ҚАЗАҚСТАНДА ҚАРЫЗҒА БАТЫП ӨМІР СҮРЕТІНДЕР КӨП: БҰДАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?

Уақыты: 21.08.2021
Оқылды: 1514
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

"Қарыз қатынас бұзады" дейді халық даналығы. Алайда тірлікті тұрмысқа тізгіндеп қойған нарықтық қоғамды қарызсыз елестету мүмкін емес. Бұл қоғам қарыз берушілер мен қарыз алушылардан құралған. Әлбетте, қарыз беретіндер аз, қарызға мұқтаждар көп. Адамнан бастап мемлекетке дейінгі масштабты алсаң да көрініс өзгермейді. Қарыздың түр-түрі бар. Атауы әртүрлі болғанмен, табиғаты бір. Қарызыңа өсім қосып қайтарасың. Коммунизмге барамыз деп социалистік идея ұстанған елдерде де, өсімді харам санайтын діншіл мемлекеттерде де бар бұл.

Әлем алпауыттарының бірі АҚШ-та халықтың 90 пайыздан астамы «қарызға» өмір сүреді екен. Қарыздың жылдық үстемесі 3-5 пайыз екенін ескерсек, американдықтар несие тарихын жақсарта отырып, өздерінің рахатына керектің бәрін тұтынады. Айналып келгенде несие берген ұйымнан да, несиеге алынған тауардан да алым-салық ел қазынасына тамады. Халықтың да жағдайы жақсы, мемлекеттің де бүйірі тоқ.

Ал бізде қалай? «Қарыз алдың – қайғы алдың» деген елдің ұрпағымыз ғой. Елдегі банктердің бірінен несиеге 1 млн.теңге алған жақынымыздың 5-6 жыл ішінде үстіне тағы 1,2 млн.теңге қосып қайтаратынын естігенде, еріксіз американдық болғың келеді. Көпшілік отандастарымыз үшін несие алғанда оның үстіне қанша қосып қайтаратыны маңызды емес. Ай сайын қанша қайтаратыны маңызды. Себебі, жалақы аз, күнкөріс қымбат.

Аса қажет болғандықтан 1 млн.теңге несиені 1 жылға рәсімдедім. Үстіне қосып қайтаратыным - 260 мың теңге. Жылдық үстемесі - 26 пайыз. Ал АҚШ-та мигранттарға берілетін несиенің үстемесі 8-9 пайыз. Салыстыра беріңіз.

Отау көтергелі бері қаржылық саутталық мектебінің түрлі сатысынан өттік. Үй, көлік, түрлі тұрмыстық техника, жиһаз, қала берді компьютерлер мен смартфондарға да осы қаржылық құралдардың арқасында қол жеткізгеніміз жасырын емес. Әр несиені рәсімдеп, айма-ай төлеген сайын, сауатың да арта түседі. Алғашқыда бәрін несиеге алсақ, яғни, үстіне ақша қосып қайтарсақ, келе-келе несиені мерзімінен бұрын жабу, бөліп төлеу дегендердің тиімді екенін түсіндік.  Несие тарихыңды үнемі жақсартып отырсаң, банктердің де саған деген көзқарасынан «қамқорлық» байқалатынын білдік.

Қайбір жылдары халықтың қаржылық сауатсыздығын пайдаланушылар бір күнде бірнеше банктен несие әпереміз деп жарнама жасады. Тіпті, алған ақшаны қайтармасаңыздар да болады, кейін кешіріле салады деп те соқты дерсің. Аңғалы бар, арамы бар сондай қызметке жүгінушілер де көп еді. Бір туысымыздың бір күнде 2-3 банктен 2 млн.теңгеден несие алып, оның 10 пайызын қызмет ұсынушыларға ұстатқанын естігенде аза бойым қаза болып еді. Он жылдан аса қарызын қайтармаған сол кісілердің бүгінгі жағдайында тіптен мән жоқ. Заңды жұмыс жоқ, шекара асуға рұқсат жоқ. Бас ауырып, балтыры сыздаса, емханалар да қабылдамайды. Түйінін өзіңіз түйіңіз.

Статистикалық деректерге сенсек, қазақстандықтардың несиелік берешегі 22 трлн.теңгеге таяпты. Әр 100 отандасымыздың 60-ында несиелік карта бар көрінеді. Сондай картаның 2-3-уі өзімде де бар еді. Қаржылық мәдениет пен сауаттың аздығынан алғашқыда картамен төлеу әрі қызық, әрі тегін секілді көрінетін. Қарызға қалай кіріп кеткеніңді айлық алғанда бірақ білесің. Бертін келе бонус жинайтын, қайтарымында жеңілдігі бар картаны қалдырып, қалғандарын жауып тындым.

Аларынан бұрын берерін ойлаған халықтың қарыз туралы айтып кеткендеріне зер салсаң, қарыздан қашық жүрмекке тырысасың. Алайда тұрмыс тезіне салғанда, атадан қалған ақылды ада қып, банк бөлімшесінде бейшара күйде отырғаның отырған. Несиесін несиемен жауып отырған қаракөздеріміз жан-жағымызда тым көп-ақ.

Айналып келгенде, жерінің асты мен үсті қаншалықты бай болғанымен Қазақстан халқының үлкен бөлігі соншалықты кедей екенін амалсыз мойындайсың. Осыған өзіміз кінәлі шығармыз?! Қалай болғанда да қазір қарызсыз өмір сүре алмаймыз. Ендеше алған қарызды қайтарғанша қалайда сауатты жұмсауды үйрену керек. Қарызды алардан бұрын берерін ойлаған жөн.

Данияр БОЛЫСБЕКҰЛЫ

Сурет - ғаламтордан