ҚАЗІР ҚЫЗҒА ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЙЫМ САЛЫНА МА? ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ МӘНІ

Уақыты: 04.08.2021
Оқылды: 2384
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлттық тәрбиеде «Қызға қырық үйден тыйым» деген түсінік бар. Бұл қыз тәрбиесіне тек ата-анасы ғана емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт жауапты екендігін білдіреді. Қызды тыйып ұстау – оны  барлық нәрседен қағу емес, тәрбиелі, инабатты болып өсуіне жол ашу.

«Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым» жасау халқымыздың ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән бергендігін көрсетеді. Ата-бабаларымыз бүтін бір ауыл болып ұйып, жастардың тәрбиесін қадағалап, оларға жол көрсетіп, ақыл айтып, бағыттап отыруды парыз санаған. Қыздың тәрбиесін бүкіл бір ұлттың тәрбиесі деп білген. «Қыз – қонақ» деп төрінен орын беріп, бала күнінен еркелетіп, бетін қақпай, тыйым сөздермен тәрбиелеп өсірген. Қызды гүлге теңеп, оны сұлулықтың, нәзiктiктiң белгiсi деп білген.

Қыз тәрбиесіне ерекше мән берудің себебі, ертең ол бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырақтың берекесін кіргізетін келінге айналады, басқа үйдің баласы атанады. Ол барған жерінде бағып-қаққан ата-анасының атына дақ түсірмей ары таза, елін-жұртын сыйлайтын, ибалы келін болуы тиіс. Ол үшін әрбір қыз жастайынан «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді үйренуі қажет. Сөйткен жағдайда болашақта одан елін, жерін сүйетін, бір ошақтың отын маздатып жағып, қайын жұртын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана шығары сөзсіз.

Ол үшін қызды тіршілікке икемді етіп өсірудің  жөні бөлек. Кішкентай күнінен әр істі тиянақты атқаруға, үй тірлігін толықтай меңгеруге мән берген абзал. Бұл ретте басты тәрбиеші – ана. Шешесі қызының киім киісін, жүріс-тұрысынан бастап, ортада өзін қалай ұстау керектігіне дейін үйреткені дұрыс.

Жалпы тәрбиеде ата-бабамыз салып кеткен сара жолдан жаңылмай, тыйым сөздерді тәрбие құралы ретінде пайдалана білгеніміз жөн. Сонда ғана ұлағатты ұрпақ қалыптастыра аламыз.

Гүлім ТІЛЕУБЕКҚЫЗЫ,

“М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы МДШО” КММ-нің информатика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан