АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ

Уақыты: 26.03.2021
Оқылды: 662
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Наурыз мерекесі күндерінде енгізілген локдаунға қарамастан Алматы облысындағы эпидемиологиялық жағдай күрделене түскен. Коронавируспен ауырғандар саны екі есеге артып, бір тәулікте 104 жағдай тіркеліп отыр. Оның ішінде, 52 жүкті әйел коронавируспен ауырып жатыр. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аймақтағы эпидахуал жайлы «JETISY MEDIA» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов мәлім етті.

- Соңғы аптада 380 жағдай тіркеліп, аурудың қарқыны өсуде. Ауруханаларда коронавирус инфекциясымен ем алып жатқандардың саны көбейген. Мәселен, қаңтар, ақпан айларында 20-30 адам ауруханаға түссе, соңғы аптада күніне 100-ге жуық науқас түсуде. Одан бөлек, 52 жүкті әйел осы індетпен ауырып жатыр. Ауруханаларда стационарлық емдеуде 1053 адам (56%), реанимацияда 25 науқас жатыр. Медициналық мекемелер жанынан құрылған 391 мобильді бригада пациенттерге амбулаториялық көмекті үйде көрсетуде. «Жедел жәрдем» шақыртулары 2 000-нан 2 500-ге дейін артты. Бұл 2020 жылдың шілде айында болған шақыртулармен бірдей. Аурудың өршуіне 8 наурыз мерекесінде тұрғындардың шектеу шараларын сақтамауы себеп, – деді Батыржан Құлаймергенұлы.

Індеттің ең көп таралу жағдайы Алматы қаласы маңындағы Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай аудандарында және Талдықорған, Текелі қалалары, Көксу, Панфилов аудандарында тіркелуде.

Аурудың таралуына басқосулар, адамдардың бетпердесіз жүруі себеп болуда. Инфекцияның таралу қарқынын төмендетудің жалғыз тәсілі, ол – карантиндік шараларды күшейту, демалыс күндері локдаун енгізу, қоғамдық орындардың жұмысын қысқарту және вакцина қабылдау.

Облыста карантиндік шараларды сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда. Карантиндік шектеуді бұзу жағдайлары да тіркелуде. Мәселен, 23 наурыз күні Талдықорған қаласындағы  мониторингтік топ «Ханшайым», «Гаухар тас», «Алтын ғасыр» сияқты 6 мейрамханада өткізіліп жатқан құдалық, үйлену тойларын анықтаған.

Брифинг барысында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков эпидемиологиялық ахуалды кеңінен баяндады. Бас дәрігердің мәліметінше, облысымызда коронавирус инфекциясы басталған кезден бастап, індетке шалдыққандар саны 12 666 адамды құраған, 10 758 адам емделіп шыққан. Қазіргі таңда 870 науқас дәрігерлер бақылауында. Оның ішінде, 325 адам инфекциялық бөлімде, 545 адам үй жағдайында ем қабылдап жатыр.

Ағымдағы жылдың 25 наурызында облыста індеттің 104 жағдайы тіркеліп, коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі тәулігіне 0,9 пайызды құраған. Инфекциялық стационарлар жүктемесінің ұлғаюына байланысты төсек саны 1370-тен 1855-ке дейін, реанимациялық төсек саны 124-тен 145-ке дейін ұлғайтылған. Қажет болған жағдайда 5280 төсек-орын орналастырылады.

Облыста індетке қарсы вакцинация егу үшін 46 егу кабинеті ұйымдастырылған. Облысқа жеткізілген  вакцина санын ескере отырып, 30 егу кабинеті іске қосылған. Қажет болған жағдайда 12 жылжымалы бригада жұмылдырылады. Медициналық ұйымдарда 58 мұздатқыш және 117 белсенді термоконтейнер бар. Вакциналар облыстық қан орталығының мұздатқыш камерасында сақталады.

Қазіргі таңда облысқа вакцинаның 14 850 дозасы жеткізілген. Ай сайын вакцинаның 66 000 дозасы жеткізіліп тұрады. Жалпы, биыл облысқа вакцинаның 150 мың дозасын жеткізу жоспарланған.

Алғашқы жеткізілген вакцина 1450 адамға салынып,  бірінші вакцинацияның курсы толық аяқталған. Ал облысқа екінші реет жеткізілген 9900 дана вакцинадан 9783 адамға екпе салынған. Яғни, екпемен қамту  98,8 пайызды құрап отыр.

Коронавируспен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге, оның ішінде, екінші толқынға дайындыққа 8,8 млрд.теңге бағытталған. Медициналық ұйымдарда 17 компьютерлік томограф, 53 рентген аппараты, 534 ӨЖЖ (өкпені жасанды желдету аппараты) бар. Облыстағы 17 аурухана оттегі станцияларымен қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 818,2 млн.теңге бөлінген. Сондай-ақ, оттегі концентраттарының саны 1350 данаға дейін жеткізілді.

Коронавирустық пневмонияны ерте кезеңде анықтау үшін жаңа цифрлық жүйе енгізілді. Облыс ауруханаларында жеке қорғану құралдары мен дәрілік заттардың екі айлық қоры бар. Барлығы 10 зертханажұмысістейді. Онда тәулігіне 6 мыңнан аса  зертханалық зерттеулер жүргізіледі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев те сөз алып, індеттің алдын алуда жаңа Қаулы қабылданғанын жеткізді. Ол бойынша қоғамдық тамақтандыру, сауда орындары мен кинотеатрлардың жұмысын уақытша тоқтату, мекемелер қызметкерлерінің 70-80 пайызын онлайн режимде жұмыс істеуге көшіру, мектепте 1-5 сыныптар бойынша кезекші сыныптар ғана қалдыру, сенбі, жексенбі күндері алаңдар мен мекемелерге дизенфекция жүргізу қарастырылуда.

Баспасөз мәслихаты соңында баяндамашылар журналистер қойған бірқатар сауалдарға да жауап беріп, көпшілікті қарапайым сақтық ережерлерін ұстанып, індеттің өршуіне жол бермеуге шақырды.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы