Болмысы балталанбаса

Уақыты: 24.04.2017
Оқылды: 3205
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сөздің құдіреті жайлы сөз көп-ақ. Әрине, ел аузында. Оның біразын осыдан бұрын да айдар аясында бірді-екілі тілге тиек еткенбіз. «Қызыл тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады»  деген мақал да сондағы біз айтқан ойдың бір ұшығы еді. Яғни, тілдің – сөздің құдіреті жайлы лепес бұл. Оны ежіктеп түсіндірудің өзі артық. Тіл ғалымдарының арасында: «Сөздің құдіреті атомдық физиканың соңғы жаңалығы секілді», – деген әдемі пікір бар. Осыдан-ақ, оның қаншалықты қуатты, қандайлық әсерлі екенін бағамдауға болатын ба еді бүгінгі жұрттың кейбірі біраз сөзді бөліп-жарып, болмысын балталамаса?! Сөзді жетім, ойды жалаң етпесе дейсің сосын.

«Қақпас» дейміз-ау
Бұрын да бұл сөз көп айтылған. Қазір де солай. Еркіне салсаң еріккен ауыздың бірі ренжіскен адамына: «Ой, қақпас! Не деп тұрсың былшылдап?» – деп айтуға дайын. Ол адамның өзінен үлкен екенін ескерді, бәлкім, ескермеді. Құрмет жоқ. Әйтеуір, қартайып, әл тайып, өзіне сүйкімі азайған адам болса, құдды оның бір аты «қақбас» сияқты. Жеп-жеңіл айту бар, бірақ оларда өкіну де  опыну жоқ. 
Осы арада сөзіміздің төркінін біліп-білмей бір оқырманның бүйрегінде: «Ол неге өкінуі керек?» – деген ұры сауал бүлкілдеп жатуы мүмкін. Онда айталық. Ол үшін әуелі сөздің этимологиясына сәл талдау керек-ақ. «Қақбас» сөзін қақ жарып көрсең, еш артық әріпсіз «Қақ+бас» болып бөлінетіні анық. Бұл ретте соңғы «бас» сөзінің мәні аян болғасын, алдыңғы «қақ» сөзіне көңіл бөліп көрелік.
Қақ – ол моңғол тілінде «жалғыз» деген мағынаны білдіреді. Яки, «Қақбас» сөзі «қубас», «жалғыз бас» деген мағына беріпті бұрын. Осыдан барып «қақбас» сөзі біздің қазаққа ең жаман боқтық сөзінің бірі ретінде ауызекі тілде тарап кеткен. Алайда бұл ашу үстінде айтылғанмен, көбіне-көп біз айтқандай айтылушысын тура таппаса, іштей опық жегізіп тынатын «қарғыс» сөз есебінде қаралған. «Ой, қақбас» деу – «жалғыз қалғыр», «қу басы сопайғыр» деп келетін қарғыс сөздермен мәндеседі.
Бас демекші, әдетте «кәлла» сөзі де бас ұғымына сайған бізде. Сосын да «кәллаңды істетсеңші», «әр кәллада бір қиял» деген сынды біраз тіркестің сөздік қолданысымызға еніп кеткені рас. Ал бұл сөз тағы да сол көбіне ауызекі тілде бас мағынасында қолданғанымен, түптеп келгенде оның нақты мағынасы «баласыз, жалғыз, қубас» дегенді білдіреді. 
Сосын да біз жайшылықта «телі-тентек» деп көп айтамыз да «тентекті» біліп, «теліге» еш назар аудармаймыз. Ал түпнұсқаға назар аударсақ, әуелде «телі» сөзі «делі» атауының дыбыстық өзгеріске ұшыраған нұсқасы екенін ажырату қиынға соқпайды. Ал түркілік сөздік қолданыс бойынша «делі» деген сөздің жынды ұғымын беретінін білеміз. Тіптен, түрікше де жынды осы мағынада айтылады. Бұған «делбе», «делқұлы» деген сөздер дәлел болса керек. Осындағы «делбе» сөзі сандырақтап ауыратын дертке қатысты айтылады. 
Бақсаңыз, қазақ сөзінің байлығы да, ұлылығы да сонда. Бір-біріне сырттай мағыналас, өзектес, тіндес көрінген көп сөзінің де өз дара мағынасы, Абайша айтқанда, өз қаланар кетігі бар. Мүбәдә, сіз кетігін таппасаңыз, тұтас ісіңіздің, нақтырақ айтқанда, айтпақ ойыңыздың берекесін кетірдім деп біліңіз. Осыны меңзегеннен болса керек, қазақта: «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады», – деген бір керемет мақал бар. Мұнда да ойды орнымен айтуды нұсқаған ғой абыз бабалар.

Қалықтайсыз ба,
шарықтайсыз ба?
 Біздің жұртта: «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз», – деген тәп-тәуір сөз бар-ды. Осындағы «тоқсан тоғыздың» қазірде біз үшін орны бөлек. Иә, дәл қазір біздің осы сөз турасындағы түсінігіміз сол тоқсан тоғыздың төңірегінде сияқтанады бізге. Әдетте біз көп сөздің көп-көрім-ақ тігісін жатқызып, көсіліп, шешіліп айтқанымызбен, сондағы әр сөздің жеке мағынасына жете мән берген емеспіз. Егер де сол сөздерді лупамен қарағандай бір сүзіп өтсек, біз айтпақ ойдың өзі-ақ жамырап сала берер ме еді, кім біліпті?!
Сонымен, әдепкі діттеген ойға көшсек, әуелі «қалық» сөзінің қалыбы қандай болғаны, оның шын мәнінде атау болғаны туралы айтқанымыз абзал. Ол үшін сөздіктерге жүгінсек, қалық – әуе, кеңістік. Тіптен, қазақ тілінің түсіндірме сөздігі «Сөз сандықта» «қалықтау» сөзі осы «қалық» атауынан шыққан деген болжам айтылады. Қазақы қырық қисынға жықсаңыз да, қалықтау – кеңістікте билеу ұғымының осы төңіректен ұзай қоймасы анық. Ал оған өзен бетінде де заттардың қалықтайтынын айтып, сауал қоссаңыз, бұл да кеңістіктегі заттың билеуін бейнелегендей бір мәністегі сөз. Бар болғаны осы-ақ. 
Мәселен, «шарық» сөзін алайық. Онда да осы түбірден, зат есімнен етістікке айналған «шарықтау» ұғымы бар. Бұл да сол аспанда, сол кеңістікте орын алатын құбылыс. Оның бұлай болу себебі де сол, «шарық» сөзі «қалық» арқылы мағыналасады. Аспан, кеңістік, әуе деген сөздерге ортақ атау. Аясы бір ақпарат қана. 
Аяны айтпақшы, осы ретте тағы бір сөздің түпкі мәнін төркіндетіп беруге болады. Адамдар ара қатынастағы ең ізгі қасиеттердің бірі аялау, аяушылық екенін айтпасақ та белгілі. Ізгіліктің нұры да осы «аялау» деген бес-ақ әріптің айналасында айналып-толғанып жүретіндей. Неге бұлай дейсіз ғой? Себебі, қазақтың байырғы сөздік ұғымы бойынша «ая» сөзі алақанның көлемін білдірген. Яки, «аялау» ұғымы – әлпештеу, алақанына (қолының аясына) салу дегенді білдіреді.
Індеде, түптете іздесе, мұндай сөздер қазақ лексикологиясында жетерлік. Мысалы, «аяулы» сөзінің «ана» атауымен бірігіп, кірігіп кеткен тұтас сөздей көрініп,  қашанда ана туралы сөз бастасаң, көкейден «аяулы ана» болып өрілетіні осыдан болса керек. 

Кісенан жеп 
көрдіңіз бе?
Осы бір сөздің қазақ үшін мән-маңызы зор-ақ. Әйтпесе, «Жүйрік болар құлынның мүшесінен, кісі болар жігіттің кісесінен» деп асыра әспеттеп айтар ма еді, айтпас па еді кім білген? Тегі, қазақтың жақсы сөзі болғаны осы бір мақалдан-ақ менмұндалайды. Енді, осындағы «кісе» деген не сөз дейсіз ғой, оны да айталық. Көшпелі дала тұрмысында ер қаруының сақадай-сай болуы маңызды болыпты. Содан осындай қажеттілік үшін белбеуге жарастыра жасалған қалта салады қазақтар. Оны «кіселі белбеу» деп, жігіттің болашағын, оның тұтас адамдық болмысын осы «кісеге» қарап-ақ таныпты бұрынғылар. Содан барып әлгіндей шежірелі сөз қалған-ды.
Ал осы сөз нанға қатысты да айтылады десе, бірден не ойлайтыныңыз бізге белгісіз-ақ. Тек бір білетініміз, нанның да «қалталысы» болуы керек деп өзіңізше болжам жасайтыныңыз анық. Әрі сол долбарыңыздың далаға кетпей, дәл нысанаға тиетіні де қызық. Яғни, «кісенан» деп бұрынғылар іші қалталанған, сол қалтаға ет, картоп, орамжапырақ сынды түрліше дәм салып пісіретін нанды айтқан.
Демек, бүгінгі біз «беляши», «чебуреки», «пирожки» деп талғажау ететін қазаққа таңсық астың түп-төркіні кісенанда жатса керек. Әлде қазақ бұлардан да дәмді, бұлардан да құнарлы асты меңзеді ме екен сонда? Осыны ойлағанда: «Неге біз елдің сөзіне үйірсекпіз?» – деп өз-өзіңе сауал тастауға барсың. Көшеде, бұрылыста, дүңгіршекте, үйде барлық жерде «кісенан» сынды қазақы бір атауды тауып айтуға болады ғой бізге, болады-ақ.

Қазақ сөзінің мәйегі біз айтқаннан, біз зерделеп-зерттегеннен еш азаймаса керек. Молығып жатыр. Ал біздің ой сол мол қазынаның бір шетінен біреулеп, бәлкім екеулеп, сіз қосылып үшеулеп болса да елге ұсынсақ деген ізгі мақсаттан туған-ды. Сол себепті, сіз де ойға ой қосыңыз, зейіні ұтқыр, зердесі алғыр, оқырман.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

СІЗ ЖАЗЫЛАСЫЗ...
Баяғда бір қаһарлы хан болыпты. Төңірегіндегі жұрттың, қарамағындағы халықтың бәрі оның ашуынан ығып, айбатынан сескенумен болған деседі. Бірде сол хан қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Жағдайының мүшкілдегені соншалық, еркін жүріп-тұра алмайтын халге түседі. Ауруының оңайлықпен беті қайтпасын білген ол төңірекке ат шаптырып, мықты деген емшілерді  алғызады. Алтынын сапырып, күмісін сыңғырлата-сыңғырлата ұсынса да ешбірі ол сыйдан дәмеленбепті. Себебі, оны жазу енді қолдан келмесін бәрі біледі. Емдей алмағаны үшін бәрі де өлім құрығына түсіпті. Сондай күндердің бірінде хан атағын естіп, ордасына тағы бір емші шалды алдыртады. Шал келе салысымен ханмен тілдеседі. Өзіне барлық болған жайды баяндауын өтінеді. Сөйтеді де оның әр сөзінің ығына жығылып, ден қоя тыңдап, бөлекше ықылас танытады. Бұл кездің өзінде хан әжептәуір сергіп қалған еді. Осыдан соң: 
–    Алдияр, мен айтқан кеңес есіңізде болсын. Күніне ең ақылды, ойға кенен, сөзге жүйрік деген бір адаммен осылай әңгіме-дүкен құрыңыз. Онда да өзіңіз көбірек әсер алатындай өткен-кеткен тарихтағы тамаша сәттеріңізді еске алыңыз. Сосын мына бір қағазды жастығыңыздың астына тығып қойыңыз, еш уақытта ашпаңыз, тек, сауыға бастағанда алып қарауыңызға болады, – дейді де жайына кете барады. 
Көңілі көтеріліп, бір сенім бойына ұялаған хан да оның еміне сеніп, қол астындағы шабармандарына оған әзірге тиспеуді бұйырады. Әрі күнде-күнде сол емшінің айтуы бойынша, елдің сорпа бетіне шығар игі жақсысымен бір уақыт сұхбатта болып, хат тығылған жастықпен «емделе» береді.
Ақыры хан жазылады. Сырқатынан айығып, ненің құдіреті болды екен деп баяғы хатты ашса «Сіз жазыласыз, өйткені «жақсы сөз жарым ырыс» деген. Сіздегі ауру да ешкіммен сұхбатта болмай, өмірлік жақсы сөзден оқшаулануыңыздан болған деп ойлаймын. Ондай болмаған күннің өзінде «Сіз жазыласыз» деген жалғыз-ақ сөздің сізді жазатынына сенген едім», – деп жазылыпты.  

БІЛЕ ЖҰРІҢІЗ!

Құлжаз – арқардың асығы,
Шүкейт – киіктің асығы,
Жабайт – сақа қойылған қой асығы,
Қойлақ – қойдың асығы,
Шүкімейт – жас қозы, жас лақ асығы,
Кеней – ұпайға тігілетін асық,
Топай – бұзау, тайынша асығы,
Ешкімер – ешкі асығы.

Қозыбай Құрман