ОБЛЫСТА 9 МЕКТЕП ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН ЕМЕС: БАЛАЛАР ҚАЙТПЕК?

Уақыты: 14.08.2021
Оқылды: 1639
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында жөндеу жұмыстары бітпеген мектептердің оқушылары әкімдік ғимаратында, Мәдениет үйінде оқиды. Бұл туралы "Жетісу" газеті "Қазақпаратқа" сілтеме жасап хабарлады.

Алматы облысында қазір 19 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 9-ы биылғы оқу жылына үлгермейді. Биылғы жаңа оқу жылында ашылмайтын мектептердің бірі - Талдықорған қаласындағы Островский атындағы мектеп. Бұл білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстар маусым айында ғана басталған. Мектептің төрт қабырғасы түгелдей қырылып, қызыл кірпіш күйінде тұр. Едендерін де түгел алып тастаған.

Білім басқармасының айтуынша, жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Сондықтан, аталған мектепте оқып жүрген 1149 бала күзде қаланың әр жеріне сабылып, білім алуға мәжбүр. Кейбірі тіпті колледж ғимаратында оқымақ.

- Бізде Талдықорған гуманитарлық колледжі бар. Яғни, мектепалды даярлық топтары және бірінші сынып оқушылары сол гуманитарлық-техникалық колледжде білім алады. Сол жерден кабинеттер бөліп отыр. 9 мектепте күрделі жөндеу кеш басталуы және оған қаржының кеш бөлінуі жағдайды қиындатты. Сондықтан, оқушыларға қолайлы жағдай жасалып, мектеп біткенге дейін қай ғимаратта оқыса, сол жерге жиһаздар қойылып, оқу процесі үздіксіз өтеді деп жоспарлап отырмыз, - деді Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова.

Ақсу ауданының Сағабүйен ауылындағы мектепке де күрделі жөндеу жүргізілуде. Жаңа оқу жылында бұл мектептің 172 оқушысы ауылдық әкімдіктің ғимаратында білім алмақ. Ал, Панфилов ауданының Сарыбел ауылындағы орта мектептің 286 оқушысы Мәдениет үйіне барып білім алады. Райымбек ауданының Тұзкөл ауылындағы мектептің 87 оқушысы да әкімшілік ғимаратында оқымақ. Ал Талғар қаласындағы №3 мектептің 1945 оқушысы Д.Қонаев атындағы колледжге және Евразиялық университетке барып, білім алмақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"