Күйден алау жаққан

Уақыты: 03.04.2017
Оқылды: 1495
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ол шерткен  домбыраның жаны, төккен күйінің тілі бар болып шықты. Жаны бар болғаны сол – қасынан екі елі тастамайтын, үй төбесіне шығып алып та күнұзақ тартатын қарадомалақ ұлға ақыры қасиетті қара домбыра иіп берді. «Сауған» сайын қос ішектен  күй саулап, көнек-көнек қымыздай быж-быж етіп, «ішкен» жанды кең сарай ғып уілдетіп, мас қылды, жас қылды. Ал күйдің тілі бары мынау – Нұрғиса күй шерткенде кеңістік түгел күміс таяқшаға ілінген сиқырлы ноталардай жамырап береді екен. Кәрі де, жас та әлде қуаныштан, әлде мұңнан көздерінен жас парлатып, Тілендиев күйінің құдіретін алпыс екі тамырлы тұла бойымен сезінетін болыпты. Міне, бұл біз сөз еткелі отырған маэстро әлемінің алғашқы бір нотасы. Мақаламыздың әдепкі кіріспесі-тұғын.

Әлқисса
Ол ұялап-ұялап ұлылар ұшқан Ұзынағаштай ұйықта өмір есігін ашыпты. Неге асықты екен – небәрі түйіншектей ғана қалпымен көш үстінде «қойшы» атанып, «атұстар» атымен құлақтан- құлаққа сүйіншілей тараған. Өстіп, әке жүрегін «құдай маған нұр берді» дегізіп бөгенайы бөтен қуанышқа бөлепті де тастапты. Бәлкім, бала деген бауыр еттің бағасы осындай ма, әлде мұқым қазақтың әкесінің бәрі сондай ма, әйтеуір, әкей Тіленді бір қызық ырым жасаған деседі. Онда ол «ұлым менің» деп емірене келіп, іргеде ілулі тұрған домбырасын алып, нәрестені оның шанағына жатқызып, басынан асыра жоғары көтерген күйі қасиетті қарт Алатауға қарап: 
Қыз дегенім құр болды,
Балам менің ұл болды.
Алланың сыйы, қайтейін,
Кеудеме менің нұр толды, – деп шақалақтың атын азан шақырып Нұрғиса қояды. Бақсаңыз, ол тосын қуаныштан қапелімде аузына жөнді сөз түспеген, ісінен бір сәт «береке» кеткен әке емес, керісінше, жаңағы бір сөздері мен кісінің ойына келе бермейтін өзгеше харакетінен тектілік пен бегзаттықтың саумалдай жұмсақ исі аңқиды да тұрады. Қалай десеңіз де осы бір ойда жоқта жасалған жұпыны жоралғының нәрестенің былайғы тұтас тағдыр жолын түзіп бергенін ол шақта ешкім аңдамаған. Білмеген. 

Күйдің тілін
білсем деп...
Әсілінде, аңызға айналғандай әдемі әңгіме бұл. Екі бала таласып отыр деседі. «Олай тартпайды, былай тартады, – дейді бірі. Сонда тезбе-тез оны терістеп екіншісі: «Ал сенің ана балдыр-батпағыңды көрсе, домбыраңды жұлып ап, қақ басыңнан бір-ақ ұрар», – дейді екен екіленіп. 
Қайткен күнде де осы бір шағын диалог – түсінген-түйген жанға екеудің күйге деген, күйдің бер жағында күйшіге деген құрметін асқақтатады келіп. Иә, «Нұрғиса көрсе...» дейді. Олар, сірә, қайдан білсін: шын мәнінде Тілендиевтің ту сыртында бұл әңгімені үнсіз тыңдап тұрғанын. Тек әлгі бір әдемі сөзді тәңір ауыздарына салды ма, тәуірі сонда айтыпты. Бұл тек кездейсоқтық па сіз ше? Әсте, олай болмаса керек асылы. Сол тұстағы елдің күйге деген, анығы Нұрғиса талантына деген құрметі тым-тым бөлек еді. Сондықтан да екі отбасының бірінде күй тартқан жан болса, үлкендер жағы да оларды «Нұрғиса көрсе...» деп басталатын тәрбие – тезге жиі салатын. Осылайша, «Нұрғиса көрсе...» – нағыз өнердің өлшеміне айналып кете барған-ды. 
Бұл – Семей өңірінде іссапармен жүрген Нұрғисаның өзі «төбесінен» түскен болмысы төбел оқиға. Төбелдігі, басқасынан алабөтендігі сол – осы көріністің жаңағы көрнеу сұлбасы күйшінің көкірегінде мұнан соң да көп тербеліпті. Сөйтіпті де, «Тәубе» депті сонда. – «Менің күйімді қорғайтын, сақтайтын ұрпақ бар екен», деп бек қуаныпты тағы. Оған шәк та, шүбә да жоқ-ты бүгінгі Нұрғисашыл қазақта. Нұрғисашыл бала – ұрпақта. 
Бала демекші, домбыра десе, делебесі қозып, соның ғана қуанышы бала қиялына азық болған Нұрғисаның кішкентай жүрегі үшін күйден сұлу құдірет жоқтай көрінетін. Сонысынан ба екен анасының: «Құлыным-ау, домбыраға бір сәт тыныштық беріп, өзің де демалсаңшы», – деген сөзіне:
– Апа-ау, домбыраның да жаны бар ғой, қашып кетуі мүмкін, – деп қара домбырасын құшақтаған үстіне құшақтай түседі екен. Енді, ойлап қарасаңыз, екеуінің айтқаны да үлкен сөзден екені белгілі. Айталық, анасы баласына «домбыраңды тоқтата ғой», немесе «өзің тынығып ал, домбыраңды қоя тұр» деп күнделікті дәстүрлі сөзге дес бермейді. Тиісінше, домбыраға тыныштық беруін, өзінің де демалуын өтінеді. Демек, домбыраның «жаны» бар екенін анасы білудей-ақ біледі. Ал екінші үлкен сөзді бала күйшінің бәтуәсынан байыптауға болады. Ол да анасынан еш кем түспей: «күйдің жаны бар ғой...» деп айтып салып қарап отырады. Әсте, бала көңілмен балып-балып етіп аусай сөйлеген ауыздың әңгімесі емес бұл. Аузына құдайдың өзі салған сөз. Міне, солай күйдің жанын ұққан бала Нұрғиса содан бастап оның тілін де ұғуға талпыныпты. 

«Ұрлығы»
ұстазынан
байқалатын
Балаға ұстаз көп десек те, оның бәрі күйге даулескер, ақылға кенен әкесіндей, оның бәрі музыкаға жүйрік қазақтың Ахметіндей бола алмас па еді, кім білсін?! Әйтеуір, біз білгенде осы екі адамның шәкірт Нұрғиса үшін орыны айрықша оқшау еді. Бірі жас шыбықтың тамырына нәр, бойына қуат берсе, енді бірі қисайған тұсын күзеп, бойын түзеп зәу биікке бой құлшындырыпты дер шағында. Содан болар, Нұрғиса тұлғасы – күйші таланты бар қазақтың сүйіне қарайтын, сүйсіне елтетін бір биігіне айналыпты да кетіпті. 
Әуелі алғашқы ұстазы әкесі жайындағы әңгімелерге тоқталсақ. Бала Нұрғисаның талабын, талғамын сынамақшы болған Тіленді оған жорта бір емес, бірнеше домбыра жасап беріпті. Сонда баласы домбыраларды ағашының әдемілігіне қарамай, тыңқылдатып көріп, үніне құлақ түріп, даусының қоңырлауын таңдап: «Осыны шертейін», деп бас салыпты деседі.
Домбыра таңдауда талғамы қиыс кетпеген ұлына әкесі Тіленді риза болып: «Жарайды, алғашқы сыннан өттің, балам. Ал енді таңдаған домбыраңды тартшы, қалай ойнайды екенсің?» – десе, өскін Нұрғиса кәдімгідей күй шертіпті. Таңғалған Тіленді: «Мен саған саусақтарыңды нұқып, әлі дәл көрсеткен жоқ едім ғой» десе, ол: «Ана саусақ, мына саусақ, былай тарт, былай шерт дегенді үйретіп, күнұзаққа босқа отырмақсың ба? Көзім мен құлағым бар ғой, тартқаныңды күнде көріп, естіп жүр емеспін бе?» – деп қуақылана жауап қатқан көрінеді.
Мұндайда әкесі: «Өй, мынауыңның құлағы шынымен де осал құлақ болмады ғой. Әй, дегенмен, өзіме тартқансың-ау», – деп сәл-пәл мақтана берсе, Салиха шешесі: «Атамыздың қасында сен домбырашы ма едің, тәйірі... Қарашы, солақайлығы мен дене бітімі атасынан аумайды. Домбыра ұстағаны да атасына тартқан» – дейтін көрінеді. 
Енді ойлап қараңыз, Тіленді шабыт қысып, өнебойын өнер құдіреті билеп кеткенде башпайымен де небір өзгеше сарындағы күйлерді тарта жөнелетін көрінеді. Ал осынша керемет күйші Тілендінің атасының қасында домбырашы болмай қалуының өзі нені меңзегендей? Демек, мұндай таланттың Нұрғисаға арғы аталарынан берілгені анық.
Аталарынан берілгені емей немене, сол бала күнінде-ақ «үй үстінде күй тартқан бала» атанып, әуелі ауылға жолаушылай келген Ахмет Жұбановтың көзіне түсіп, Алматыдан білім алудың орайы келсе, кейіннен Қордай мен Қапшағай арасына атағы кеткен күйші балаға айналып, дәулескер күйші Қатшыбайдың батасын алыпты.   
Ахмет Жұбановтың көзіне түсуі де бір кездейсоқтық секілді.  Бір күні ғалым іссапармен осы ауылға ат басын бұрыпты. Сонан ауыл шетінде үй үстінде бар ынты-шынтысымен домбыра шертіп отырған баланы көріп, ықыласы ауады да шешесіне қолқа салады. Бұл кезде Нұрғиса небары бес жаста болатын. Анасы Сәлиха әйгілі Кенен ақынның қарындасы-тұғын. Төңірегіне белгілі әнші болып, Кенен Әзірбаевтің батасын алып, Жамбыл Жабаевтің сарқытын ішкен еді. Осы ретте анасы Сәлиха да «балам жас еді» демей, сол тектілігіне басып рұқсатын беріпті. Сөйтіп, Жұбанов қаршадай ауыл баласын ханның шаһарындай алып Алматыға жеткізіп, музыка мектебіне берген. Бұдан соң да көзінен таса қылмай, оның әр бір қадамын сырттай бақылап, жіті назарда ұстайды. Соның арқасында бірде музыка мен бокстың арасында, былайша айтқанда екі кеменің құйрығын ұстап жүрген шәкіртіне: «не боксты, не музыканы таңда», – деп қатаң талап қояды. Сол ескертпенің арқасында Нұрғиса көзді жұмып, біржола шын өнердің жалынан ұстайды. Осылайша музыка мектебінде, кейін консерваторияда білім алады. Міне, осы жылдарда Нұрғиса шын мәнінде ұстанымы мықты шәкіртке айналады. Ол үшін қазақтың көрнекті ғалымы Ахмет Жұбановтың еткен еңбегі, төккен тері аз емес-ті.
Ғалымның да ол дегенде ықыласы бөлек болыпты. Кісесінен танығандай бес жасында-ақ көңілі тойған Нұрғисаға кейіндеп тоғыз жасқа келгенде өз домбырасын беріпті. Яғни, онда ол шәкіртінің ендігі алар асуының, басар биігінің көп екенін тым ерте болжаған болса керек. Осыдан соң ұстаз бен шәкірт, аға мен іні болып сыйласқан ғұмыр талай биікті бағындырды да. Мұндайда кемеліне жеткен, қанатын кең серпіген күйші Нұрғиса туралы Ахмет ұстазының кейінгі мына бір пікірі тіпті ұнамды болса керек оқырманға. Жұбанов мұны бір жиында айтыпты: «Нұрғисаның анау сексеуілдің бұтақтарындай сояу-сояу саусақтарын бір жендет айбалтамен қырқып түсірсе, шырпыдай шашылып жерге түспес еді. Әуеге ілініп, өздерімен-өздері әлдебір құйқылжыған ырғаққа басып, билеп кетер еді», – деп. Мұнда да ұстаздың шәкіртінің әр қимылына сүйсінуі, елтуі жатса керек. 
Енді бір сәт байыптап қарасаңыз, шәкірт Нұрғисаның қазақтың «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген мақалын қандайлық түсініп, ұстаздарының «ұстанымынан» қай дәрежеде «ұрлай» алғанын байқаған болар едіңіз. Бұл біздің «ұрлығы» ұстазынан байқалатын» деп тақырыпша қоюымыздың бір мәнісі еді. 
 
Өнерге
қаққан қанат
Бір күйін тыңдап, тереңіне бойлап көріңізші. Мейлі, «Аққуды», мейлі «Махамбетті», мейлі «Әлқиссаны», мейлі... Қиялыңызда домбыра шалқар айдынға айналып, саусақ сол айдынның бетіндегі аққу болып билеп кете барады... Қос ішектен тамған сұлу да сүйкімді дыбыстар күнасты күлік жалындағы мөлдір тамшыдай жылт-жылт етіп жаныңды елітеді. Жаның тәнге байланған, жұдырықтай жүрегің «тұтқынға» айналған шарасыз қалпыңмен бос әуреге түсесің.
Осындайда, күй тілінен өлең өрген, өзі де асқан күйші болған ақын Жұмекен Нәжімеденовтың:
Екі ішек: бірі бостау, қатты бірі,
Бес саусақ беретіндей ат дүбірін.
Күйшінің қатты ішекте қайраты өсіп,
Екінші бос ішекте ақты мұңы.
Секілді қорғасын-сел балқып ағып,
Асығып, арна салып аңқыды анық...
деп келіп, өзегіңе жалын бүркіп өтетін отты өлеңіне ден қоясың. Онда да өлеңнің әлгіндей бір дыз етпе желігінен емес, керісінше болғанда, осы шумақ бойындағы «қорғасын-селге» айналған күй болмысының бөлек, оқшау дүние екенін жаныңмен сезінгендіктен еді. 
Ертіске түсіп көрдің бе?.. Бұл атақты маэстр Нұрғисаның сөзі. Ондада анау-мынау адамға әдеттегі бір жорталық сыйпатта айтыла салған құр лепес емес-ті. Өйткені бұл ән падишаларының бірі атанған, қазақ өнері десе ішкен асын жерге қойған Жәнібек Кәрменовке айтылған сөз еді. – «Жүзе білмесең, әлжуаз, әлсіз болсаң ағызып әкетеді. Ел де сондай».  Байыптап қарасаң, байлауы бүтін, байыпты сөз. Елді ертіске теңеп, оның құшағында еркін жүзудің өнер адамы үшін қандайлық керек екенін бір аңдатады. Әрі осы мақсаттың, осы мұраттың үддесінен шығуда өзі де мәңгілік ирадасынан еш тайған емес. Міншіл, сыншыл халықтың (Тұрсынбек Кәкішев) түрлі тезінен өтіп,  туған халқының өлшеусіз құрметіне бөленді. 
Нұрғиса Тілендиевтің соңында бес жүзден астам музыкалық туынды қалыпты. (бұл арада тек бір ғана қыры – күйшілік өнері жайлы сөз етуді мақсат еттік – Қ. Қ.). Мана сөз арасында тілге тиек еткен атақты «Аққу» күйінен бөлек, «Ата толғауы», «Әлқисса», «Махамбет» сынды қайталанбас күйлерімен де Нұрғисаның тұлғасы тым биікке көтеріліп кеткен болатын. Қазақ даласын сахнаға айналдырды. Руханияттың сарқылмайтын бұлағы, сөнбейтін шырағындай болып жұрт жадында қалды. Өйтпей қайтсін, өзін төбесіне көтерген туған халқына қалтқысыз қызмет етті, шет-шексіз сүйді. Бір сөзінде бұл туралы ол: «Өмірде халықтан асқан дүние бар ма?! Сол халық қой бізді осындай жағдайға жеткізіп жүрген... Кейде мен өзімді әке-шешеден тумағандай сезінемін, өйткені халық мені алақанына салып аялап келеді”, – депті.
Қалай сүйінбейсің?! Туған еліне деген осы биік махаббат оны жүректерде өшпейтін мәңгіліктің лапылдаған алауына айналдырды. Сөйтті де бір ұлы күш оны адамдар ортасынан алып кетті. Өмірінің соңғы күндерінің бірінде Тілендиев: «Тірлігімде Жамбыл атамнан маған ауысты делінетін жебеушім – жолбарыс көрінді көзіме. Мені атамның аруақ рухы желеп-жебейді. Сағынғаны ғой. Жетейін. Бала күнімде алдына алып еркелетуші еді. Сол әдеті атамның. Кең далаға сүйсініп жырақ кетсем керек. Киелі жолбарысты жіберіпті. Күй тартсын дей ме, әлде, Қарасай, Сүйінбай, Наурызбай, Сарыбай бабаларыма құран бағыштасын деді ме екен. Жетейін»,– деп бүкіл қазағымен бақұлдасыпты...

«Отырар сазының» кез келген концертін «Құстар қайтып барады» әнімен ақырластыратын қайран Нұрғиса өзінің де ақтық сапарының сол әнмен түгескенін қалап, «Солақайға күй бітсе, қара ағашқа тіл бітеді» деуші еді бұрынғылар. Бағың жансын» деп бата берген ұлы Жамбыл атасының қасына жайғасыпты...
Бірақ бұл жолы туған жұрты қайтқан құстың келетін күнін күтпепті. Есесіне туған даласының пұшпақ-пұшпағына дейін оның үні жаңғырып тұр деседі... 

Қозыбай ҚҰРМАН