Руслан Әбдіразақов «Жетісу барысы» атанды

Уақыты: 14.05.2023
Оқылды: 1145

Талдықорған қаласы «Жастар» спорт сарайында қазақ күресінен Астана күніне орайластырылған «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу облыстық «Жетісу барысы» турнирі жалауын желбіретті.

Білекті де жүректі балуандардың бәсекесіне облыстың әр ауданынан іріктеліп өткен 18 балуан қатысты. Жарыстың  ашылу салтанатында облыстық ардагерлер кеңесінің төр- ағасы Ермек Келемсейіт, «Қазақстан барысының» тұңғыш жеңімпазы, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, халықаралық дәрежедегі төреші, жарыстың бас төрешісі Ерлан Иманғалиев құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға табыс тіледі. Бозкілемге аяқ басқан балуандар жеребе тартып, өз қарсыластарын анықтады. Қазақтың дәстүрі салтанат құрған бүгінгі бәсекеде өзінің ерекшелігімен жанкүйерлерін қуантып отырды. Бап пен бақ таразыға тартылғалы тұрған балуандарға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ақ батасын арнап, сәттілік тіледі.

 

Жарыстың алғашқы белдесуі Сарқан ауданының өкілі Темірлан Қайролла мен алакөлдік Ернар Қабдолдаев арасында өтті. Тартысты өткен белдесудің соңғы секундтарында Ернар таза жеңіске жетті. Бозкілемге екінші жұп болып шыққан сарқандық  Дәулет Әкім мен көксулық Ерсайын Нияздың белдесуі бар болғаны 18 секундта Нияздың пайдасына шешілді. 
Қазақ күресінің жанкүйерлері үшін бірқатар мәліметті тілге тиек етейік. Бүгінгі додаға халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері, қазақ күресінен Әлем чемпионатының 2019 жылғы жеңімпазы, бірнеше рет «Қазақстан Барысының» жүлдегері болған Руслан Әбдіразақов, әр жылдары «Жетісу бөрісі» атанған Жәнібек Дүйсенбинов пен Ернар Қабдолдаев, сондай-ақ, республика көлемінде есімдері кеңінен танымал Жігер Сәкен- ұлы сияқты тәжірибелі балуандар бақ сынады.
Өткен жылғы іріктеу жарыста Алакөл ауданының балуаны Мәди Еділбаев ақтық кездесуде қапшағайлық Мәди Сапинді айқын басымдықпен жеңіп, «Жетісу барысы» атанып, «Лада Гранта» автокөлігін иеленген еді. Жыл сайын бабына бап қосып келе жатқан талантты балуан Мәди Еділбаев биыл «Алматы облысының барысы» атанды. Естеріңізге сала кетейік, биылғы бәсеке Жетісу облысы болғалы бірінші рет шымылдығын түріп отыр.
Сонымен жартылай финалға дейін балуандар бозкілемнің үстінде шелектеп тер төкті. Нағыз мықтылар қарсыласын ұтып, алға қарай жылжыды. Кездесудің басынан-ақ жанкүйерлер 5 балуанды фаворит деп санаған болатын. Міне, айтқандары дәл келіп, жартылай финалға есімдері елге танымал балуандар жолдама алды.
Жартылай финалдың алғашқы белдесуі алакөлдік Ернар Қабдолдаев пен талдықорғандық Руслан Әбдіразақовтың арасында өтті.  Екі балуан да өте тәжірибелі, талай  ірі жарыстарға қатысып ысылған саңлақтар. Көрерменнің де делебесін қоздырған осы жекпе-жек болды. Екеуі де барын салып, бір-бірінің осал тұсын табуға тырысты. Бір-бірін жақсы зерттеген сыралғы қарсыластар жеңісті оңай беріп қоймады. Сонымен, салмағы сәл кіші болса да айласы артық, әдісі жылдам Руслан Әбдіразақов 2 минут 45 секундта қарсыласын таза әдіске тастады. Осылайша талдықорғандық балуан Руслан финалға өтті. Жартылай финалдың екінші жұбы алакөлдік Жігер Сәкенұлы мен көксулық Нияз Ерсайынның жолы түйісті. 
Негізгі уақытта балуандар бір-біріне дес бермей  тең аяқталды. Екеуі де оңай шағылатын жаңғақ емес, қателікке бой алдырмады. Ақыры финалдың жолдамасын қоян-қолтық белдесуде анықтады. Өзіне сенімді болған Жігер қарсыласына қарсы әдіс қолданып, жеңіске жетті. Осылайша бірінші топтан қара үзіп шыққан Русланға қарсылас атанды. Ал 3-орын үшін күресте алакөлдік Ернар Қабдолдаев пен көксулық Нияз Ерсайынның арасындағы текетірес нағыз қызыққа толы болды. Құдды бір финалда белдесіп жатқандай бар күшін салды. Осындай қызу тартыста ұпай еншілеген Нияз жеңіске жетіп, қола жүлдеге ие болды. Бұл екі балуанның өзара төртінші кездесуі. Ал финалдық бәсеке көпке созылмады. 1 минут 7 секундта қарсыласы Жігер Сәкенұлын таза жеңген Руслан Әбдіразақов «Жетісу барысы» атанды.
Жеңіске жеткен Руслан Әбдіразақов пен күміс жүлдегер Жігер Сәкенұлы Астана төрінде өтетін республикалық турнирде Жетісу облысының намысын қорғайды. 
Жарыстың соңында жеңімпаздарды марапатталды. Ең бірінші «Көрермендер көзайымы» арнайы жүлдесі алакөлдік балуан Ернар Қабдолдаевқа, «Жеңіске деген жігерлігі үшін»  жүлдесі ескелділік Ернар Мұратхановқа 250 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.  Турнирдің қола жүлдегері Нияз Ерсайын қола белбеу және 500 мың теңгеге, ал 2-орын  алған Жігер Сәкенұлы күміс белбеу мен 1 млн. теңгеге ие болды.
Сонымен биылғы «Жетісу барысы» атағын жеңіп алған талдықорғандық Руслан Әбдіразақовқа облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт пен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл Алтын белбеу  және 7 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. «Жетісу барысы» турнирінің жоғары деңгейде өтуіне облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен бұқаралық іс-шараларды өткізу жөніндегі орталықтың ұжымы мұрындық болды.

Мейрам ЖАНӘДІЛОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Суреттерді түсірген Руслан ҚАДЫРОВ