КЕГЕН АУДАНЫНДА КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ 250 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРДЫ

Уақыты: 14.03.2021
Оқылды: 1252
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Кеген аудандық ауруханасында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы «Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналауды жүргізу туралы» қаулысына сәйкес тиісті жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ауруханаға қарасты емханадан арнайы бөлмелер дайындалды. Оған тепе-теңдік режімін сақтайтын тоңазытқыш, вакцина тасымалдауға арналған 4 дана термоконтейнер алынған. Екпе бөлімі онда келушілер үшін вакцина туралы, COVID-19 ауруының алдын алу шаралары туралы көрнекі құралдармен жабдықталған.

Ғимараттың кіреберісінде келген адамдардың дене қызулары тексеріледі. Психолог маман жұмыс істейді. Арнайы дәрігер қабылдау жасайды. Қан қысымы өлшенеді. Екпе алушыларға екпеден кейін болатын жағдайлар түсіндіріледі.

Қазіргі таңға дейін екі егу бөлмесі, он бақылау төсегі дайындалып қойған. Егу бөлмесі толықтай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Медицина қызметкерлері екпе алуға келуші адамдарға вакцинаның екі бөліктен тұратындығы, оның аралығы үш апта болатындығы туралы түсіндірме парақшаларын беруде.

Қазіргі таңда екпе жұмысы дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне жүргізіліп жатыр. Коронавирустық инфекцияға қарсы екпе егу мақсатында 302 адам дәрігер қабылдауында болды. 250 адамға "Гам-Ковид-Вак" вакцинасы егіліп, 52 адам денсаулығына байланысты уақытша шеттетілді. Екпе жасалған медицина қызметкерлерінің арасында ешқандай асқынулар болған жоқ. Бәрінің жағдайы қалыпты.

Жалпы, екпе алған жандар дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған. Олар 21 күннен кейін екінші кезеңдік екпе алуға шақырылады.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан