БЕКЗАТТЫ ЕСКЕ АЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ЖЕТІСУЛЫҚ ЖІГІТ ТОП ЖАРДЫ

Уақыты: 06.11.2022
Оқылды: 1369

Ата-ана үшін перзентінің қандай да бір жетістікке жеткені үлкен мәртебе. Жақында Түркістан қаласында өткен Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі XIХ халықаралық турнирде 80 келі салмақта жерлесіміз Сұлтан Шамша топ жарып, спорт шебері атанды.

Талдықорған политехникалық колледжінің студенті Сұлтан Шамша бала күнінен бокспен айналысады. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері көл-көсір. Десе де, өзінің сүйікті боксшысы Бекзат Саттархановтың турнирінде топ жару бала арманы болатын. Міне, сол мақсатқа да қол жеткізді.

Бұл биік – оның табанды жаттығуы мен үлкен еңбегінің нәтижесі. Сұлтанның бойындағы еңбекқорлық пен табандылық әкесі Берікбай Нұржанов дарыған. Чемпион бізге берген сұқбатында жеңіске жетуінің басты себебі әке берген тәрбиенің арқасы екендігін мақтанышпен жеткізді. Бала арманыңа қанат бітірген әкесі ұлының үлкен додаларда ел намысын қорғарына сенеді.

Сұлтанның жаттықтырушысы Ертарғын Түйтеков әркез тәрбиеленушілеріне бұл спорт түрі табанды еңбек пен ыждаһаттылықты қажет ететінін ескертіп отырады. «Бокс – соққы мен жаттығу элементтері ғана емес, ол – бүтін бір философия. Ол жүректен орын алған уақытта ғана спортшы биік шыңды бағындырады. Сұлтан мұны өзінің жеңісі арқылы дәлелдеді», - дейді жаттықтырушысы. Ол бокспен көптен бері айналысып келеді. Бүгінге дейін қанатының астынан талай мықты спортшылар шыққан.

Сөз соңында бір қызық жайтты айта кетейік. Сұлтан өмірге келгенде әкесінің досы Мақсат Басшыбаев баласының түбі үлкен боксшы болатынын болжаған. Берікбай Нұржанов досының сөзін жерге қалдырмай, боксқа береді. Міне, бүгінде нәтижесін көріп отырсыздар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"