ВИРУС ШАШАДЫ ЕКЕН, ТЕРЕЗЕНІ ЖАБЫҢЫЗДАР! БІЗ НЕГЕ САНДЫРАҚҚА СЕНЕМІЗ?

Уақыты: 11.08.2021
Оқылды: 1280
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«7-8 тамызда үйден шықпаңыздар, вирус шашады екен. Ауруханада істейтіндер 10-11 тамызда көп адам ауырып ауруханаға түседі деп жатыр, соған оттегі әкеліп, дайындап жатыр екен. Терезені жауып, біраз уақыт шыдап, өткізіп жіберейік. Таныстарыңызға айтыңыздар». Әлеуметтік желіде осы тәріздес фейк хабарламалардан көз сүрінеді.

Әрине, мұндай хабарламаларға күліп қана қоя салуға, ұялы телефонда орын алмасын деп бірден өшіре салуға да болар еді. Өшіріп те жүрміз. Бірақ, өкінішке қарай, сондай хабарламаларға сенетіндердің де аз еместігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ең бір таңғалдыра- тыны – жалған хабар неғұрлым ойға сыймайтындай, тіпті ешбір қисынға келмейтіндей болса оған соғұрлым құлай сенетіндердің қатары көбейе түседі. Сондай қаңқу сөздерге мысал ретінде жоғарыда келтірілген фейк хабарламаны алайық.

Коронавирусты тек микроскоппен ғана көруге болатындығын дәлелдеп жатудың қажеттігі бар ма? Содан кейін де оның кішкентай бір құтысын жинақтау үшін бір ғана ғылыми лаборатория, жыл демей-ақ қояйық, әлденеше ай жұмыс істеуі керек. Ал енді байтақ Қазақстан аумағының үстінен ұшақпен шашатындай вирус жинақтау үшін қанша лабораторияның қаншама жыл жұмыс істеуі қажет екендігін көз алдымызға елестетіп көрейікші. Мұндай өрескелдікке сенудің өзі қараңғылық па? Өкінішке қарай, ғылым мен білім қарыштап дамыған заманда орын алып отырған өрескел қараңғылық.

Екінші мәселе – соншама мөлшердегі вирус өндірілді деген күннің өзінде оны жалғыз Қазақстанның ғана емес, дүниежүзінің қаншама елінің аумағына апарып, арнайы қоймаларда сақтап, әуежай басына жеткізіп, ұшақпен шашу мәселесі. Ондай ессіздікке, жауыздыққа кім жол бере қояды?  Өзінің отбасы мүшелері мен туған-туыстарын, жора-жолдастары мен ауылдас-замандастарын улайтын соншалықты зиянды затты ел аумағына өткізуге қай шегарашының, туған елінің үстінен шашуға қай ұшқыштың қолы барады? Ойға сыймай ма? Ойға сыймайды, ешқандай қисынға да келмейді. Ендеше кім дайындағаны, қай жерде кімнің сөйлеп жатқаны белгісіз жаңағыдай күмәнді фейк хабарламаларға неліктен соншалықты сенеміз, ағайын?!

Вакциналау мәселесіне қатысты да осындай ойға сыймайтын әңгімелердің туындап жататыны жасырын емес. Ондай әңгімелердің барлығы дерлік қай елдің вакцинасының болсын зияндылығына, яғни адам денсаулығына екі-үш, бес, он бес жылдан кейінгі мерзімде сұмдық қатер төндіретіндігіне келіп тіреледі. Кереметі – әр болжам айтушының хабарламасында нақты жыл мөлшері айтылады. Сол себепті оның бәрін тізбектеп, әрқайсысын жоққа шығарып жатудың қажеттігі де бола қоймас. Бұл жерде сондай әңгімелердің бірнешеуін ғана жоққа шығару үшін белгілі ғалым жерлесіміз, Америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті, профессор Алмаз Шарманның пікірлерін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз:

«Вакцинаның өздігінен коронавирус тудырмайтындығы даусыз ақиқат. Бүгінгі күнге дейін әлемде әртүрлі вакцинаның 4 млрд.дозасы қолданылды, соның ішінде вакциналаудан коронавирус жұқтырған бірде-бір оқиға тіркелген емес». «Екпе алғандардың ешқайсысы іс жүзінде ковидтен ажал құшпайды». «Вакцинаның бала сүюге теріс әсері жоқ». Белгілі ғалымдардың бұл орайдағы пікірлерін ұзыннан ұзақ келтіре беруге болады. Тек тыңдайтын құлақ табылсын деңіз.

Ең бастысы, бұл жерде коронавирустың салдарынан басымызға төнетін қауіп-қатер мүлдем дерлік есепке алынбайды. "Тәжтажалды жұқтырып, сырқаты асқынып ауруханада жатқандардың, коронавирус бұрыннан келе жатқан созылмалы сырқаттарын қоздырып, жансақтау бөліміне түскендердің ауа жетпей қиналғандарын көруді ешкімнің басына бермесін", – деген дәрігерлердің, мейірбикелердің жылап тұрып айтқан сөздерін естіген замандастарымыз ойланса керек еді. Әлеуметтік желіде ондай бейнесюжеттер де аз болған жоқ. Ауырып  жаны  қиналған  кезде  ғана «Екпені кезінде салдырып алмағаным-ай!» – деп сан соққан замандастарымыз қаншама?! Қайдағы бір ойға сыймайтын қырық өтірікті тыңдағанша, «чип қояды екен...» дегендей, сандыраққа сенгенше, өзекті өртеп шыққан сондай жанайқайларға да бір мезгіл құлақ түрсек болмас па?!

Адамзат баласының басынан қауіптілігі жағынан коронавирустан асып кетпесе кем түспейтін небір сұмдық жұқпалы аурулар өткен. Солардың бәрін медицина жетістіктерінің, соның ішінде, ең алдымен екпенің нәтижесінде жеңіп отырмыз. Ондай екпелер медицина ғылымы қазіргідей дамып кетпеген кезеңдерде жасалғанымен одан адамзат баласының денсаулығына айтарлықтай зиян келген жоқ. Ендеше қазіргі екпеден, медицина дамып кеткен заманда жасалынған вакцинадан неге соншалықты қорқамыз? Бұл орайдағы жұмыстардың барлығы адамзатты қыру үшін емес, сол адамзатты қауіпті індеттен аман сақтап қалу мақсатымен жасалынып жатыр емес пе?

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Сурет - ғаламтордан