүзеге асыру арқылы бірнеше мәселе шешімін табады", – деді депутат. Сонымен қатар,депутат елімізде отбасы институтын дамытуға республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу керектігін де атап өтті.

Бұл бір жағынан қазіргі ата-әже мен немере арасындағы байланыс ажырап бара жатқан уақытта табылған шешім сияқты болғанымен, екінші жағынан біздің дәстүрімізге жат дүниедей көрінеді. Ата-бабамыз ешқашан немерені артық жүк санап, оны бағып-қаққаны үшін ақша сұрамаған. Өйткені, бала – сол әулеттің жолын жалғаушы. Ата-әжеге немере бақ деп ақша бергеніміз күтуші жалдап, соған ақша төлегенмен бірдей сынды. Ертең осы іс қолға алынса, мен ақша алмаймын, сол үшін немере бақпаймын дейтін де қариялар табылмасына кім кепіл? Сондықтан немере баққан ата-әжеге емес, бала санына орай жәрдемақы төлеген дұрыс па деймін. Бізде қазір төрт баладан жоғары отбасыларға ғана жәрдемақы төленеді. Ал бала 18-ге келгенде жәрдемақы беру тоқтатылады. Демек қалған үш бала нәпақадан қағылады. Сондықтан, отбасында бір не екі бала болсын, соған орай төленсе, мемлекет тарапынан зор көмек болар еді.

Ата-әжелерімізге де қолдау көрсету керек. Қазіргі зейнетақы ішер тамағы мен дәрі-дәрмегіне әзер жетеді. Сондықтан жылына бір рет болсын, денсаулығын жақсартуға  қосымша қаржы бөлініп тұрса, артық болмас еді. Бұл ата-әжелерге үлкен көмек боларына сенімдімін. Жылына бір рет шипажайда ем алып, денсаулығын әжептәуір жақсартқан ата-әже немересін бағудан да бас тартпас еді-ау. Сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан